Kyzylorda-news.kz Үкімет соңғы жылдары халықтың әл-ауқатын, білімі мен денсаулық жағдайын жақсартуға бағытталған мақсатты бағдарламаларды қабылдап, жүзеге асырып келеді. Соның маңызды бір саласы – ауызсу мәселесі. Ибн Синаның «Ауру көбінесе ішкен астан пайда болады, соның ішінде әсіресе ауызсудан болады» деп ескерткеніндей, халық үшін сапалы ауызсуға қолжетімділіктің маңызы зор.
Ел Президенті ҚасымЖомарт Кемелұлы Тоқаев: «Ауызсу мәселесін толық шешу – ең бірінші міндетіміз. Бұл бағыттағы жобалар сапалы, жұмыстар тиянақты болуы тиіс. Жол карталары мен жоспарлар нақтыланып, елді мекендерді 100 пайыз ауызсумен қамту жұмысы жүйелі жүргізілуі керек» деген болатын. Расында, «Дені сау ұлт», «Жаңа Қазақстан» құру жолындағы жүйелі жұмыстың жеміс беруі тікелей ауызсуға байланысты. Өйткені ауыз судың ауылы алыстап тұрған шалғайдағы елді мекендерді жоққа шығара алмаймыз. Бір жұтым тұщы су үшін әбігерге түскен халыққа сандық жүйенің сиқырын айтып, «Цифрлы Қазақстан» құрамыз деу де әбестік болар. Бастысы, шиеліліктер Президент пәрменіне басымдық беріп, бұл мәселенің толық шешім табуына талпынып келеді. Елдегі ахуалды егжей-тегжейлі тарқатпай-ақ, аудандағы атқарылып жатқан жұмыстарды тізбектеп көрелік. 2024 жылдың 9 айын түйіндеп, 10-шы айдың соңына таядық. Аудан әкімінің тоғыз айлық есебіне сүйенсек аудан халқының 99,9 пайызы, яғни 39 елді мекеннің 95 пайызы ауызсумен қамтылған. Ауызсуды сарыла күткен Қызылқайың, Қосүйеңкі елді мекендерінде бұл мәселе шешімін тауыпты, яғни ауызсу жүйесінің құрылысына 447 млн теңге қаржы бөлініп, пайдалануға берілген. Сондай-ақ Жуантөбе елді мекеніне су тұшытқыш (блок-модуль) орнатуға қажетті 17 млн теңге бөлініп, олда іске қосылған. Демек, енді алға бір қадам жасап, әлеуметтік бағдарламалардың әлеуетін пайдалансақ, аудан халқы 100 пайыз ауызсумен қамтылмақ. Ендігі меже Ақтам, Лесхоз елді мекенінде. Қос ауылға су тұшытқыш орнатуға аудандық бюджеттен 40 млн теңге қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілу үстінде. Сонымен қатар Бұланбай бауы, Тұрсынбай датқа елді мекеніне ауызсу ұңғымасы, су мұнарасы, су қоймасы және ішкі желілерін жаңалау үшін құрылыс жұмыстарына 897 млн теңгеге ЖСҚ әзірленіп, Құрылыс және тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық істері комитетіне бюджеттік өтінім ұсынылған. Алдағы уақытта қаржы қаралса, бұл түйткілдің де түйіні тарқатылмақ. Дәл сол секілді 1-Мамыр, Жаназар батыр және Майлытоғай елді мекендеріндегі ауызсу ұңғымасы, су мұнарасы, су қоймасы және ішкі желілерін жаңалау үшін құрылыс жұмыстарына 28,5 млн теңгеге жобасметалық құжаттама әзірленіп, сараптама қарауына ұсынылғанын да айта кетейік. Міне, осындай көлемдегі ірі қаржыны мемлекет тек бір ғана – халықты сапалы ауызсумен қамту мәселесіне арнамақ. Халық денсаулығы жолында мұндай мол шығын жұмсау – екі елдің бірінің қолынан келмесі де ақиқат. Бастысы, бөлінген қаржы бүлінбей, халық толық сапалы ауызсуға қол жеткізсе болғаны. Сонда бұқараның тұрмыс сапасы артып, әлеуметтік-экономикалық ахуал да алға жылжи түспек.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ