Kyzylorda-news.kz «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейді. Ағаш өсіруді бала тәрбиелегенмен пара-пар дегенді халық ертеден айтады. Ендеше, баланы туылғанынан өмірдің ызғарлы желіне төтеп беретін бекем, берік қылып өсіруді мақсат тұтатындай ағашты да табиғаттың алапат күшінен аман қалдырып, тамырын қаққан қазықтай мығым ету үшін күтімі күпті, бабы мықты болу керек.

Шиелідегі Жастар ресурстық орталығының жасыл желекке айналуына қолы қалт етсе гүл егу, түрлі ағаш көшетін отырғызу, оны суарып, бабын жасаумен айналысатын, су саласының үздігі Әлияр Сейітов ақсақалдың орыны ерекше. Себебі, 2023 жылдың ақпан айының соңында Әлияр ақсақалды жастар орталығына арнайы шақырып, мекеменің айналасын қалай көгалдандырудың тәсілдерін үйретуіне қолқа салдық. Әлияр ақсақал ағаш егуді, оны күтіп баптаудың түрлі айла тәсілдерін үйретті. Жыл бойы мекемеге келіп, ағаштардың қалай өсіп тұрғанын бақылап, ақыл кеңесін айтып отырды.

Бүгінгі таңда Шиелідегі Көкшоқы мөлтек ауданы, Ә.Палымбетов көшесінің бойында орналасқан Жастар орталығының ауласында 480 түп ағаш, 10-нан астам гүлдің түрі өсіп тұр.

Бұдан біздің түйген ойымыз да біреу. Табиғат-Анаға көрсететін құрметімізді науқандық сипаттан арылтып, шынайы жанашырлықпен жұмылсақ игі болар ма еді? Себебі, Жер-Ана да қамқорлықты аңсайды. 

Тағы да оқыңыз: