– Қайырлы күн, Құттықыз ханым! Келе жатқан мерейлі мерекелеріңіз құтты болсын! Қайбір жылы шежірелі өлкеміз Шиеліде өлкетану музейінің болмауынан руханиятымыз ақсап тұратын-ды. Шүкір, қазіргі таңда сол ойықтың орны толып, жұрттар жиі бас сұғатын, тарихтан түрлі мәлімет алатын, құнды мекенге айналып үлгерді. Алдымен әңгімемізді сіз басшылық етіп отырған тарихи орынның өткені мен бүгінінен бастасақ…

– «Музей» дегеніміз грек тілінде – «museion» муза сарайы, яғни, тарихи-ғылыми дерек ретінде ескерткіштерді, өнер туындыларын, мәдени құндылықтарды т.б. мұраларды сақтап, жинақтап, ғылыми-танымдық қызмет атқаратын мекеме.

Бүгінгі жаһандану заманында еліміздің тарихы мен айбарын халыққа танытып, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолындағы жоспарлар мен істерді ел ішіне жеткізу маңызды да жауапты міндеттің бірі болып отыр. Осы орайда, халқымыздың ғасырлардан тамыр тартатын өткенін, яғни, тарихын халық арасына, кейінгі ұрпаққа таратуда музейлердің маңызы зор.

Музей – ғылыми, мәдени-тарихи орталық. Музейлер – бірнеше дәуірдің тарихын, этнографиясын, тарихи тұлғаларын, өнерін жинақы түрде ұрпақтан ұрпаққа жалғап отыратын институт. Сонымен қатар ол жинақталған мұраны ғылыми түрде зерттеп, зерделеп, халықтың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін танытып отырады.

Шиелі – мақтауға да мақтануға тұратын, жерінің байлығы құт-қамбамызға ырыс болып төгілген, елінің иманы ар-ұят болып өрілген қымбатты да қасиетті мекен. Оның киелі топырағында күллі түркі әлемінің көрнекті қайраткері Мұстафа Шоқай, дән атасы – Ыбырай Жақаев, ән атасы – Нартай Бекежанов, ғұлама ғалым бастаған алыптардың ізі сайрап жатыр. 

Ал біз үшін, бір ғана Шиелі ауданында үш музей болу үлкен жетістік, басқа ауданда өлкетану музейі болғанымен, мемориалдық музейлер кемде-кем. Сондықтан да, ән атасы – Нартай, дән атасы – Ыбырай деп атап жүрген аталарымыз Шиелінің даңқын көкке көтеріп келеді.

– Шежіреге құндақталған Шиелі – тарихқа бай аудандардың санатында. Осы тұста музейдегі құнды жәдігерлердің бірсыпырасын атап өтсеңіз?

– Музейде қазіргі таңда 10 886 дана экспонат бар. Оның 7055 негізгі, 3831 қосымша. Бұл – үлкен байлық. Бірақ айта кететін жайт, 1982 жылы музей алғаш рет ашылғанда тек қана құжаттар, суреттер, ордень, медальдар жинақтаған. Сондықтан, музейде құжат мен сурет қордың негізін құрайды. Ағылшындар «Қандай істің де табысты болуы – керекті жеріне керекті адамның келуінен» деп айтады екен. Сол айтқандай қай деңгейдегі музей, не басқа да мәдениет ошақтарының гүлденуі, жақсы жұмыс істеуі жергілікті басшылардың көзқарасы мен қамқорлығына көп байланысты. Негізі қай жерде де жақсы музей болуы үшін материалдық жағынан басқа үш фактор қажет. Олар музейдің қоры – бар жиған-тергені, екіншісі – жасақталған ғылыми экспозицияны көрсете білу, үшіншісі – жан-жақты білімді, өз ісіне адал, жан-тәнімен берілген қызметкерлерді топтастыру. «Бар жаңалық негізгі – ұмыт болған көнеде» дейді халық даналығы. Музей мен тарих етене тығыз байланыста. Тарихтың тірі куәлары – көнеден қалған қорымдар, құлпытастар, зергерлік және тағы басқа бұйымдардың уақыт өткен сайын мүжіліп, тозып, жоғалып бара жатқандығын, көнекөз қариялардың да мәңгілік өмір сүрмейтінін ескерген жөн. 

Көненің көзіндей, тарихтың өзіндей болған жәдігерлерді жинақтап, жүйелеу, оларды келешекке сақтап жеткізу, өзге жұртқа барымызды көрсетіп насихаттау – абыройлы міндеттің бірі. Қазіргі таңда қоғамда мұражай ісіне, мұражай құндылықтарына деген талап пен қызығушылық артып келеді. Отандық мұражай қызметіне, ондағы тарихи-мәдени мұраларға деген сұраныс халықаралық деңгейге дейін көтерілді. Қоғамда мұражайдың тек әлеуметтік емес, тарихи-мәдени мұраларды сақтайтын мәдени-ғылыми институт, ғылыми ақпараттар жүйесінің орталығы ретінде маңыздылығы артты, музей ісіне деген қоғамның қызығушылығы да өсіп келеді.

Кетпенімен еңбек гимнін жазған диқан Ы.Жақаевтың көркем бейнесін жасау – ол ұрпақ міндеті. Білімі жоқ, білек күші бар, оқығаны болмаса да тоқығанымен, қажырлы еңбегімен әлемді таң қалдырған Ы.Жақаев жайында қарымды қаламгерлеріміз талай туындыны дүниеге әкелді. Бүгінгі күнге дейін Мәскеу мен Алматының, сонау Германиядағы неміс драматургі Бертольд Брехт те туындыларында Жақаев ерлігін арқау еткен. Өзінің «Менің бақытым», «Өмір жолдары» кітабы да диқан бейнесін толық ашатындай көркем дүниелер.

Ыбекеңнің еңбек үрдісіне сай облысымызда «Жақаевшылар қозғалысы» кеңінен өрістеді. 1964 жылы «Жас ұрпаққа сәлем хатын» жолдағаннан кейін жастар арасында жақаевшылар қозғалысына биыл 60 жыл толып отыр. 

Жақаевшылар қозғалысының 60 жылдығына байланысты шараларды қазан айында өткізу жоспарланып отыр. 

Даңқты диқан атында күріштен мол өнім алған егіншілерге берілетін «Ы.Жақаевтың еңбек аттестаты» белгіленіп, аудан орталығынан атақты күрішші есімін иеленген республикалық мектеп ашылып, онда егіншілер теориялық білімдерін бай тәжірибемен толықтырып отырды. Қазір ауданымызда өзі құрған «Қызылту» колхозы мен бір орта мектеп және орталық көше, Ы.Жақаев есімімен атанды. 1982 жылдан бері Ыбекеңнің атындағы күріш өсіру тарихы музейі жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда Ы.Жақаев ауылында атамызға ескерткіш орнатылған. Атамыз жайлы қаншама ақындарымыз өлең жырларын арнап, кітаптар жазылды.

– Мұнан өзге музей қонақтарын селт еткізетін экспонаттарды сөйлетсеңіз…

– Музейге келгендер қайың сапты үлкен диоганалды кетпенді көргенде «Мына кетпенді қария қалай көтерген?» деп таң қалады. Ең құнды экспонаттары – кетпені, байтесесі, қазақы орағы, ағаш-темір соқалары, аяқ көрік пен қол көрік халықты таң қалдырады. Астана қаласындағы Ұлттық музейінен «Алтын адам» реконструкциясын 2016 жылы осы Жақаев музейіне алып келіп, аудан халқы, қонақтары, аудан көлеміндегі мектеп оқушылары тамашалады. Бұл ауданның жетістігі, Ы.Жақаев атамыздың құдіретті еңбегі.

– Ерекшелігі сол, тарихқа тұнған музейдің табалдырығын аттай қалсақ, жайқалған гүлдер мен жасыл желек көздің жауын алады. Ерекше әсер сыйлайды. Біз мұны мұражай қызметкерлері экспонаттармен жұмыс істеп қоймай, ғимарат айналасына да жіті мән береді деп топшыладық.

– Иә, гүл менің екінші демім десем де болады. Гүлсіз өмір мәз емес, мәнді де болмайды. Сондықтан да көркейту- көгалдандыру жұмысына етене көңіл бөлемін. Музей ауласының көз тартар келбетіне сүйсінгені соншалық, аудан тұрғындары арнайы келіп суретке түсіп кетіп жатады.

– Күні бүгінге дейін сіздердің ұйымдастыруларыңызбен нендей іс-шаралар өтті? Жаңашылдықтарға да аз-кем аялдасақ…

– Даталық мерекелік іс-шарадан басқа бізде жобамыз да бар. «Музейдегі сұхбат», «Кеше, бүгін, ертең», үш тілдегі экскурсияны мектеп оқушыларына «Мирас» клубы арқылы жәдігерлеріміз жоспарлы түрде жүргізіледі. Музей – өлкемнің тарихы, халқымның қазынасы, ел-жұрттың тағдыры, менің де тағдырым. Осының бәрі келешек ұрпаққа аманат.

– Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейі жылдағы дәстүрден жаңылмай «Халықаралық музей күнін» өз деңгейінде атап өтетінін білеміз. Ал биыл аталған мерекеге қандай жоспар бар?

– 18 мамыр – Халықаралық музейлер күні. Қазақстанда музейлер күні 1977 жылдан бастап тойланып келеді. Қазір 47 жылдық тарихы бар бұл мереке Ы.Жақаев ауылындағы Ыбырай Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейінің ауласында өтеді. Қараша үй құрылып, Социалистік Еңбек Ерлері Ыбырай Жақаев, Закира Ержанова, Ұлбала Алтайбаева, Шырынкүл Қазанбаева, Жадыра Таспамбетова, Айша Меңлібаева ата-апаларымызды сомдап, музей қорындағы атамыз ұстап тұтынған заттардан көрме қойылса, әжелеріміз ұлттық салт-дәстүр бойынша, күбі пісіп, ұршық иіріп, яғни музейдегі тұрған экспонаттарға жан бітіріп, жәдігерлерді қозғалысқа ендіреді. Мақсатымыз: ата-бабаларымыздың қолданған тұрмыстық заттарын келешек  ұрпақтан ұрпаққа сақтау, дәріптеу, насихаттау, оны халыққа жеткізу.

Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейінде «Халықаралық музейлер» күніне байланысты Ашық есік күні өткізіледі. Ауданның барша халқын музейге келіп, тамашалауға шақырамыз.

– Әдемі әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан

Таслима ӘЛІШЕР

Тағы да оқыңыз: