Kyzylorda-news.kz Дана халқымыз «Қыз-өрісің» деген тәмсіл сөзді бекер айтпаса керек-ті. Қыз бала бойжеткен соң ақ босаға аттап, бір үйдің түтінін түзу түтететін келінге айналады. Кешегі Домалақ аналардың көзіндей, Зере мен Ұлжанның өзіндей қазақ әйелдерінің асыл бейнесі әлі де жойылған жоқ. Олардың бойындағы асыл қасиетті кейінгі буынға ұлағат ету парыз. 

Осындай мақсатпен Шиелі ауданының қоғамдық даму бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Қызылорда облысының жастар Одақтары» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жергілікті әйелдер кеңестері жұмысын дамыту және отбасы мен неке құндылықтарын насихаттау бағытында шараларды ұйымдастыру қызметі» әлеуметтік жобасы аясында «Арман» мәдениет үйінде «Пай, пай қазақтың келіндері-ай!» атты Шиелі аудандық келіндер байқауы өтті. 

Іс-шараның шымылдығын Шиелі аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Шахизатұлы ашып берді. 

– Қазақ келіні қай кезден де отбасының ынтымағын келтіріп, татулығын бекемдей білген. Байқаудың мақсаты да қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын берік ұстанып, келіндердің ізеттілігін, инабаттылығын, отбасы құндылықтарын насихаттау, – деді ол. 

Аталған сайыста отбасының көркін келтіріп, жан-жақтылығымен танылып жүрген ақылына көркі сай, он саусағынан өнер тамған он екі келін қатысып, өзара сынға түсті. Байқау шарты бойынша әр үйдің үлгілі келіндері алдымен, өздерінің шыққан тегі мен түскен шаңырағынан мағлұмат беріп таныстырды. Ұлттық киімде ерекше мән берілді. Келесі «Өнерлі келін – сүйкімді» кезеңде қатысушылар ән салып, би билеп, қойылым қойып, өздерінің қолынан шыққан ұлттық нақыштағы бұйымдарын ұсынды. Үй шаруасын ұршыққа иіріп қана қоймай, саналы ұрпақ тәрбиелеп отырған келіндер өз өнерлерін барынша ортаға салып, көпшіліктің көңілінен шыға білді. «Ойлы болсаң, озып көр» аталған үшінші бөлімде келіндер салт-дәстүрге қатысты сұрақтарға асқан шеберлікпен мүдірмей жауап берді. Байқаудың соңғы бөлімінде сайыскерлер талайды тамсантуға тырысып бақты. Яғни әкелген ұлттық тағамдарының жасалу жолдарын айтты. Осылайша, жан-жақты дайындығымен келген келіндер байқауда өздерінің ерекшеліктерімен танылып, көптің ризашылығына бөленді. Өнегеге толы сайысқа Бәйтерек ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлмекен Назарбекова, Шиелі аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы, ауданның «Құрметті азаматы» Найлә Палымбетова, Шиелі аудандық орталықтандырылған кітапхана басшысы Гүлдана Жақыпова мен «Ziyatker school» ЖШС мектебінің директоры Шахархан Бектұрғанқызы әділ бағасын берді.

Осылайша, қазақ келінінің ақылы мен парасаты сынға түскен байқау да өз мәресіне жетті. Қазылар алқасы үшін «мыңнан тұлпар, жүзден жүйріктерді» анықтаудың қиын болған рас. Соның нәтижесінде «Үлгілі келін» номинациясы бойынша Назгүл Кәрісбекова, «Инабатты келін» номинациясында Жазира Ибрагимова, ал «Аспазшы келін» Гүлзира Асқарова болса, «Ибалы келін» номинациясына Динара Жұмабек, «Өнегелі келін» деген атауға Жанат Ахетова иеленсе, «Өнерлі келін» номинациясына Мира Жаханова лайықты деп саналды.

Дүбірлі додада бас жүлдені Жиделіарық ауылынан келген Лаура Қалиқызы жеңіп алса, бірінші орынды Сағыныш Қайратқызы қанжығалады. Ал екінші орынды еңбекшілік Гүлжайна Баймұратова және Әйгерім Әлмахан алса, үшінші орын Гүлназ Назарбаева мен Алмагүл Нұрабаеваға бұйырды.

Тағы да оқыңыз: