Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деген болатын. Соңғы жылдары ауыл шаруашылық саласында бірқатар ауқымды жұмыстар мен жобалар қолға алынып келеді. Қазіргі уақытта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен жергілікті тұрғындарды қамтамасыз ету, ауыл тұрғындарының табысын арттыру, мал шаруашылығын дамыту сынды тағы басқа мәселелер оңтайлы шешімін тауып келеді. Осы ретте, қажырлы еңбек пен маңдай терді қажет ететін саланың бірі – ауыл шаруашылығынан өткен жылы Шиелі ауданының жеткен жетістіктерін сөз етуді ұйғардық. 

2023 жылдың 11 айында ауыл шаруашылығы саласы бойынша шежірелі өлкеде 42 миллард 54 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 103,4 пайызға орындалған екен. Атап айтсақ, егін шаруашылығы бойынша 29 миллард 233 миллион теңге, мал шаруашылығы бойынша 12 миллард 471 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізгі индикаторларының іс-шара жоспарына сәйкес, мал шаруашылығын дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Төрт түлікте де өсім бар. Барыс жылының 1 желтоқсанында мүйізді ірі қара саны – 93 261, қой мен ешкі – 136 197, түйе – 1702, жылқы – 24 441, құс – 30 079 басты құрады. Шиелі ауданы бойынша мал басының артуына байланысты өндірілген өнімдер мен өсімде де өзгеріс бар. Төрт түлік малдан өндірілген өнімдер (тірілей салмақта) 5051,8 тонна ет, 19 832 тонна сүт өндірілді. Егіс көлемі бойынша өткен жылы 30 792 гектарға егін егіліп, 2022 жылға қарағанда 718 гектарға артып отыр. Негізгі дақыл күріштің үлесі – 13 176 гектарды құрапты. Мал азығы қорын жасақтау үшін шөп дайындау жоспары 158,4 мың тонна болса, артығымен 164,8 мың тонна шөп жиналды. Оның ішінде 63 021 тоннасы жоңышқа шөбі. Қысқы мал азықтық қорына жоспарлы 36,4 мың тонна жемнің 37,6 мың тоннасы дайын. Жоспарлы 32,7 мың тонна сабанның 34,2 мың тоннасы дайындалған. 

Өткен жылы егін маусымында алқаптарда 14 335 тонна минералдық тыңайтқыш пен 12 045 литр арамшөптерге қарсы гербицид қолданылғанын сала мамандарынан білдік. Күзде барлық егіс толықтай жиналып, жоспарланған 10 700 гектар сүдігер айдалып, 848 гектар жерге күздік бидай егілді. 2022 жылдың күз айында егілген 1387 га күздік бидай ысырапсыз жинап алынған. Ондағы орта өнім 12 центнерді құрап, 1664 тонна бидай жиналған. Сондай-ақ 240 гектар жерге егілген жаздық бидайдан 96 тонна өнім жиналса, 877 гектар мақсарыдан 789 тонна өнім алынған. Ал 103 гектарға егілген жүгері дақылынан 309 тонна, 71 гектар сүрлем жүгеріден 178 тонна өнім алынып, 240 гектар тарыдан 840 тонна және 15 гектар күнбағыстан 45 тонна өнім жиналған. Сонымен бірге 1818 гектар көкөніс, 2436 гектарға бақша өнімі және 1223 гектар жерге егілген картоп дақылдары толық жиналды. Осы егілген 1818 гектар көкөніс дақылдарынан 59 085 тонна, 2436 гектардан 85 260 тонна және 1223 гектар картоп дақылынан 37 913 тонна өнім өндірілген. 

Өткен жылы облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудан бойынша азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әр жергілікті тұрғын өзін-өзі бақша өнімдерімен қамту үшін 1520 гектар қосымша жер ашылып, тұрғындар тарапынан көкөніс, бақша дақылдары егілген. Оның ішінде, 406 гектары картоп, 527 гектары көкөніс және 587 гектары бақша дақылдарының үлесінде. Бүгінде осы егілген өнімдер толық жиналып жоғары өнім алынып отыр. Барыс жылында егілген 13 176 гектар күріштің әр гектарынан 56 центнерден өнім алынып, жалпы 73 786 тонна сыр салысы қамбаға құйылды. Бұл да толассыз еңбек пен төккен тердің арқасында жеткен жетістіктің бір парасы. Ал биыл Шиелі ауданында егін науқанына судың тапшылығын ескере отырып, 29 929 гектар жерге егін орналастыру жоспарланған. Негізгі дақыл күріштің көлемі 11 000 гектарға қысқартылмақ. Сондай-ақ әртараптандыру дақылдарына аса мән беріліп, бидай 1421 гектарға, тары мен жүгері 1150 гектарға, майлы дақылдар 850 гектарға, мал азықтық дақылдар 10023 гектарға және картоп, көкөніс, бақша дақылдары 5485 гектарға ұлғайту көзделген.

Жыл сайын Сырдария өзенінің тартылуына байланысты егістік алқаптардың да көлемі қысқарып келеді. Дегенмен, бұл табиғи құбылыс қайта орнына келеді деп сенеміз. Бүгінде ауыл шаруашылық құрылымдары жаңа үлгідегі «Мак-Дон», «Джон Дир», «Класс», «Енисей», «Есіл» маркалы соңғы үлгідегі ауыл шаруашылық технологияларымен толыққан. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қолында күзгі дала жұмыстарына 331 дана трактор, 117 дана комбайн,  63 дана жатка, 52 дана автомашина және 164 дана трактор тіркемесі қатысқан. Жалпы аудан бойынша кейінгі 4 жыл көлемінде отандық және шетелдік техникалармен 63 пайызға ауданның техника паркі жаңарды. Өткен жылдың ІІІ тоқсанында ауданға ауыл шаруашылығы құрылымдары жаңадан 4 комбайн, 2 жүк тиегіш және 10 трактор алынды. Барыс жылында шежірелі өлкеге 1 млрд 177 млн теңге инвестиция тартылып, 2022жылға қарағанда 2,7 есе артқан екен.

Үстіміздегі жылы «Шиелісушар» өндірістік учаскесі теңгерімдегі, «02» шаруашылық аралық каналының 2 шақырымына, «Р-8» каналының 3,6 шақырымына, «Ескі сол жаға» каналының сағасына және «Жаңа Бестам» каналының 3 шақырымына және «Жаңа Сұлутөбе» каналының 5 шақырымына «Қазсушар» ШЖҚ РМК-ның Қызылорда филиалының тарапынан механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Аталған каналдардың қайыр басқан жерлері толықтай тазаланды. Сонымен қатар Еңбекші ауылдық округі, Қосүйеңкі елді мекенін аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылы 2-2-2 каналына жоба-сметалық құжаттамалары әзірленіп, Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Табиғат» мекемесі тарапынан 92 млн теңге қаржы бөлініп 23 шақырымына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Шиелі кентінің аумағына Сырдария өзенінен 22 бекет каналы арқылы келетін, кент тұрғындарын аяқ сумен қамтамасыз етіп отырған, «Базар» және «Байсары» арықтары Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Табиғат» мекемесінің теңгерімінде. «Базар» арығының жалпы ұзындығы 8400 метр, 2016 жылы 2886 метріне темір бетонды науа (латок) салынған. Бетонды науа салынбаған жері 5514 метр. «Байсары» каналының жалпы ұзындығы 2881 метр, 2017 жылы 1949 метріне темір бетонды науа салынған. Бетонды науа салынбаған жері 932 метр. Жалпы «Байсары» және «Базар арығы» каналдарының бетонды науа салынуды қажет ететін ұзыныдығы 6446 метрді құрайды. «Базар» каналының темір бетонды науа орнатылмаған бөлігіне Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы арқылы 2023 жылға бетонды науа (бетондауға) жұмыстарына жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге 5 млн 600 мың теңге, «Байсары» каналының жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге 3 млн теңге қаражат бөлінген. Жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Сараптама жұмыстары жүргізілгенен кейін қазу, тазалау және бетондау жұмыстарына толық қаражаты белгілі болады. Осыған орай, қалған бетонды науа салынбаған 6446 метр жерге науа салынатын болады. Сонымен қатар өткен жылы елді мекендерді аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында «Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» тарапынан 14 дана насос қондырғылары берілген. Оның ішінде Қоғалы ауылдық округіне 4 дана KY-560 дизельді, Бестам ауылдық округіне 3 дана дизель, Тұран ауылдық округіне 2 дана электр, Бәйгеқұм ауылдық округіне 1 дана дизель, Еңбекші ауылдық округіне 2 дана дизель және Жөлек ауылдық округіне 1 дана электр, 1 дана дизелді насос қондырғылары берілген.

Иә, ауыл шаруашылық саласы ел экономикасының дамуына серпін беретін үлкен құрылым. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру – стратегиялық міндет. Оның дамуына ықпал ету – мемлекеттің ғана емес, фермерлердің де алдында тұрған үлкен міндет болмақ.

 

Тағы да оқыңыз: