Kyzylorda-news.kz. Шіркін, өмір деген қызық қой. Қас пен көздің арасында жастық шағыңды зу етіп көз алдыңнан әкетіп, оның орнына әп-әсем ажарыңда қатпар-қатпар әжімдерді саялатады. Мәңгі жасағым келеді деп қиялдағаныңмен, сұм ажалдан қаша аламайсың. Бұл – адамзат үшін дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Ол тек бір құдірет күші – Аллаға ғана мә­лім тылсым сыр. Алайда халқыңа сүйікті, қадірлі әрі адал қызмет істеп, ұлт болашағы үшін өмір сүрген ерекше азаматтың аяқ астынан ажал құшуы кімді де болса өкіндірмей қоймайды. Қазақ руханиятының көрнекті тұлғасы, ақын, қарымды журналист халқымыздың абзал азаматы Сәрсенбек Жұмабековтың есімі мәңгі ел жадында қалары сөзсіз. Биыл ақынның туғанына 85 жыл толып отыр. Осыған орай, жақында Шиелідегі «Арман» мәдениет үйінде Сәрсенбек Жұмабековтың және Ортақшыл ауылының жергілікті ақындары Шаймахан Өтеев, Қалжан Қалтаев, Әлібек Қалдыбаевтардың өлеңдері жинақталған «Туған жер, туған ауыл-аяулы өлең» атты жыр жинағы мен «Ортақшыл-құт мекенім» кітабының тұсаукесері болып өтті.

Іс-шараның барысын Шиеліге қарасты Ортақшыл ауылының ардақты ардагер-ұстазы Базарбек Бақымұлы мен Шиелі аудандық мәслихат төрағасы Айтбай Жандарбеков ашып берді. Рухани кеште №270 Ғафур Мұхамеджанов атындағы мектеп оқушылары ақынның шығармашылығынан өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ кітаптардың жарыққа шығуына демеушілік жасаған Ортақшыл ауылының азаматтары Серікбай Мусалдаев пен Бекмағанбет Пірімбетовке сөз кезегі алынып, көпшілікке жылы лебіздерімен бөлісті. Аталған кітаптардың құрастырушылардың қатарында Болат Сейілханов пен Оралбек Пернебайұлы да бар. 

– Адамның ұлы қасиеті ұйымшылдығы мен қоғамшылдығында. Ортақшыл ауылының ақындарынан осы асыл қасиеттер байқалады. Бөліп жарып айтуға болмайды, әрқайсысының жазу стильдері өздерінше ерекше. Жастарға айтар ақыл-кеңесі мен тәжірибесі, өсиет-насихатын, ғибрат алатын үлгі өнегелі сөздерді айыра білуге талаптандырды. Өздерінің туып-өскен ата мекені, кіндік кескен жерінің қысбат ыстық екендігін жырларына арқау етті. Өйткені әр халықтың өмір сүруі, өсіп-өркендеуі, бақыты мен байлығы – сайып келгенде туған жеріне, табиғатына байланысты, – деді олар.

Шара соңында Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил мен Сейтхан Тұрысбеков қос кітаптың лентасын қиып, ақ батасын берді. Жыр гүлзарының бағбаны атанып кеткен С.Жұмабаев өмірі мен шығармашылығы туралы бейнеролик көрсетіліп залда отырған көрермендерді бір толғандырды. Сонымен қатар «Арман» мәдениет үйінің үйірме жетекшілері де шараға атсалысып, патриоттық әндер орындады. 

Сәрсенбек Жұмабеков жайлы онымен етене араласқан, ниеттес, қамқорлығын көрген, ағайын-туыс, әріптес үлкенді-кішілі замандастары біледі. Ендеше діттеген тақырыпқа ойысып замандастар естеліктерінен үзік-үзік тарқатып көрейік. 

Оразбек Сәрсенбаев, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері: 

– Сәрсенбек Жұмабеков 1939 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданына қарасты «Ортақшыл» колхозында шаруа отбасында дүниеге келеді. 1957 жылы осы аудан орталығындағы Октярбьдің XIV жылдығы атындағы қазақ орта мектебін тәмамдап, бір жыл өз әкесінің қарауында көмекші шопан болып жұмыс істейді. Ал 1958 жылы ол Алматыға келіп, қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Университетті бітіріп, 1963 жылы туған жеріне қайта оралып, Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетіне қызметке орналасады. Осы газетте әуелі ауыл шаруашылық бөлімінің меңгерушісі, кейін жауапты хатшы қызметтерін атқарады. Отбасын құрады. Ал 1966 жылдың тамыз айында оқыстан болған автомобиль қақтығысында жиырма жеті жастағы жас журналист, талантты ақын Сәрсенбек Жұмабеков мезгілсіз дүние салды. Бес-он жолдық анкета қағазына сыйып кететін қысқа өмір. 

Бірақ, осы аз ғана тірлігінде Сәрсенбек едәуір еңбек етті, ыстық-суығы мол шығармашылық күндер кешті. Оның артында 3 мың жолдай алуан түрлі жыр қалды. Марқұмның көзі тірісінде «Лениншіл жаста», «Жұлдызда» жергілікті газеттерде ондаған өлеңдері жарияланып, жыр құмар жас қауымды елең еткізген тұстары бар. «Жас дәурен» жинағына төрт-бес өлеңі кіріп, бәйгеге де қосылған. Алпысыншы жылдардың басында жаңбырдан соңғы көгерістей дүркіреп шыққан бір топ үміткер жас буын ақындардың ішінде Сәрсенбек Жұмбеков те болды. Біздер, онымен бірге оқып, тай-құлындай тебісіп қатар өскен құрбылары, Сәрсенбектің келешегінен үлкен үміт етуші едік.

Жиен інісі Башар: 

Сәрсенбек ағамыз қара қасы қосылғандай, қалың бұйра шашты, қыр мұрынды, көзі ойлы мейірімді кісі еді. Ол студент кезінде Ә.Кекілбаев, Ж. Нәжімединов және жерлесі О.Сәрсенбаевтармен қатар оқып жасы араласты. Екінші курс оқып жүрген кезінде Ә.Кекілбаев екеуі ауылға жаяу келе жатқанда Алпысбай ағам атпен «Жансейіт» тұсында күтіп алып ауылға алып келді. Олар кешке «Садыбайда» құм төбесінде таңға дейін от жағып отырып қазақ әдебиеттерінің сол кездегі майталмандарының шығармалары мен өмірлері туралы көптеген әңгімелер айтты. Біз інісі Айдарбек екеуміз отқа шырпы сындырып, дайындап беріп жүрдік. Сол қызық әңгімелерін біресе естіп, біресе ести алмай қаламыз. Ағамыз құранды керемет оқитын еді. Ортақшыл ауылының ақыны, партия қызметкері Дүйсенбі Смайылов пен жақсы араласып, сыйласып кетті. Жас болса да, өмірден түйгені көп еді. 

Болат Пернебайұлы, ҚР Білім беру ісінің үздігі, ақынның інісі: 

С.Жұмабеков мектеп партасында жүрген кезден көркем әдебиетке, журналистка саласына зор ықыласпен ден қояды. Қабырға газеттерінде өлеңдері жиі жарық көріп, мектепішілік іс-шараларды ұйымдастыруда өзіндік қабілетімен танылған. 1957 жылдан бастап аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда оның өлеңдері, очерктері мен публицистикалық мақалалары жарық көре бастаған. 

Университетті бітіру үшін жазылған диплом жұмысына ғылыми жетекшілік еткен М.Мәдиев бұл жұмысты жоғары бағалап, «Жұлдыз» журналына жариялауға ұсынса, пікір айтушы Ж.Сәтібеков «Жұмабековтің тілі шұрайлы, ол болашақ журналист үшін үлкен өріс қой!» деп, жас журналистің келешегіне зор үмітпен қараған. 

Серікбай Мусалдаев: 

Сәрсенбек Жұмабековтың өлеңін 9-сынып оқып жүргенде әдебиет кабинетінде қабырға газетінен алғаш рет оқыдық. Ол өлеңі «Саятта» еді:        Нарқамысы, Қараойдың жиегі,

         Айдынға үкісін иеді. 

         Батқан күн қызартып тұрған бұлт, 

         Көлдің көк бетіне жүр қалғып. 

         Тайызда шалауда бүркеніп, 

         Көкқұтан суға үнсіз тұр төніп. 

         Қаптаған қаз, үйрек-қасқалдақ,

         Кейі ұшып кетеді аспандап. 

Ауыл сыртындағы «Қарой» көлін керемет сипаттап, көз алдымызға алып келген қандай ақын екен деп таң қалып, әдебиет пәні мұғалімі Сарай Ташымбетова апайымыздан сұрағанымызда С.Жұмабековтың «Ортақшыл» ауылының тумасы екенін жастай дүниеден озғанын жеткізді. Кез келген ақын өзінің туған жерге деген махаббатын өлеңмен жеткізуге тырысқан. Сондай сезім Сәрсенбек ағамыздың өлеңінде де байқалады. «Ортақшылды» елжірей құлай сүйіп, ыстық ықыласпен, таза пейілмен, нәзік сезіммен жырға қосты. 

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Б.Пернебайұлының: «Артында жасампаз жырлары қалған ақын С.Жұмабековтің өмірдерегін толықтыру, өлеңдері мен қолжазба дүниелерін зерттеп, жарыққа шығару – кейінгілерге керек іс, одан аларымыз да ұтарымыз да мол», – дегендей Сәрсенбек Жұмабеков нағыз елдің патриоты, ұлт мақтанышы әрі халқымыздың ірі тұлғасы болып тарихтың бетінде, ұрпақ жүрегінде мәңгі сала бермек. Сонымен жұлдыздай ағып өткен жасын ғұмырлы ақынның рухын ардақтап, атын аспандатқан бұл сәт те көпшіліктің көкейінде мәңгілікке сақталып қалды.

Тағы да оқыңыз: