Kyzylorda-news.kz  Жазғытұры жаңғырса, жер бусанып, күн райы түрленіп, табиғи өзгерістердің болары белгілі. Ал биылғы көктем Шиелі өңірі үшін нөсерлі болып тұр. Ауадағы жауын-шашын мөлшері бұрынғыдан бірнеше есеге көп. Бұған дейін өткінші жаңбырдың өбіне алданып үйренген жұртшылық ауа райындағы жауын пайызының күрт жоғарылауына таңғалысып-ақ жатыр. Иә, табиғатқа жаңа тыныс беретін көктемгі жауынның орны бөлек. Ол мол болса, егін еккен диқан да, мал баққан шаруа да табысқа кенелетіні анық. Дегенмен, таяқтың екінші ұшы тағы бар. Бұл – күн күрт өзгерсе, жаңбыр суымен толып, көлшікке айнала кететін аудан көшелері.

«Өскен өңірдің» осыдан бір жыл бұрынғы санында тілші Сұлушаш Мадиярованың «Көлшікке айналған көшелер» тақырыбындағы мақаласы жарық көрген болатын. Ол аталған тақырып аясында аудандағы күн тәртібінен түспей тұрған осы мәселені кеңінен көтерді. Өзіміз күнде көріп жүрген Рысқұлов, Абылай хан, әл-Фараби, Байтұрсынов, Дәулеткерей көшелері 1 сағатқа жетер-жетпес жауған жауынның салдарынан көлшікке айналып үлгеретінін тілге тиек етті. «Тұрғындар, әсіресе, жауынды күндері қиналады. Жаяу жүрмек түгілі, көлікпен өтудің өзі мұңға айналған. Бұл проблема жаңбыр жауған сайын қайталанады» – деп жазған болатын.

Өткен аптада толассыз жауған жаңбырдан кейін осы мәселенің қайталануы анық еді. Себебі нөсерден кейін шаһарда кептеліс пайда болып, көлік қозғалысының қиындауы, жаяу жүргіншілер жолын су басып, тұрғындардың көшелерден әзер өтуі белгілі жайт. Дегенмен, таңғы уақытта редакция алдына жиналған жауын суын тартып жатқан су тартқыш машиналарын байқадық. Арнайы техникалардың көмегімен кент ортасында орналасқан Рысқұлов пен Абылай хан көшелерінің қиылысы көзді ашып жұмғанша судан тазара кетті. Бұл аталған көше тұрғындарына да, сол маңайда орналасқан мектептің білім алушыларына да қолжалғау болды. Себебі былтыр нөсер кезінде оқушылардың көлшік судан өтуі мұң болатын. 

Кент және аудан әкімдігінің дер кезінде әрекет етуінің нәтижесінде жүзеге асырылып жатқан бұл іс аудан халқына судан келетін кедергінің алдын алғаны рас. Бүгінде аудан бойынша көшелерді көлшікке айналдырған жаңбыр суын тазарту үшін арнайы техникалар жұмылдырылған. Бұл жөнінде:

– Көшелерді жиналып қалған жаңбыр суынан арылту мақсатында кент ішінде негізгі 3 машина, қосымша 2 машина жұмыс істеп жатыр. Қазіргі таңда суға толған барлық көшелер мен ғимараттардың айналасы тазартылып үлгерді. Әсіресе, ең көп су жиналатын Дүйсенбі Смайылов көшесі, РУ-6 шағын ауданында орналасқан жаңа көпқабатты үйлердің маңы мен орталық базар толық тазартылды. Бұндай жұмыстар кент ішінде жаңбыр жауған сайын тұрақты түрде жүргізіліп жатыр. Әрине, техникалық қауіпсіздіктерге байланысты көшелер күндізгі уақытта тазартылады, – деді жауапты сала маманы Ербол Жеңсікбаев. 

Әкімдік өкілдері бұл жұмыстарды әрі қарай кеңейту шаралары да жүргізіліп жатқанын айтады.

Бір жыл бұрын таспаланған Рысқұлов және Абылай хан көшелерінің қиылысындағы көлік және жаяу жүргіншілер жолының жағдайы бүгінде біршама өзгерген. Бұл жаңбыр жауса, әбігерге түсетін халықтың да сұрауына сеп болды. Десе де, көшелердегі суағарлар санының аздығы бұл мәселенің жиі қайталануына алып келеді. Кәріз жүйесі жүргізіліп үлгермеген жаңадан салынған жолдардың мәселесі тағы бар. Бұдан кейін қалпына келтірілмеген асфальт пен ойдым-ойдым жөнделген жолдың беті жаңбыр тамса, көлге айналатыны белгілі. Бұл аудан игілігіне атқарылып жатқан жұмыстардың бетін жылы жауып қана қоя бермек. Мәселен, аудан әкімінің бастауымен өткен жылы ғана жөнделген 49 көшенің құрылысы аталған мәселенің салдарынан зардап шегіп жатса, жұрт игілігіне жөнделген жердің қаржысы көкке ұшпай ма? Бұның барлығы қалыпты жағдайға айналмас үшін дер кезінде ескерілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Тағы да оқыңыз: