Kyzylorda-news.kz 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай, аудандық мәдениет үйінде салатанатты шара өтті. Онда аудандағы бір топ мемлекеттік қызметшілер мен сала ардагерлері марпатталды. Мемлекеттік салада абыройлы еңбек еткендерді Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов салтанатты түрде кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Бұл кәсіби мерекенің басты мақсаты – мемлекеттік қызметтің маңыздылығы мен қажеттілігін халыққа жеткізіп, мемлекеттік сектордың басқару әлеуетін күшейту және мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру болып табылады. 

– Бүгінгі мереке – мемлекеттік қызметте жүрген барша азаматқа ортақ. Әрине, бұл саланың қиындығы да, жауапкершілігі де мол. Соған қарамастан, біздің басты міндетіміз – ауданның дамуына өз үлесімізді қосу. Себебі, мемлекеттік қызметші дегеніміз – ел тірегі. Сондықтан біз қандай да бір шешім қабылдағанда оның арғы жағында мыңдаған адам тағдыры тұрғанын түсінуіміз қажет. Бұл – үлкен жауапкершілік және бізге артылып отырған сенім. Сондықтан мемлекеттік қызметте шыншыл адамдар жұмыс істеуі қажет. Сіз бен біз таза ниетті болсақ, қоғам да таза болады, – деді Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Б.Ысмағұлов.

Халқына қызмет етуде білімі мен тәжірибесіне сүйенген, адалдықты ту ететін таза жүректі, ар-намысты мінсіз азаматтар ғана мемлекеттік қызметші деген атқа лайықты. Сондықтан әрбір ұжымда ұтқырлық пен дара шыққан бірқатар мемлекеттік қызметші өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері үшін марапатқа ие болды. Атап айтар болсақ, мемлекеттік қызмет саласының ардагері А.Нұртаев, Н.Беркімбаев, түрлі бөлімнің білікті мамандары М.Мұсабаев, А.Батаев, Г.Назарбаева, М.Әбжаппар, К.Пірімбетов, Ғ.Ерғазина, Ж.Данабеков облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ «Қызмет» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызметкөрсету қызметкерлерінің Салалық кәсіподағының марапатын Сұлутөбе ауылдық округінің әкімі Қ.Маматов пен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жұмыспен қамту және әкімшілік секторының меңгерушісі А.Қожаева иеленді. Ал ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысының Алғыс хаты зейнеткер Р.Қосжанова, Ш.Жұманова, А.Мыхановаға бұйырды. Салтанатты шарада ауданның оң имиджін қалыптастырып, нәтижелі жұмыс істеген 12 мемлекеттік қызметші аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. 

Шара соңында Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Б.Смағұлов Тәуелсіз еліміздің өркендеу жолында еңбек етіп жатқан барлық қызметкерлерге алғысын білдіріп, жұмысына сәттілік тіледі.

Тағы да оқыңыз: