Kyzylorda-news.kz Өткен жыл – еліміз үшін тарихи жыл болды. Нақ осы датада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа арнаған Жолдауын жариялады. Жаңа Жолдауда елімізде ақсап тұрған салалар жан-жақты қамтылды. Атап айтқанда, қоғам талабына сай елдің экономикасын дамыту, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына басымдық беру, аумақтық даму, адамзатты алаңдатып отырған экология, жастар тәрбиесі секілді өзге де мәселелер тұздық болды.

Президент Жолдауын шиеліліктерде ауызбіршілікпен тыңдап, онда көтерілген мәселелерді оң қабылдаған-ды. Жолдауда қойылған мақсат-міндеттерді орындауда жауапкершілік пен қойылған талаптың үдесінен шығу – қазіргі заманның өткір талабы болып отыр. Президент мемлекетіміздің болашағы – жас ұрпақтың болашағы үшін атқарылатын міндеттерге ерекше тоқталған болатын. Сондықтан бүгінгі жаһандану заманында ұрпағымыздың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бұру үшін қоғам, ата-ана, мектептің өзара тығыз байланысы ауадай қажет. «Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси экономикалық реформаға жасау жеткіліксіз. Ең бастысы қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеру керек» деді Мемлекет басшысы.

Көпшілікпен бірге Президент Жолдауын тыңдаған ауданның зиялы қауым өкілдері өз пікірлерімен бөлісіпте үлгерген-ді.

– Президент қоғамдық сананы көтеру, білімін жетілдіру керектігін айтты. Бұл шындығында біздің халыққа керек дүние. Қазақ халқы үлкенді сыйлаған, кішіге қамқорлық жасаған, жетімін жылатпаған сондай тәрбиелі, ғибратты халық. Осы бағытта біз идеология мәселесіне мән беруіміз қажет, – деді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Шарайна-Сейхун» газетінің бас директоры Нұрмахан Елтай.

Ал білім саласының ардагері Нәйла Палымбетова болса, төмендегіше пікірін қосты:

– Бұл Жолдауда білім саласына барынша назар аударылды. Өйткені, білімсіз ел ол – тоқырайтын ел. Бүкіл ұстаздарға өз кәсіби шеберліктерін ылғи дамыту керектегіне тоқталды. Мәселен, ол өз сөзінде 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есеге көтеріліп, дәрігерлер айлығының айтарлықтай көбейгенін, қазір олардың табысы елдегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары екенін және жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігінің берілгенін, миллионға жуық адам осы жобаның игілігін көріп, баспаналы болып жатқанын атады. Сондай-ақ, Президент «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп бой көтеріп, ауылдық жерде қазір 300-ден аса денсаулық сақтау нысаны салынып жатқанын, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынып, соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайтынын және игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын тілге тиек етті. Әрине, мұның бәрі ел игілігі үшін жасалып жатқан жақсылықтар.

Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін ауыл шаруашылығының мамандары жақсы түсінеді. Негізінен алғанда нарықтық экономикаға сәйкес жеке шаруашылық миллиондаған ауыл тұрғындарына табыс табуға мүмкіндік береді. Қарапайым ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланатындығы аян. Жерді еміп өскен ауылдағылар үшін алдағы уақытта субсидия беру және салықтық жеңілдіктер ұсынатын бағдарламалар аясында тиісті шаралар топтамасын әзірлеу туралы тапсырмалар беріледі. Агроөнеркәсіп саласындағы негізгі міндеттер – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз ету, ауыл тұрғындарының табысын арттыру, еңбек өнімділігін екі жарым есе көбейту, агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспортын арттыру міндеттері де алдағы уақыттың еншісінде. Жолдаудан түйіндейтініміз, замана үздіксіз қозғалысты, мықты күш-жігерді, табанды еңбекті талап етіп отырғаны анық. Сол себепті жаңа жағдайдағы Қазақстанның жарқын келешегі еліміздің әрбір азаматының қажырлы да табанды еңбегіне байланысты болмақ.

Мұнымен қатар елімізде суды үнемдейтін озық технологияны тездетіп енгізу қажет. Оның қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Президент суды ысырапсыз пайдалану үшін 20 жаңа бөген салып, кемінде 15 қойманы бастан-аяқ жөндеуді тапсырды.

Ллпысты алқымдаған Архарбек Әбілдаев та Жолдауға қатысты өзіндік үнін қосты. 15 жылдан бері жерден өз несібесін жинап жүрген жан өз пікірін білдірді. Жаңа саяси құжатта Президенттің ушыққан мәселені дөп басқанына шексіз риза. Себебі биыл диқанның егіс алқабының тең жартысына жуығы ағын судың аздығынан қурап қалуға сәл-ақ қалған. Сондықтан су саласын реттеуге қатысты жаңа министрліктің құрылатыны бір әулетке біріккен диқандарды қуантып отыр.

– Оған біз әрине, қуанып отырмыз. Біз сияқты шаруа қожалықтарға су ауадай қажет. Жыл сайын су тапшылығын тартамыз. Жаңа министр тағайындалса, енді су тапшылығы болмайды деген сенімдеміз, – деді Архарбек Әбілдаев.

Ауыл шаруашылығын ғылыммен ұштастыру – экономиканы әртараптандырудың негізгі тетігі. Бұл Президент Жолдауын тыңдаған шиелілік жастардың пікірі. Ал ауданның зиялы қауым өкілдері – агросекторды қайта түлетуге теңдессіз мүмкіндік туып тұрғанын жеткізді. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы, заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы құрдымға кетеді. Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет деп қадап айтты.

– Елімізді былай қойғанда, ауданымыздың өзінде талантты жастар өте көп. Олардың көбі қазақстандық қоғамнан өздерін көрсете алмағандықтан, өзінің ортасын таба алмағандықтан шетелге кетіп қалып жатыр. Осыған мейлінше ден қойып, ауыл шаруашылығын іс жүзінде кәдеге асыруға шаралар керек-ақ, – дейді Шиелі аудандық «Жастар ресурстық» ортылығының директоры Ержан Әбдешов.

Тағы да оқыңыз: