Kyzylorda-news.kz Кинотеатрда, супермаркетте сатылатын попкорнның дәмі ерекше екенін білеміз. Ал Шиеліде дәл осы попкорн өнімі бар ма? Әрине, бұл сауалға жауап іздедік. Таптық. Ендеше оқырман, мақаламызды соңына дейін оқыңыз. 

Журналистік әдетке басып, ерекше кейіпкерлерді іздеуге тырыстық. Шиелі аудан орталығындағы «Арзан» супермаркетіне жол түсті. Дереу есікті ашып кіргенде, дәл алдынғы қатарда попкорн сатып тұрған апаны көрдік. Жанына жақындай берген едік, күлімсіреп қарады. Содан тез тіл табысып, әңгіменің әлқиссассын былай бастады.  

– Осыдан 5 жыл бұрын ұлым Сұлтан Әбдірашидов бастаған кәсіп нәсібімізге жарап тұр. Білесіздер, кәсіптің үлкен-кішісі жоқ. Мен өзім зейнеткерлікке шықсам да, әрдайым балаларыма қолдау білдіремін. Бұл бизнесті бастаған кезімізде жан-жақты ақылдастық. Бір мезетте ұлдарым Сұлтан мен Дәулет маған қарап: Анашым, бүгінде  баланың көбісі «чипсы», «кириешки» сынды қытырлықтарды алады. Оның орнына неге попкорн шығармасқа?! Есіңізде ме? Бала күнімізде сіз даладағы қара қазанға жүгеріні салып, бадынақ етіп беретінсіз. Сол кезде бәріміз таласып-тармасып жейтін едік қой. Сондықтанбалалар қызығып жейтін попкорн өнімін шығарайық– деп ұсыныс білдірді. 

Әрмен қарай Сұлтан іске көшіп «Атамекен» кәсіпкерлер палатасындағы кәсіпкерлікке оқыту курсына қатысады. Одан 505 мың қайтарымсыз грант ұтып алып, тәуекелге бел буып кәсібін бастайды. 2019 жылы Атырау қаласынан попкорн дайындауға арналған құрылғы сатып алады. Міне, соның нәтижесінде бүгінде халықтың ризашылығын алып отыр. Тек кент ғана емес, Бәйгеқұм, Жөлек, Алмалы, Тартоғай, Алғабас, Бестам сынды ауыл тұрғындарына попкорн өнімі жөнелтіледі екен. 

Айта кетейік, қаптамаға салынған попкорн 1 ай сақталады. Үлкен өндірістік құрылғыда дайындалғандықтан, жүгері толық жарылып, ішінде түйірі қалмайды. Данасы – 300 теңгеден. Ал бір күнде 70-80 дана попкорн шығарылады.

Отбасылық кәсіпті бастаған әулеттің ұстанымы – еңбек етемін деген адамға мүмкіндік көп. Тек жалқаулық пен енжарлықты жеңу керек. Сондай-ақ алдағы уақытта өз өнімдерінің санын ұлғайтып, кәсібін кеңейткісі келеді екен. 

Тағы да оқыңыз: