Kyzylorda-news.kz Шиелі өңірі – саф өнердің мекені. Бұл қасиетті топырақтан әлемді аузына қаратқан күміс көмей әнші де, мың бұралған биші де, айтқан сөзі мірдің оғындай ақын-жыраулар да шыққан. Бабадан қалған асыл өнерді өлтірмей, кейінгі ұрпақ ізін жалғап келеді. Шиелі аудандық Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдени-шығармашылық орталығына Зулфия Құрманәліқызы келгелі, кенжелеп тұрған өнерді қайта түлетіп, дамыту үстінде. Белгілі жырау Алмас Алматов «Біз өнерге бір күнде келген жоқпыз және бір күнге келген жоқпыз» деп айтқандай, қаншама жылғы жинақтаған тәжірибесін туған елінде, туған жерінде іске асыруда. Бұның бірі – Шиелі аудандық мәдениет үйінде өткен балалар хор ұжымдарының конкурсы.

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени продюсерлік орталығының қолдауымен, Шиелі ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен, Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдеиет үйінде «Шаттық» балалар хор ұжымдарының ІІІ облыстық байқауы өтті. Аталған байқауға арнайы қазылық етуге ҚР «мәдениет саласының үздігі», М.Ералиева атындағы мәдениет үйінің «Бозторғай» балалар хор ұжымының жетекшісі Ләйлә Насимханова, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени продюсерлік орталығының бөлім меңгеруші Ғазиза Жунусова, жезтаңдай әнші, Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінінің №2 жылжымалы мәдени демалыс кешенінің меңгеруші Гүлнұр Әбілова келіп қатысты.

Конкурстың түндүгін түріп, шымылдырығын ашып беру үшін Мәдениет саласының ардагері Исабек Сәрсенбайұлы алғы сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы жас өнерпаздарға сәттілік тіледі. Байқауқа өзге аудандар мен Қызылорда қаласынан 5 балалар хор ұжымы келіп, ІІ кезең бойынша өнерлерін ортаға салды. Алғашқы кезеңде әнді сүйемелдеусіз орындаса, ІІ кезең бойынша өнерпаздар сүйемелдеумен отандық және шетелдік туындыларды орындады.

Байқау қорытындысы бойынша жүлделі ІІІ орынды Сырдария ауданынан келген «Шабыт» аралас балалар хор ұжымы мен Қызылорда қаласынан келген «Қарлығаш» балалар хор ұжымы иеленді. Конкурста ерекше көзге түсіп, халықтың ыстық ықыласына бөленген Шиелі ауданы, «Өнер» мектебінің «Алау» балалар хор ұжымы ІІ орынды қанжығаласа, І орынды өнерлілер ордасы атанған Қазалы ауданының «Үміт» балалар хор ұжымы еншіледі. Сонымен қатар, облыстық балалар хор ұжымында ІІ кезең бойынша сыннан сүрінбей өтіп, әділ-қазылардың оң бағасын алған шиелілік «Жас қанат» балалар хор ұжымы бас жүлде иегері атанып, ел мерейін сахна төрінде асқақтатты.

Салтанатты марапат кезінде қазылар алқасының төрайымы Ләйлә Насимханова:

– Бүгін біз ерекше байқаудың куәсі болдық. Жас өнерпаз бүлдіршіндердің талантына тәнті болып, керемет әсер алдық. Осы байқаудың өтуіне себепші болып қолдау білдірген Шиелі ауданы әкімдігі мен облыстық конкурсты үшінші рет жоғары деңгейде ұйымдастырған орталықтың басшысы Зулфия Құрманәліқызына үлкен алғысымды білдіремін, – деп шынайы ризашылығын жеткізді.

Дарынды жас өнерпаздардың қабілет-қарымын шыңдап, үлкен сахнаға бейімдеу мақсатында ұйымдастырылған байқауға қатысып, жүлдері орын алған хор ұжымдарына арнайы дипломдар мен сый-сияпаттар табысталды. «Өнерлі өрге жүзер» демекші, өнерге деген сүйіспеншілігі ерекше балалардың жеңісіне біз де қуанып, құрметімізді көрсетіп қайттық.

Тағы да оқыңыз: