Kyzylorda-news.kz. «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалының ұйымдастыруымен, Шиелі аудандық білім бөлімі, аудандық спорт және туризм бөлімдерімен бірге Көкшоқы спорт кешенінде «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында балаларға арналған «Тең мүмкіндіктер» атты облыстық инклюзиялық спорт фестиваліне аудандық іріктеу жарысы өтті.

Іс-шараның ашылуында “AMANAT” партиясы Шиелі аудандық филиалының төрағасы Болат Сыздық, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Марат Ақпанбетов сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі. 

Сайысқа 16 командадан 48 бала тартысты ойын көрсетті. Жарыста 3-5 сыныптар аралығында 9 команда, 6-8 сыныптар аралығында 7 команда бақ сынасып, шын мықтыны анықтады.

Балалар сайыстың берілген ережесі бойынша эстафета және жеңіл атлетика түрінен жарысты. Сайыс нәтижесі бойынша жеңімпаздар мен қатысушылар арнайы диплом, кубок және медальмен марапатталып, бағалы сыйлықтар алды.

Фестивальдің қорытынды марапаттау шарасына Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Болат Ысмағұлов қатысып, барлық қатысушы балаларға алғысын білдіріп, жеңімпаз командаларды марапаттады. 

Айта кетейік, әр сайыс бойынша І орын алған командалар «Тең мүмкіндіктер» атты облыстық инклюзиялық спорт фестиваліне жолдама алды.

Тағы да оқыңыз: