Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Қай қоғамда да ұстаз құрметті орындардың төрінен табылады. Осындай құрметті мамандықтың иесі болып, ұлағатты ұстазға тән үлгі көрсеткен, талай шәкірттердің жүрегінен орын алып, тәлімді тәрбие берген Шиелідегі ардақты ұстаздарды құрметпен зейнеткерлік демалысына шығарып салу шарасы өтті. 

Шиелі ауданы бойынша білім бөліміне қарасты №47 М.В.Ломоносов атындағы мектеп-лицейінде 2024 жылдың 17 мамыр күні “Ұстаздықтың биігін бағындырып” тақырыбында білім беру ісіне 40 жылдан астам еңбегін сіңірген, құрметті ұстаз, қадірлі де асыл ана, бүгінде зейнеткерлік жасқа жетіп отырған Алша Қалмұратова, Фарида Абдраманова, Алтынай Ордабаева, Фатима Снабаева сынды ұстаздардың өмір жолына арналған салтанатты кеш болып өтті. 

Мерейлі мерей тойға ортақтаса, қуанышты сәтінің куәсі болып Шиелі ауданы бойынша білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Марат Асанханұлы, білім қызметкерлері кәсіподағы Шиелі аудандық комитетінің төрайымы Гүлбану Рантайқызы, туған-туыс ағайындары, сонымен қатар әріптес ұстаздары және түлектері жиналып, жүрек жарды ақ тілектерін ақтарды. 

Шара барысында ұлағатты ұстаздардың еңбек жолын бастағаннан зейнет жасына дейінгі барлық жетістіктері айтылды. 

Ұрпақтар сабақтастығын жалғаған әр жылғы ұстаздың шәкірттері сый-сияпат көрсетіп, ән мен жырдан шашу шашты.

Барлық құрмет пен сыйға лайықты ұлағатты білікті ұстаздардың білім саласын өркендету жолындағы қосқан үлестері мен шәкірт тәрбиелеудегі ерен еңбектері үшін алғыс айтылып, құрмет көрсетілді. Ұстаз мерейі беделімен өлшенеді. Ал беделдің өлшемі қашан да биік екені рас.

Тағы да оқыңыз: