Kyzylorda-news.kz. Ана... Иә, өмір бесігінде тербетіп, адам баласына ұрпақ сыйлар ұлы құдірет иесінің есімі әрқашанда қадірлі, тұғыры биік. Алтын құрсағына адамзаттың алабы жаратылған асыл ананың жүрегі кең, жүзі мейірімді. Көңіл шуағына мейірім төгілген аяулы жанның өмірден алар несібесі, алтын босағасы мен сүйкімді перзенті болар. Жақында Б.Қабылұлы атындағы Шиелі аудандық мәдениет үйінде мамырдың әр жексенбісінде тойланатын "Аналар күніне" арналған «Ана – өмір шуағы» атты салтанатты шара өтті.
Айта кетейік, осы жылы мереке алғаш рет мамыр айында аталып өтті. Бұл күн әлемнің көптеген елдерінде анаға құрмет көрсетіп, оның қамқорлығы үшін алғыс айту мақсатында өтетін мейрам. Негізі мерекені әлемнің 20 мемлекеті атап өтеді. Олардың қатарында АҚШ, Канада, Германия, Италия, Бельгия, Дания, Финляндия, Эстония, Түркия, Жапония, Бразилия және Аустралия сынды елдер бар. Мереке мамыр айының екінші жексенбісінде тойланады. Биыл 12 мамырға сәйкес келді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шын мәнінде, әрбір адам үшін анадан ұлы, анадан қымбат ешкім жоқ. Ең қастерлі құндылықтарымыз «Жер-Ана», «Отан-Ана» ұғымдарымен тығыз байланысты. «Ата ұлды, ана ұлтты тәрбиелейді» дейді. Бұл сөздің айрықша мән-маңызы бар» деген болатын. Мерекелік жиын шымылдығы Шиелі ауданы әкімнің орынбасары Болатбек Ысмағұловтың алғыс сөзімен басталды. Ол әр түрлі салада қызмет істейтін 38 ананы Шиелі ауданы әкімінің алғыс хатымен марапаттады. Солардың қатарында жергілікті басылым «Өскен өңір» газетінің баспасөз маманы, 40 жылға жуық тәжірибесі бар Күләш Мырзаева да құрмет төрінен көрінді.
Біздің отбасылық, қоғамдық өмірімізде ананың рөлі қашан да ерекше. Ол балаларын тәрбиелеп, бағыт-бағдар береді. Ананың еңбегі әрдайым жоғары бағаланады. Елді мекендерде балалар мен жастарды тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарды жаңғырту мәселелесін шешу үшін, Қазақстандағы әйелдерін біріктіретін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Аналар кеңесі» жұмыс істейді. Деректерге сүйенсек, бүгінде Республикалық аналар кеңесінде елдің облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық деңгейлерінде 1713 бөлімше бар (оның ішінде 17 облыстық, 56 қалалық, 159 аудандық, 1481 ауылдық және этномәдени бірлестіктер жанында), олардың құрамына 16051 әйел кіреді. 6-12 мамыр аралығында барлық өңірде 600-ден астам түрлі іс-шара ұйымдастырылды. Жалпы, Аналар күнін мерекелеу ананың қоғамдағы рөлін арттыруға, әр азаматтың ата-анасына құрмет көрсетіп алғыс айта білуге тәрбиелеу мен жастардың рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталады. Міне, Шиелідегі өткен мерекелік кеш те соның куәсі. Іс-шараның соңы аналар қауымына арналған сазды әуендер шырқалған мерекелік концертке ұласты. Көпшілік те бір серпіліп қайтты.