Kyzylorda-news.kz Түнеукүні «Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне» орай Шиелі аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитеті мен Шиелі аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен, шежірелі өлкенің білім саласы жастарына арналған шара өткен болатын.

Тағылымы мол шара ең әуелі Шиелі аудандық мәслихат депутаттары Мұрат Өскенбайұлы, Қанат Жаңабатырұлы, Нұргүл Тәңірбергенқызы және Шиелі аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Шахизатұлымен «Еркін пікір» диалог алаңында кездесуден бастау алды. Кездесу барысында халық қалаулылары жастармен жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы баяндап, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.

Әрмен қарай диалог алаңы «Таза Қазақстан» акциясы аясына, орталық ауласына гүлдер отырғызып, үлес қосумен жалғасын тапты. Содан соң табиғат аясында тимбилдинг өтті. Бағдарламасы түрлі ойындардан тұрған тимбилдинг тартысты, әрі қызықты өтті. Дәл осындай белсенді жас ұстаздарға арналған шаралар жалғасын таба бермек.

Қоса кеткен жөн, аудандағы жастар басы тоғысатын орталық 2017 жылдан бастап жүйелі жұмыс істеп келеді. Бүгінде Шиелідегі жастар ресурстық орталығына Ержан Әбдешов басшылық етеді.

Жалпы Шиелі ауданында 14-35 жас аралығында – 25 442 жасты құраса, оның ішінде кент жастары – 11 836, ауыл жастары –13 606. Жастар аудан халқының 30,2 пайызын құрап отыр.

– Аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша әртүрлі бағытта 104 шара ұйымдастырылған. Қазіргі уақытта әртүрлі бағыттар бойынша жастарға жан-жақты кеңес беру, сонымен қоса волонтерлік жұмыстарды қалыптастырамыз. Жастардың бос уақыттарын тиімді өткізу бойынша да әртүрлі іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Ендігі мақсатымыз – аудан жастарын еңбекке баулып, патриотыққа тәрбиелеу. Сондай-ақ жас отбасыларға өнегелі отбасыларды дәріптеп, сыйластықты қалыптастыруға бағытталған шаралар жүргізіліп отырады, – дейді орталық директоры.

Елдің ертеңіне айналып, жауапкершіліктің ауыр жүгін арқалаған жастар Шиелі ауданында да назардан тыс қалған емес. Әсіресе, жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында бірнеше шара ұйымдастырылды. Атап өтер болсақ, Шиелі ауданы бойынша тіркелген кәсіпкерлер саны – 7071 құрап отыр. Оның ішінде жас кәсіпкерлер 14 пен 35 жас аралығында – 1800.

Тағы да оқыңыз: