Kyzylorda-news.kz Қазақ халқы әлімсақтан бері итті дос санап келеді. Азығын сайлап, қаруын байлап аңға шыққанда қасына бірге ертіп, күні-түні үй күзетін сеніп тапсыратын итті кие тұтқан. Жеті қазынаның бірі болған ит ежелден бері адамның айрылмас досына баланып келеді. Десе де, төрт аяқты серігінің достығын емес, қастығын көргендер де өңірімізде жетіп артылады. Баланы былай қойғанда бүгінде ересек адамның өзі жалғыз жүруден тартынады. Өйткені бұралқы иттердің қай бұрыштан тап берерін кім білсін?!

Бала күнімізде «Ауылға ит атқыштар келеді екен» деген хабарды естісе, жұрт бос жүрген төбеттерінен бастап, шәуілдек кәнденіне дейін көшеге шығармауға тырысатын. Мойнына көзін ашқалы қарғыбау салынып көрмеген момақан иттің өзін екі-үш күн аула ішінде байлап ұстайтын. Өйткені «ит атқыштар» көшеде бос жүрген төрт аяқтыларды көре қалса, әй-шайға қарамай атып тастайтын. Бүгінде мұндай үрдіс келмеске кеткен. Бәлкім сондықтан да шығар, қаңғыбас иттердің ауық-ауық болса да көбейіп кетуі қоғамда өзекті мәселе ретінде жиі көтеріліп тұрады.

Шежірелі өлкенің әр бұрышынан бүгінде қаңғыған иттерді көп көріп жүрміз. Олардың арасында құтыру ауруымен ауыратындары да бар. Сірә, оны жоққа шығару мүмкін емес шығар. Әлеуметтік желіде аузынан ақ көбік ағып, балаға ұмтылған иттер туралы хабар да жетерлік. Қазіргі таңда көше жағалаған, қоқыс жәшігін паналаған қаңғыбас иттерге байланысты қала тұрғындарынан түсетін шағым жетерлік. Әріге бармай-ақ, теледидарды қосып, әлеуметтік желіні аша қалсаңыз, көзіңіз анық жетеді. Топ-тобымен жүретін иттер бүгінде көшені ысырып қойып, балалар ойын алаңдарына барып, оларға шабуыл жасайтынын да көріп жүрміз.

Осыдан екі жыл Қарағанды облысында 5 жасар баланы ит тістегені баршамызға мәлім. Ал Алматыдағы иттің салдарынан туындаған қауіпті жайт пен бала өлімі де елдің есінен кете қойған жоқ. Иә, мұндай жағдайлар дәл қазіргі уақытта көбеймесе азаймай тұр. Әріге бармай-ақ қоялық. Шиелі ауданы ішінде де ит тістеп, жарақат алған қаншама жағдайлар орын алды. Бір қуантарлығы – бала өлімі жоқ. Бірақ, бей берекет жүрген иттерге бір тоқтам мен заңды күш болмаса, арғысы не боларын Құдай білсін? 

– Төрт балам бар. Көшеде қаңғыған иттер толып жүр. Арасында құтырғаны да бар шығар, кім біледі?! Балаларымды сабаққа жіберіп аламын да, «көшедегі көп иттің бірі қауып алмас па екен?» деп жанымды шүберекке түйіп отырамын. Тіптен қорқатын болдық. Үйдің айналасында да балалар ойын алаңында да қаңғыбас ит көп. Ағаш алып үркітсең, өзіңе қарап ырылдап, тістеуге ұмтылады. Адамнан қорықпайды. Осыдан біраз жыл бұрын бізден 4-5 үй әріде тұратын көршіміздің баласын қауып алды. Жауапты мекеме бұл мәселені қолға алу керек қой. Бір тістеген ит, ертең тағы тістейді. Ал ол ит құтырмамен ауырып, ауру тараса не болады? – дейді кент тұрғыны Айнагүл Мұқанқызы. 

Жалпы қаңғыбас иттер жергілікті тұрғындар үшін қауіпті, өйткені олар инфекциялық ауруларды тасымалдайды, құтырып кеткен кезінде тіпті қауіпті. Иттің иесі болса, ветеринарды шақыртып, тексертуі қажет. Ал көшедегі үйсіз-күйсіз хайуанды кім біліпті? Аш па, қараусыз ба? Зерделеген жан жоқ. Осыдан-ақ қаңғыған иттің адам өміріне қаншалықты қауіп төндіретінін бағамдай беріңіз. Ит асырамасын деген заң еш жерде жоқ. Бірақ оны сатудың да, серуендетудің де тәртібі мен ережелері бар. Қыдыртқанда тұмылдырығы болуы шарт. Итті күндізгі уақытта бос жіберуге болмайды. Адамдардан алшақ болуы тиіс. Жылына бір рет құтырма ауруына қарсы дәрі егіліп, денсаулығы тексерілуі шарт. Бірақ осы айтылғандардың көбі жасалмайды. Тексерту, үй ауласында бос жібермеу былай тұрсын, иелері есігінің алдындағы төбеттің қайда жүргеніне мән бермейтін кездері де кездеседі.

– Кім не десе де, иесіз иттердің көбеюіне тұрғындардың да кінәсі бар. Өйткені жаз бойы саяжайларда, қала іргесіне жақын ауылдарда жаңа туған күшіктерді асырайды да, күн суытып қыс түскенде тастап кете барады. Ішерге тамағы жоқ, әбден ашыққан ит азық таба алмаған соң, айналып-айналып қала ішіндегі қоқыс алаңдарын паналайды. Одан дым таппаса, аш ит адамның өзіне ұмтылады. Осыдан соң қаңғыбас ит талады деп шығамыз, – дейді Шиелі ауданының тұрғыны Серік Маратұлы. 

Осы ретте Абай хакімнің «Күшік асырап ит еттім, ол балтырымды қанатты» деген нақылы ойға оралады. Ит-мысықтан зардап шеккен адамдардың саны жылдан-жылға көбеймесе, азаяр емес. 2021 жылы Қазақстанда қаңғыбас мысықтар мен иттерді аулауға және жоюға 1 миллиард теңге бөлінді. Сонымен қатар құтырма ауруының алдын алу мақсатында 980 590 ит пен мысыққа екпе егілген дейді мамандар. Алайда бүгінде сол миллиарддаған қаражатың қарасы көрінбейді? Мыңдаған бұралқы ит, мысықтың көзі жойылды деген жалаң цифр, санмен ғана сөйлейтін статистикаға сүйеніп, мәселені тек сонымен түйіндеудің жөні жоқ сияқты. Жабайы хайуандармен күресті заңмен мықтап шегелеп, нақты шарамен қолға алу керек. Себебі оның артында адамның өмірі мен денсаулығы тұр...

Итті қорғайтын заң бар. Ал адамды не қорғайды, кім қорғайды. Әлде өкінішті жағдай тіркеліп, соған ғана шара көрілу қажет пе? Адам – мемлекеттің басты капиталы. Қалай болғанда да қаңғыған иттен келер қауіп аз болмай тұр. Адамдық тұрғысынан жануарларға жанашырлықпен қарап, оларды қорғау әлбетте дұрыс. Дегенмен көше кезіп қаңғыған ит ойнаған бала, көшеден өткен жаяуға тап беріп, жарақаттамасына кім кепіл?! Оның қауіпсіздігі басты міндет екенін де ойдан шығармасақ екен.Айтпағымыз, қараусыз жүрген қаңғыбас иттің қауіптілігін ұмытпағанымыз абзал. Қаңғыбас иттер мәселесі қала түгілі, еліміз үшін өзекті проблемаға айналғалы қашан?!

Айта кетейік, түнеукүні Шиелі аудандық ақсақалдер кеңесінің ІІ отырысында да дәл осы мәселе айтылған-ды. Анығында жиынға қатысушылар тарапынан қаңғыбас иттерден халықты қорғау жолдары ұсынылды. Енді бір шешімін тапса игі.

Тағы да оқыңыз: