Kyzylorda-news.kz Мектеп – болашаққа бастайтын, рухани азықтандыратын білім мен өркениеттің ошағы. Мектептің басты міндеті – жас ұрпаққа сапалы білім беріп, саналы да ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеп шығу. «Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды» демекші, мектептің жүрегіне айналып, шәкіртке білім берумен қатар, өмірлік бағыт бағдар беру жолында ұстаздың еңбегі орасан зор. Алтын ұясымен қоштасып, соңғы қоңырау соққан түлектер жуырда аттестат алып, білім нәрімен сусындатып, қанаттандырған ұстаздарын қуанышқа бөледі.

Биыл Шиелі ауданы бойынша мектеп бітіруші 869 түлектің 79-ы «Үздік аттестатқа», 58-і «Алтын белгіге» үміткер болып, жазбаша форматтағы емтихан тапсырған болатын. 11 жыл бойы мектеп қабырғасында алған білім мен тәрбиенің таразыға түскен сәтінде түлектер жоғары көрсеткішке жетіп, артылған сенімді ақтады. Нәтижесінде үміткерлердің барлығы сыннан сүрінбей өтіп, 79-ы «Үздік аттестат», 58-і «Алтын белгі» иегері атанды. Ал 9 сыныпты 1803 бала аяқтап, 192 оқушы «Үздік аттестат» алған. Бұл аяулы ұстаздардың есіл еңбегі мен талапты шәкірттердің ынта жігерінің нәтижесі деп білеміз. 

Шиелі аудандық білім бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, өткен жылдармен салыстырғанда биыл үздіктер саны артқан. Бұл дегеніміз үйдегі ата-анамен, өмір жолын білім саласына арнап, ұрпаққа сапалы білім берумен айналысып келе жатқан ұлағатты ұстаздардың жемісі һәм жеңісі екені белгілі. Себебі, ата-ана үшін, білім берген ұстаз үшін де шәкіртінің биіктен көрініп, үмітін ақтап жақсы перзент, үлгілі шәкірт болуы үлкен бақыт емес пе? Баланың тұла бойында тұлпардай тулаған дарынын танып біліп, оны дамытуға сүбелі үлес қосатын ұстаздар қауымының еселі еңбегінің көрінісі бұл. 

Қазақтың көрнекті жазушысы Жүсіпбек Аймауытов: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет. Бұл – күнелту емес, тамақ асыраудың жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе. Кімде-кім өзіне біткен ыңғайына қарай өз жолымен қызмет етсе, өз басына да, әлеуметке де үлкен пайда келтірмек. Өз орнында істеген адамның жұмысы да өнімді, берекелі болмақ, әр өнер, әр қызмет мемлекетке, әлеуметке қажет» деген болатын. Биылғы мектеп бітіруші жас түлектер бұл күрделі таңдаудан жаңылыспай, өз мамандығының шебері атанып, еліміздің ертеңгі тізгінін ұстар азамат болуына тілектеспіз.

Тағы да оқыңыз: