Kyzylorda-news.kz  Көктем келіп, күн жылынған шақта түрлі зиянкестер де бас көтере бастайды. Соның ішінде кенелердің белсенділігі артатын шақ  осы көктем мен жаз айлары. Кененің адам мен малды шағуы көптеген жұқпалы ауруларға алып келеді. Атап айтар болсақ, кене инцифалиті, кене сүзегі, кене боррелиозы, геморрагиялық қызба секілді қауіпті жұқпалы аурулар. Әсіресе, көп таралған әрі қауіпті саналатын Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу мақсатында Шиелі аудандық санитарлық эпидемиялогиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлзада Әйтекеевамен сұхбаттасқан болатынбыз.

 Гүлзада Садықбекқызы, өзіңізге мәлім, Қызылорда  облысы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан. Бұған өңірдің климаттық жағдайының қолайлы болуы басты себеп. Жыл сайын өткізілетін эпидемиологиялық маусымда аурудың алдын  алу шаралары қалай жүргізілуде?

– Біріншіден, кенеден келер қауіптің алдын алу шараларына үлес қосқаныңыз үшін алғыс білдіремін. Ауданның биылғы көктемгі эпидмаусымында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының таралуында 20 елді мекен қауіпті болып отыр. Қазіргі уақытта бұл аурудың алдын алу мақсатында заласыздандыру жұмыстары кесте бойынша, I кезеңі 9 сәуір мен 27 сәуір аралығында жүргізілсе, II кезең мамыр айының 9-ы мен 27-күндері аралығында жүзеге асады.

– Былтырғы жылы кене шағып, осы ауру түріне шалдыққандар болды ма? Ал биылғы ахуал қалай?

– Жыл басталғалы 14 кене шағу жағдайы тіркеліп, жақында 1 адамнан КҚГҚ ауруы анықталып, Майлытоғай ауылының тұрғыны қайтыс болды. 2023 жылы ауданда эпидемиологиялық ахуал өте күрделі болып қалыптасып, облыс бойынша аурушаңдықтың 30 пайызын, өлім-жетімнің 66,6 пайызын құрады. Өткен жылы ауданда 17 күдікті науқас тіркелсе, оның 4-інің диагнозы расталып, өкінішке қарай, 2 өлім жағдайымен аяқталды. 

2023 жылы аудан бойынша зерттеуге 6 345 кене жиналып, 810 сынама зерттеліп, оның 51-інен оң нәтиже анықталды. Оның 12 пайызы елді мекеннен, 68 пайызы ауылшаруашылық малдарынан алынған кенелерден анықталса, 20 пайызы табиғаттан алынған. Яғни, құрамында КҚГҚ вирусы бар кенелердің 80 пайызы ауылшаруашылық жануарлары мен елді мекендерден табылған кенелер болып отыр. Сондықтан алдағы эпидемиологиялық маусымда аудан бойынша тұрақты жағдай қалыптастыруда кенеге қарсы өңдеу алдында мал қораларының тазалығына, мал бастарының өңдеумен толық қамтылуына, тұрғындарға кенеден сақтану шараларын насихаттап, аурудың алдын алу шараларына аса назар аударамыз.

– Адам бойына инфекция қалай жұғады? Одан сақтану жолдарына тоқталсаңыз.

– Инфекция жұқтыру көп жағдайда кене шағумен, мал күтімімен, ауылшаруашылық жануарларын союмен, науқасқа күтім жасаумен байланысты болады. Сол себепті тұрғындарға айтарым, сақтық шараларын қатаң сақтау керек. Далаға, егістікке немесе фазендаға, мал күтіміне қатысатын кезде міндетті түрде ұзын жеңді, ашық түсті киім киген дұрыс. Мысалы, шалбар киіп, оның балағын етіктің немесе шұлықтың ішіне салып алған жөн. Сондай-ақ 1-2 сағат сайын үсті-басын қағып, қарап отыру қажет. Егер екі адам болса, бірінің үстін бірі қарап, байқағаны дұрыс. Кене адам денесіне жабысқан жағдайдың өзінде бірден шағуға кіріспейді, кем дегенде 2-3 сағат ішінде өзіне қолайлы орын, яғни адам терісінің жұқа, қантамырларының өте жиі шоғырланған жерін іздейді. Содан соң, қоректенуге жабысады. Сондықтан кешкілік далалық жұмыстан келгенде, киімді сыртқа шешіп, қағып, жабысқан кене бар ма, жоқ па деп, денесін мұқият қарап, кене жабысқан жағдайда міндетті түрде жалаң қолмен емес, қолғаппен, жаймен ғана, ешқандай сұйықтық, май тамызбай, тұмсық тұсынан тері қабатына саусақты батырыңқырап, ырғамай, тергемей, денесін қатты қыспай, жоғары жұлып алу қажет.

– Қырым гемморрагиялық қызбасының алғашқы белгілері қандай?

– Ауру температураның кенеттен 40 градусқа дейін көтерілуінен басталады. Күшті безгектің аясында науқастар бүкіл денеде әлсіздік пен ауырсынуды сезеді. Оған бет, мойын, жоғары кеуде қуысының гиперемиясы, склера тамырларының және конъюнктиваның инъекциясы тән. Егер емделмеген болса, өлімге әкелуі мүмкін. Егістікке шыққан жағдайда, шөп орғанда, отын шапқанда, далалықта денеге зақымдалған кене жүріп өтсе, оны адам өзі байқамай қалуы мүмкін. Оның сілекейі, нәжісі болсын, кез келген зақымдалған кененің сұйығы адамның сау зақымдалмаған денесіне тиген жағдайда, ол 100% ауруға шалдығады. Сонымен қатар мал қырқымы мен мал сою барысында мал ауырмайды, бірақ оның денесінде кене өте көп болса, оның ішінде зақымдалған кене болса, вирус оның денесіне, ағзасына өтеді де, одан шыққан кез келген қан, биологиялық, т.б. сұйықтықтары адамды 100% ауруға шалдығуға алып келеді. Сол себепті мал қырқымы барысында қолға қолғап киіп жұмыс істеу, жалаң қолмен малдың терісіндегі кенені жұлып алмау, сондай-ақ мал сою барысында ауырып тұрған немесе әлсіз малдарды ветеринария маманының анықтамасы арқылы сою қажет. Мал сою барысында міндетті түрде қорғаныс құралдары, резеңке қолғапты пайдаланған жөн.

– Кене кеселінен сақтану үшін тұрғындарға қандай кеңес бересіз?

– Ең қауіпті болып есептелетін мамыр, маусым, шілде айларында кененің, әсіресе, геоломо тұқымдас кенелердің пайда болуы өте жоғары деңгейде. Осы кезеңде мүмкіндігінше барлық сақтық шараларын қатаң түрде сақтауға шақырамын. Клиникалық белгілерден кене шағу-шақпауы міндетті емес. Бірақ өте жоғары температурада болып, қалшылдап, дірілдеп тұмау тәріздес немесе құсып, жүрек айнып, іші кеткен жағдайлар орын алса, үйде өз-өзін емдеумен айналыспай, міндетті түрде медициналық көмекке жүгініп, дәрігерлер бақылауында болғаны дұрыс.

– Сұхбатыңызға көп рақмет. Жұмысыңызға сәттілік тілейміз.

 

Сұхбаттасқан Мейіржан ИБРАГИМОВ

Тағы да оқыңыз: