Kyzylorda-news.kz Күйбең тіршіліктің күйкі тірлігімен өтіп жатқан қоғамның мейірім мен қайырымға, жып-жылы алақанға мұқтаж екені байқалады. Тағдыр жазуымен егде жаста жалғыз өмір сүруге мәжбүр қария мен дерті жас талғамайтын ерекше жандарға біртұтас жүйелі жағдай жасау – біздің қоғам алдында тұрған ең маңызды міндет. Ал оны жүзеге асырушылар әлеуметтік қызметкерлер.

Еселі еңбек ескеріле бермейтін, десе де таңертеңнен кешке дейін бел жазбай жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкерлерді көпшілік тани бермейтіні рас. Шиелі удандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Ағыбай Төлегенов «Ақыл-есін жоғалтып, құлдыққа салынғандарды еліне қайтаратын да, құжаттарын қайта жасататын да, халықтың әлсіз топтарына көмектесетін де, науқас адамның қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасайтын да – осы әлеуметтік жұмыс мамандары» деп бастады әңгіменің әлқиссасын. 

Статистикалық мәліметке сүйенер болсақ, Шиелі ауданында экономикалық тұрғыдан белсенді 36 213 халық бар. Оның 34 406 жұмыспен қамтылған. Демек, жұмыссыздық деңгейі 5,0 процентті көрсетіп тұр. Жыл басынан бері халықты жұмыспен қамту орталығына жалпы 6687 азамат жұмыс іздеуші ретінде тіркелсе, бүгінгі таңда 2319 адам екі қолға бір күрек тапқан.

Бизнес-идеяларды дамытуға қайтарымсыз гранттар беру жоспарына сәйкес business.enbek. kz электронды ақпараттық порталы арқылы қабылданған өтінімдер негізінде ауданда бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттарды алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі комиссия отырысының хаттамалық шешіміне сәйкес, 149 азаматқа 400 АЕК мөлшерінде 1 380 000 теңге қайтарымсыз гранттар беріліп, өз кәсіптерін ашуда. 

Мәселен, жаппай кәсіпкерлікті дамытудың бағыты «Бастау Бизнес» жобасы аясында 879 азамат онлайн түрде оқып, сертификаттарын алды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 60 азамат уақытша негізде қызмет етеді. Ал жастар практикасына 350 азамат тіркеліп, оның 647-і жұмыс істеуде. Келісім шарт мерзімі аяқталған 184 тұлға тұрақты жұмыспен қамтылды. 

Шежірелі өлкеге аз қамтамасыз етілген азаматтарға атаулы әлеуметтік көмекті көрсетуге барлығы 411 млн 328 мың теңге қаржы қаралған. Жыл басынан бері мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алуға 986 отбасының 5434 мүшесіне 411 млн 324 мың теңге төленді. 

Осы орайда айта кетейік аудан бюджетінде аз қамтамасыз етілген отбасыларға тұрғын үй көмегін көрсетуге 183 мың теңге қаражат қаралып, жыл басынан 14 отбасының 60 мүшесіне 182,6 мың теңге тағайындалып көмек көрсетілді. 

Деректерге қарасақ, 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін 2197 отбасына 35 млн 319 мың теңгеге қайырымдылық көмектер жасалынды. 

2023 жылдың 31 желтоқсанға тіркелген мүгедектігі бар адамдар саны – 2348 болса, мүгедектігі бар адамдардың жеке оңалту бағдарламасы аясында гигиеналық құралдарға республикалық бюджеттен 45 млн 882 мың теңге, жергілікті бюджеттен гигиеналық және техникалық көмекші құралдарға 141 млн 476,0 мың теңге қаралып, барлығы 187 млн 358 мың теңгеге төлем жүргізілді. Бүгінде әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 1281 мүгедектігі бар адамдарға гигиеналық құралдарға өтінім қабылданып, 1281 адамға жеткізіліп берілді. Жүріп-тұруы қиын 94 мүгедектігі бар адамдар кресло арбамен, 145 азамат тифлоқұралдармен, 25 мүгедектігі бар адамдар сурдоқұралдарымен қамтамасыз етілді. 

Сонымен қатар 511 мүгедектігі бар адамдар протездік құралдармен қамтамасыз етіліп, 251 мүгедектігі бар адамдар санаторияға жолдамаға өтінім беріліп қанағаттандырылды. 6 мүгедектігі бар адамдардың орындары брондалып, ем көрсетілуі күтілуде. Әлеуметтік қызметкерлер – тек ғана жұмысшы ғана емес, сол үйдің жақын адамы болу қажет. Ең бірінші сенімділік қажет. Сол себепті жалғызбасты қариялар қызметкерлерге сенеді. Ал сала мамандары олармен хабарласып, жағдайын біліп тұрады. Олар бөгде жанды үйіне кіргізбейді. Неге дейсіз бе?! Қорқады. Бірақ еріктілер көмектескіміз келеді десе де әлеуметтік қызметкерсіз бара алмайды. Бұл дегеніміз – талай адамның тағдыры үшін алаңдайтын адал қызметкердің адал жұмысы. 

Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының Қазақстан бойынша сынамалы жоба ретінде ашылған алғашқы мекеме екенін ескерер болсақ, осындай жүгі ауыр көшті бастап жүрген Ағыбай Төлегенов пен «әлеуметтік қызметкер» атағын абыроймен алып жүрген, өз жұмысына ізгі ниетпен кірісетін әлеуметтік қызметкерлердің еңбегін елеусіз қалдырғымыз келмеді. Олар үшін өзгенің проблемасы деген түсінік жоқ, қиналған адам көрсе көмек қолын созады. 

Әлеуметтік қызметкерлердің осы салада тұрақтап қалуы да осы қасиеттерінде. Халқы үшін аянбай еңбек етіп, қалтқысыз қызмет ету табандылықты қажет етеді.

Тағы да оқыңыз: