Kyzylorda-news.kz Тарих беттерінде өшпесіз із қалдырған қазақтың батыр жігіттерінің ерен еңбегі қашан да алғы шептен табылған. Тәжік-Ауған жеріндегі аумалы-төкпелі уақытта от пен оқтың ортасында қаншама қандастарымыз қайсарлығын көрсетті. Өткенді білмейінше, келер күннің байыбына бару да мүмкін емес. Елін жаудан қорғап, өз басын қатерге тіккен батырларымызды кейінгі толқын ұмытпау керек. Осы орайда жұма күні Шиелідегі «Арман» мәдениет үйінде «Бабалар ерлігі – ұрпаққа аманат» тәжік-ауған соғысында болған жауынгерлерді еске алу шарасы өтті.
Тарихи беттеріндегі мәліметтерге назар салсақ, 1992 жылдың 15 сәуірінде ҚР Жоғарғы кеңесінің «Тәжік-ауған учаскесіндегі ТМД-ның сыртқы шекарасын күшейту туралы» қаулысымен 500 адамға жететін жеке құрама атқыштар батальоны құрылды. Қазақстанның мемлекетаралық келісім-шарттарына сәйкес, ҚазБат құрамы ІІМ Қарулы күштерінің бөлімшелері, ішкі әскерлері және ҰҚК шекаралық қызметі тәжік-ауған аумағында ТМД-ның сыртқы шекарасының оңтүстік шебін, Ауғанстанмен шектесетін ең ауыр және қиын бөлігінің тыныштығын күзетті. Олардың басты мақсаты – жалпы саяси жағдайдың тұрақтануына дейін тәжік-ауған шекарасындағы ахуалды ретке келтіру, сонымен қатар, гуманитарлық көмек тауарларының және босқындардың қауіпсіз жетуін қадағалау, маңызды нысандарды қорғау еді. Ауған-тәжік шекарасына аттанған сарбаздар Қазақстан егемендік алғаннан кейін сыртқа шыққан алғашқы әскер. 1992-2001 жылдары аралығында 9 жылға созылған бітімгершілік операциясы барысында Қазақстаннан 17 батальон аттанып, содырлармен арада орын алған қарулы қақтығыстарда, 49 қазақстандық сарбаз қаза тапты, көпшілігі жарақат алды. Осы жылдар ішінде 8,5 мыңнан астам қазақстандық әскери қызметшілер тәжік жерінде борышын өтеді.
Шекараны бұзушы қарулы топтармен қақтығыс барысында, заставаға бандиттік шабуыл, қазақстандық контингент құрамымен терактілер және диверсиялар нәтижесінде көптеген адам шығындары болды. Ең жойқын қақтығыс 1995 жылы Пшихавр шатқалында орын алды. Сол жерде болған шайқаста 17 қазақ жігіті қаза тауып, 33-і жарақат алды. Осы ұрыста шейіт болған 17 сарбаздың ішінде жерлесіміз Ержан Әбдиев те бар еді. Соғыс ресми түрде 1998 жылы аяқталғанымен, қазақ жауынгерлері 2001 жылға дейін шекара күзетінде тұрды. Осындай батыр да қайсар азаматтардың есімін өскелең ұрпаққа өнеге ретінде насихаттау мақсатында өткізілген шара өз деңгейінде жоғары басталды.
Тағылымға толы шараның шымылдығы әсем әуемен түріліп, көпшілік керемет әсерге бөленді. Одан соң бейбіт заманда бұрқ еткен тәжік-ауған жеріндегі қасіретті соғыс құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Шиелі аудан әкімінің орынбасары Б.Ысмағұлов ел басына күн туғанда жауынгерлік ерлік пен елдіктің өнегесін көрсеткен қаһармандарымызды бүгінгі қазақ елінің ұрпағы әрдайым мақтан ететіндігін айтты. Сондай-ақ жастардың бейбіт өмірдің бағасын біліп, өз Отанын сүюге, елінің патриоты болуына тілектестігін білдірді.
Айта кетейік, тәжік-ауған жерінде борышын орындаған жауынгерлердің арасында ұшқыштар, танкистер, сигналшылар және басқа да әскери өкілдер болды. Қазақ әскерлері батылдықпен күресіп, ұрыста ержүректілік танытты. Қазақстанның көптеген қалаларында срғыста қаза болғандарға арнап мемориалдық кешендер орнатылды. Жыл сайын бұл орында ардагерлермен кездесу өтеді, ескерткіштерге гүл шоқтары қойылады, концерттер ұйымдастырылып, соғыс жылдарына байланысты өлеңдер шырқалады. Бұл шаралардың баршасы да соғысқа қатысқан әскерлерге көрсетіліп жатқан сый-құрмет деп білеміз.
Қазіргі таңда Шиелі ауданы бойынша 142 ардагер бар. Оның ішінде Ауғанстан ДРА – 35, Ангола – 1, Куба – 1, Тәжік-ауған – 40, Чернобыль АЭС – 27, Таулы Қарабах – 15, Ирак – 1, Семей ядролық полигонына – 22 адам қатысқан.
Сонымен қатар шарада Қызылорда облысы Шиелі ауданының қорғаныс істер жөніндегі басшысы подполковник Руслан Шарипбаев пен тәжік-ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарының ардагерлерімен мүгедектері аудандық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байжанов сөз алып, бабалар ерлігі ешқашан ұмытылмайтындығын жеткізді.
Осылайша сонау тәжік-ауған жерінде қару асынып, жойқын ерлік пен жасампаз келешек жолында аянбай тер төккен ел перзенттері ұрпақ жадында ұмытылмақ емес. Адамзат баласын түптің түбінде құртып тынатын жаппай қарулану жолы енді ешқашан жаңғырмасын. Көпке ой салып, әсіресе ер азаматтарымыздың Отан алдындағы абыройлы борышын еске салып, намысын қайраған көрініс одан әрі тақырыпқа сай концерттік бағдарламаға ұласты.
