Kyzylorda-news.kz. «Отан отбасынан басталады»  демекші, әр отбасының береке-бірлігі,  әр сәбидің болашағы оның өмірге деген көзқарасы жанұясында, ата-анасынан алған тәрбиесімен қалыптасады. Бәріңізге мәлім, жыл сайын 15 мамыр – Халықаралық отбасы күнін атап өтудеміз. Бұл жаңа отау көтерген жас шаңырақтың іргесін бекітіп, үлгілі отбасын көрсететін айтулы күн. Осынау мерейлі күннің аясында Шиелі аудандық көпбейінді орталық аурухананың перзентхана бөлімінде 6 сәби дүниеге келді.

Осыны ескерген Шиелі аудандық қоғамдық бөлімі мен «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің мамандары «Отбасы күні» мерекесіне орай сәбилі болған аяулы аналарды құттықтауды да назардан тыс қалдырмады. Нақтырақ айтар болсақ, Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов, Шиелі аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Нәйла Палымбетова, Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасының бас дәрігерінің емдеу-ісі жөніндегі орынбасары Бақтыгүл Мұсағалиева мен Шиелі аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Есенбаев және Жастар ресурстық орталығының директоры Ержан Әбдешов 6 анаға перзентханаға барып, Шиелі ауданы әкімінің құттықтауын жеткізді. 

– Дүниеге сәбидің келуі – өмірдің бір ғанибет ғажабы. Шаңырақтарыңызды қуанышқа бөлеп, дүниеге келген сәбидің бауы берік, өмір жасы ұзақ болсын. Ер жетіп, сіздердің қолқанаттарыңыз ғана емес, ел тізгінін ұстар азамат болып өсе берсін, – деді Шиелі аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов.

Ал Шиелі көпбейінді орталық ауруханасының бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Бақтыгүл Мұсағалиева жаңа туылған нәрестелердің де жағдайы жақсы екенін жеткізді.

– Еліміз  мерекені ұлықтап, атап өтіп жатқан тұста  өмірге дені сау ұрпақ келіп, халық санының толыға түсуі бізді де шаттықа бөлеп жатыр. Қазіргі уақытта кішкентай шақалақтардың және аналардың денсаулықтары бірқалыпты. Аналардың бәрі сәтті босанды. Шыр етіп, дүниеге келген нәрестенің үнін есту анаға да, дәрігерге де үлкен бақыт. Міне, осындай бақытты сәтті бастан кешіріп, бауыр еті – балаларыңызды қолдарыңызға алғандарыңызға қуаныштымыз, – деді ол.

Айта кетейік, шежірелі өлкеде жылына екі мыңға жуық нәресте өмірге келеді. Сондай-ақ бөлімде бөбектерге барынша көмек қолын созып, күтім жасайтын қызметкерлердің де еңбегі өлшеусіз. Мақалаға тұздық болсын, төрт айдың ішінде Шиелі ауданында 530 шақалақ жарық дүние есігін ашқан. Яғни, Шиелі ауданындағы аналар демографияның өсуіне өзіндік үлестерін қосуда.

Тағы да оқыңыз: