Kyzylorda-news.kz Күн жылып, жердің тоңы жібіген кезде басталатын жыл сайынғы көктемгі дала жұмыстары Шиеліде биыл да қарқынды жүргізіле бастады. Техникаларын дайындап, шаруашылық жұмыстарын қамдау – ауыл шарушылығы саласының мамандары үшін күн тәртібінен түспеген. Себебі еселі еңбекті қажет ететін, қара жерге егілетін өнім мол. Биылғы егін алқабындағы егістік көлемі қандай және себілетін дәнді дақылдардың қай түріне басымдық береміз? Осы және өзге де маңызды сауалдардың жауабын Шиелі аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбековтен сұрап білдік.

Биыл Шиелі ауданы бойынша 30 109 гектарға егін егу жоспарлануда. Оның ішінде күздік бидай – 848, жаздық бидай – 513, тары – 250, дән жүгері – 900, мақсары – 900, күнбағыс – 50, соя – 70, жаңа жоңышқа – 3500, ескі жоңышқа – 6123, мал жемтік асқабақ – 300, жемдік жүгері – 100, сондай-ақ, картоп – 1230, көкөніс – 1825 және 2440 гектарға бақша дақылдары егіледі. Суды көп қажет ететін негізгі дақыл – күріштің үлесі 11 000 гектарға қысқартылып, орнына суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық берілмек. 

Сондай-ақ биыл әртараптандыру дақылдарына аса мән беріліп, бидай 1421, тары мен жүгері 1250, майлы дақылдар 1020, малазықтық дақылдар 9923 және картоп, көкөніс, бақша дақылдарын 5495 гектарға ұлғайту жоспарланған болатын. Бүгінде егіс даласындағы жұмыстар толығымен аяқталып, 6123 гектар ескі жоңышқа тырмаланып, 3500 гектар жаңа жоңышқа, 900 гектар мақсары, 573 гектар жаздық бидай және 70 гектар соя егілді. Қазір көктемгі дала жұмыстарын қарқынды түрде жалғастырып, 11000 гектар күріштің 3457 гектары айдалып, 2743 га жер тегістеліп, күріш себуге дайындық жүргізілді. 2024 жылдың егісіне 2750 тонна күріш тұқымының 256 тоннасы жоғары сұрыпты 1-репродукция және 2164 тоннасы 2-репродукциялы тұқым дайындалуда. Олар – «Лидер» мен «Маршал» сорттары, – дейді сала басшысы. 

«Су – тіршілік көзі» дейді халық даналығында. Әрі бұл – шындық. Соңғы жылдары шаруалар аяқсу тапшылығынан қиындық көруде. Ала жаздай бейнеттенген диқанның еселі еңбегі сусыз қалып, күнге күйсе, алынатын өнімнің де көлемі кеміп кетері сөзсіз. Сондықтан биыл суды үнемдеу мақсатында ауыл шаруашылық өнімдерін 620-дан 780 гектар жерге тамшылатып суды үнемдеу технологиясы пайдаланылмақ. 

Өткен жылы Шиелі ауданы әкімі Нұржан Сәбитұлының бастамасы аясында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азық-түлік импортын азайту мақсатында ауданда әр отбасының өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар өнімдермен қамтамасыз етуі үшін шаруашылық құрылымдары арасында жер дайындап беру мен үлестіру бойынша 1520 га жер тұрғындарға берілген болатын. Үлестіріліп берілген жерге картоп, сәбіз, қызанақ сияқты қажетті өнімдерін егіп, қыстан қысылмай шықты. Осы жұмыс биыл да өз жалғасын тауып, 1550 гектар жер дайындалып берілмек. Бұл – тұрғындар үшін қуанарлық жағдай. 

Сала мамандары егістікке 14 080 тонна минералдық тыңайтқыш қажет дейді. Оның ішінде: аммоний сульфаты 7100 тоннаға, карбамид 3800 тонна, 80 тонна байытылған суперфосфат, 2450 тонна аммофос, 400 тонна аммиак силитрасы және 250 тонна тыңайтқыштың басқа да түрлеріне шаруашылықтар тарапынан сұраныс жасалынды. Бүгінде қолда бары 14 080 тонна, яғни 100% дайын болса, ал арамшөптерге қарсы қолданатын гербицидтердің барлық қажет көлемі 11315 литрді құрап отыр. Оның ішінде «Рейнбоу» 2365 литр, «Солито» 8200 литр, 200 литр «Гулливер», 100 литр гербитокс, 100 литр номини, 250 литр «Каратэ» және 100 литр басқа да түрлеріне шаруашылықтардан сұраныс түсіп, қазір 7487 литрі қолда бар екенін жеткізді.

Биыл ауыл шаруашылығы құрылымы жаңа үлгідегі техникалармен толығып жатыр. Бұл шаруалар үшін өте қолайлы екенін М.Әшірбеков айтты. 

– Бүгінде ауыл шаруашылығы құрылымы жаңа үлгідегі МакДон, Джон Дир, Класс, Енисей, Есіл маркалы соңғы үлгідегі ауыл шаруашылығы технологияларымен толықтырылып, егістік алаңында қолданылуда. Аудан бойынша 4 жыл көлемінде отандық және шетелдік техникалармен 63%-ға техника паркі жаңарды. 2024 жылдың 3 айында ауыл шаруашылығы құрылымдары тарапынан жаңадан 7 ауыл шаруашылығы техникалары алынып, 158.460 инвестиция тартылды, – дейді.

Көктем шығып, дала дүбірі басталар сәтте диқан қауымы алдымен дизель отынынан тапшылық болмауын назарға алады. Осыны ескерген сала мамандары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері тарапынан көктемгі егінге мемлекеттен бөлінетін арзандатылған 1815 тонна дизель отынына «Госагро» порталы арқылы электронды түрде сұраныс берген. Жеткізуші оператор болып «РК Мұнай» ЖШС таңдалды. Арзандатылған жанар-жағармайдың бір литрі 248 теңге болып бекітіліп, шаруашылық тарапынан 583 тоннасы алынып, көктемгі егін науқанына қолданылуда. 

Иә, сонымен ауыл шаруашылығы саласы – ел экономикасының дамуына серпін беретін үлкен құрылым өнеркәсіптік кешенді дамыту, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру – маңызды мәселе. Ең бастысы, диқандардың еңбегі желге ұшпай, қамбамыз алтын дәнге толып, ырысымыз арта беруін тілейміз.

Мейіржан ИБРАГИМОВ

Тағы да оқыңыз: