Kyzylorda-news.kz «Ауру батпандап кіріп, мысқылдап шығады» деген қазақ денсаулықтың қадірін әу баста-ақ жақсы білген. Алда-жалда басымыз ауырып, балтырымыз сыздаған кезде ақ халатты абзал жандарға қарай жүгіретініміз сөзсіз. Олардың еңбегі де орасан зор. Соның ішінде мейірімділік пен жылылықтың символына айналып, игі қызмет жасап жүрген медбике ісі қашанда сый-құрметке лайық. Бұл маман иелері денсаулық сақтау ісінің ажырамас бір бөлігі. Мұқым елге мәлім, 12 мамыр – әлем бойынша медбикелер күні. Атаулы датаға орай Шиелі көпбейінді орталық ауруханасы мен аудандық емхананың мейіргерлерінің тыныс-тіршілігін баян етпекпіз.
Дертіне шипа іздеген науқастың сауығып кетуіне алдымен дәрігер жауапты болса, одан кем қарамайтын күнделікті жұмыста мықты тірек, көмекші болып жүрген медбикелердің ісі қашанда адал. Осы тұрғыда Шиелі аудандық аурухананың бас мейіргері болып қызмет атқаратын Назым Сейлханованы ерекше атап өтпекпіз. Мамандық таңдауда қателеспеген білгір маман Қызылорда медициналық колледжді ойдағыдай бітіріп, «Емдеу ісі» факультетінде «фельдшер» мамандығында оқыпты. Әрмен қарай 2018-2021 жылдары Қызылорда жоғары медициналық колледжінің мейіргер ісі қолданбалы бакалавр мамандығын тәмәмдап, 2021-2022 жылдар аралығында Қарағанды медициналық университетінің академиялық мейіргер ісі біліктілігін алған.
Кейіпкеріміз еңбек жолын 18 жасында бастаған. 2006 жылы Нартай Бекежанов отбасылық дәрігерлік амбулаториясында фельдшер мамандығы бойынша еңбек етеді. Оның қызметтегі алғашқы ұстаздары Гүлнар Пірманова, Асия Түбелбаева, Жаухар Өтепбаевадан үйренгені көп.
– Медбикелер – медицинаның негізгі күші, дәрігердің сенімді серігі. Науқас келіп түскеннен аман-есен сауығып, аяғына нық тұрып кеткенге дейін жанашырлық танытып, қолынан келгенше аянбайды. Дәрігер науқасты тексеріп, тағайындауын берген соң, әрі қарай бар жұмысты медбике орындайды. Әрбір өзгерісті қалт жібермей, қадағалап, оны дәрігерге жеткізу – медбикенің міндеті. Медбике сонымен қатар егуін жасап, дәрі-дәрмегін уақытылы береді. Төсек-орын, ас-ауқатын, жалпы халін бақылап, науқасқа қарайтын медбикелердің еңбегі ұшан-теңіз, – дейді Н.Оралбекқызы.
Уақытпен санаспай тәулік бойы науқастың жанында қалатын бас медбикенің қызметі адалдық пен жауапкершіліктен жаратылғанына еріксіз бас иесің, құрметтейсің. Айта кетейік, ол 2015 жылы Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасына бас мейіргер болып жұмысқа орналасады.
Әрбір қызметкермен жеке жұмыс жүргізіп, бағыт-бағдар беру – оның басты міндеті. Сонымен қатар медбикелердің білім деңгейін көтеру үшін оқу курстарына жіберіп отыру да оның қызметінің бір саласы. Мұнан басқа құжаттармен айналысып, дәрігерлермен жұмыс жасау, өзі жетекшілік ететін медбикелер мен тазалықшылардың міндеттерін реттеп, жұмыс кестесі мен тәртібін қадағалауды қалт жібермеу – күнделікті жұмысы. Қазіргі таңда Сібір мемлекеттік медициналық университетінде «денсаулық сақтауды басқару менеджменті» факультетінде магистратурасында білім алуда. Ал 2018 жылы Финляндия елінде мейіргер ісінің озық технологиялары бойынша іс-тәжірибе алмасып, білімін толықтырады. Сонымен қатар білікті медбике өзі қызмет ететін Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасындағы әріптестерімен тығыз байланыс орнатып, науқастарды күтіп-баптауды үйретуге де уақыт табады. Қолы қалт етсе, медбикелерге білгенін үйретіп, тәжірибесімен бөліседі.