Kyzylorda-news.kz Әлемнің көптеген елінде отбасылық құндылықтарды насихаттау, отбасы және ата-ана институтын нығайту үшін аталып өтетін «Әкелер күні» өткен жылы елімізде ресми мереке ретінде маусымның үшінші жексенбісіне белгіленген.

Осы мерекеге орай Шиелі аудандық ардагерлер үйінде кеше Шиелі ауданының қоғамдық даму бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Қызылорда облысының жастар Одақтары» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жергілікті әйелдер кеңестері жұмысын дамыту және отбасы мен неке құндылықтарын насихаттау бағытында шараларды ұйымдастыру қызметі» әлеуметтік жобасы аясында отбасылық құндылықтарды насихаттау, әкелерді құрметтеу мақсатында «Әке – әркімнің сүйенер тіреуі» атты ардагерлер және жас әкелердің қатысуымен дөңгелек үстел болды.

Шараны Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов жүргізіп отырды.

Жиында Шиелі аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Марат Ақпанбетов қоғамдағы әкелердің рөлі мен әке мен бала арасындағы байланыс, әкелер институтының қоғамдағы орны жайында баяндама жасады.

Әкеден баланың алатын тәлім-тәрбиесін басқа ештеңе де ауыстыра алмайды. Осы тұрғыда әр ұлттың бала тәрбиесіндегі құндылықтары жайында ақсақалдар, жастар өкілдері өз ойларын ортаға салды.

Жиын соңы, бар жүкті жотасымен көтеріп, аманатын абыроймен атқарған «Әкелер күні, құтты болсын!» деген жақсы көңіл-күйде аяқталып, тренингке ұласты.

Тағы да оқыңыз: