Елімізде мектепке дейінгі мекеме тапшылығын жою мәселесін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында оң шешімін тауып келеді. Бір ғана Шиелі ауданында бүгінде 75 жеке, 18 мемлекеттік балабақша, шағын 4 орталық жұмыс істеуде. Онда қазіргі таңда 6049 бала тәрбиеленуде.
Әрбір балабақша табалдырығын аттаған бүлдіршіннің нәзік жүрегіне нық сенім ұялатып, ұлт ұрпағын тәрбиелейтін, лайықты білім мен тәрбие беретін алтын қақпа. Сол мекенде балаларға тәрбие мен білім беретін тәрбиеші – бала жанының бағбаны. Балабақшаны бақыттың баспалдағына айналдыру, әрине, тәрбишілердің біліктілігі мен еңбекқорлығына байланысты. Мемлекет басшысы да осы мәселеге пәрмен беріп, халыққа арнаған Жолдауында айтып өтті.
– Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс. Олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайтқан жөн. Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады. Сондықтан балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялау қажет, – деді Президент.
Алда атқарылатын қыруар шаруаның басы – бұдан былай балабақша тәрбиешілері де мектеп ұстаздары сияқты ауқымды аттестациядан өтеді. Бұл маңызды. Сала министрлігі әзірлейтін ұлттық біліктілікті тестілеудің арнайы бағдарламасы балалармен жұмыс істеуге болмайтын тәрбиешілерді анықтап бермек.
– Келесі маңызды мәселе – білім беру жүйесі туралы. Бұл сала ұлт сапасын жақсарту ісінде үлкен рөл атқарады. Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда бізде 2-ден 6 жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды, – деген болатын Мемлекет басшысы.
Шындығында, бүгінгі уақытта әрбір бүлдіршін қатардан қалмай, мектепке даярлық сатысынан өтуі қажет. Өйткені, әлемдік үдеріс лебімен білім жүйесінде көптеген реформа жасалды. Соның нәтижесінде уақыт талабына сай жаңа оқу бағдарламалары енді. Ендігі жерде балабақшаның мектеп табалдырығын аттар жас шәкірт үшін ең бірінші баспалдақ санатына енетіні де анық жайт.
«Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда да ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер» деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, күллі ғажайыптың ішіндегі ең тамашасы – жақсы тәрбиеленген ұрпақ емес пе? Ал жақсы тәрбие отбасыдан басталып, балабақшадан жалғасары сөзсіз. Әр үйдің бөбектері үшін балабақшадағы тәрбие отбасындағы ата-ана берген тәлім-тәрбиені жалғастырып, жандандыра түседі. Осы тұста тәрбиешілермен тілдесудің де орайы келген еді. Соның бір парасын назарларыңызға ұсынамыз.
Ақнұр Оразбекова, тәрбиеші:
– Тәрбие – қалып тәрізді, егер қалып қисық, олпы-солпы болса, сол қалыпқа салынған зат та оңды болмайды. Бала тәрбиесі де дәл сол сияқты. Бала бойына жас кезінен бастап рухани құндылықтар, мейірімділік, инабаттылық, сұлулық, жақсылық, еркіндік сияқты қасиеттерді қалыптастыру – тәрбиешінің міндеті. Сонда ғана қалай исең солай өсетін бала-шыбық бой көтеріп, бәйтерекке айналады. Тәуелсіз еліміздің жас ұрпағын білімді, жан-жақты дамыған, дені сау, рухани бай, жерін, ата-анасын құрметтейтін саналы азамат болып өсуі үшін бойымыздағы бар асыл қасиеттерімізді, білімімізді беруден аянбаймыз. Қазақтың әр баласы өте қабілетті де дарынды. Сондықтан еліміздің жарқын болашағы үшін тыным таппай еңбектенуге тиіспіз. Заман өзгерген сайын әдіс-тәсілдер көбейіп, жаңарып, толығып жатыр. Балалардың тілін дамытуды, қызықты үйрету үшін жаңа әдістер мен технологияларды өз тәжірибемізде қолдануға ізденеміз. Жаңа технологияны, әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану үздіксіз тәрбие беру мен білім сапасын арттырады. Білім беру балабақша табалдырығынан басталады десек, ешқашан қателеспейміз. Барлық білімнің бастауы – балабақшада.
Ақгүл Әсемханқызы, тәрбиеші:
– Қазақ халқында «Жас келсе – іске» деген керемет сөз бар. Демек, мен бойымдағы жастық жігерімді, күш-қуатымды, жаңашылдығымды талапты әрі талантты шәкірт тәрбиелеуге сарп етуім керек. Болашақта бүлдіршіндерімді биік белестерден көріп жатсам, оған аз да болса үлесім тиіп жатса, өзімді бақытты тәрбиеші-ұстаз, бақытты жанмын деп білемін. Менің алдымда үнемі маңызды тапсырма тұрады. Әр ата-ана қымбат адамдарын маған сеніп тапсырады. Сол үшін мен балдырғандарды бар жақсылықтың, әдеміліктің, адамгершіліктің нәрімен сусындатуға бар жігерімді саламын. Бүгінде балаларға мейірім төге отырып, биік белестерге жетуіне жауапты екенімді еш уақытта естен шығармаймын. «Баланы ең әуелі мейір-шапағатқа, одан соң ақыл-парасатқа, ақырында нағыз пайдалы ғылымға, еңбекке баулы» деген екен ақын Абай Құнанбаев. Мен балақайларға арнаған шақтарымды өмірімдегі ең бір бағалы уақытым, бақытты кездерім деп айта аламын. Балабақшаға кіргенде бүлдіршіндердің жағымды үндері, сыңғырлаған күлкілері, «Сәлеметсіздер ме, балалар?» деген сөзіме берген балалардың хормен: «Сәлеметсіз бе?» деген жауабы бір сергітіп, серпілтіп тастайды. Күнде ертеңгісін жұмысқа келгенде балалармен бірге болған әрбір уақытым мені жаңа әлемге жетелегендей болады. Алдымда отырған жас бүлдіршіндерімнің сүйкімді де әдемі, байсалды да ақылды жүздерін көрсем, не нәрсені де білуге құштар шабытты байқаймын. Олардың менен күтетіні өте көп.
Расында, білімнің бастауы – балабақша болса, сол балабақша тірегі – тәрбиеші. Бала жанының бағбаны қандай болса, өскелең ұрпақ солай өнеге алып өседі. Солай болған соң, ең алдымен балабақшаға керегі – озық педагогикалық методиканы меңгерген, сауаты жоғары, тәлімді тәрбие бере алатын тәрбиеші. Осындай иіріммен тақырыпты түйіндеуді жөн көрдік.