Kyzylorda-news.kz «Халық айтса, қалт айтпайды» деген тәмсіл бар. Құндылығы сол, ғасырдан-ғасырға ілесіп келеді. Шиелі аудандық білім бөлімін басқарған кімдер деп сұрай қалсаңыз, жиырмадан аса басшылардың ішінен Н.Еспенбетов, Ә.Бекпенбетов, Е.Есенгелдиев, Д.Тайманов және Ж.Зермұхамедовтердің есімі аталады. Сондай-ақ мектеп директорлары арасынан Ә.Ахметов, М.Рүстемов, Н.Аханова, Р.Мауияұлы, А.Бәкіров, С.Аймаханов, К.Жәукебаева, Х.Құнанқараев, Б.Есенов, Қ.Палмағанбетов, Ж.Баймұратовалар көбірек ауыздарына ілігеді. 

Бұл дегеніміз – білім бөлімінің менгерушілерінің де мектеп директорларының да халыққа танымал болып, жасаған еңбектерінің абырой биігінен көрінгендігінің белгісі болса керек. Ондай жетістік кімнің болса соның пешенесіне жазылмаған. Оған зор ізденіс, адал еңбек, біліммен біліктілік, күш-қайрат, ұлағаттылық жеткізеді. Бізді ұстаздарымыз мектеп қабырғасында өмір сүруге,  еңбек етуге тәрбиеледі. Бізге үнемі «Оқушылар, адам өмірде екі нәрседен қателеспеуі керек. Біріншіден, мамандық тандаудан, екіншіден, жар таңдаудан» деп айтып отыратын. Әрине, әркімнің сүйіп тандаған мамандығы өзіне қымбат. 

Дүниедегі ең қымбат, ең құрметті, ең мәртебелі де сыйлы мамандық – мұғалім. Мұғалім – мектептің жаны. Олар оқушылардың күнде салар әні, ел ертеңі саналатын өскелең ұрпақты тәрбиелейтін, білім нәрімен сусындататын өлшемі шексіз, мәртебесі биік мамандық иелері.

Кезінде Шиелі іргесіндегі Жаңатұрмыс ауылының қарадомалақ баласы Байділда мұны білді ме, білмеді ме, әйтеуір, мұғалімдікті таңдапты. Талабына нұр жауғыр оқушы сол жылы-ақ мақсатына жеткен болатын. Оқуға жаны құмар Б.Есенов 1946-1949 жылдары «Жаңатұрмыс» ауылындағы бастауыш сыныпта оқып, ал 1950-1956 жылдары №45 «Октябрьдің 14 жылдығы» атындағы қазақ орта мектебінде жалғастырып, үздік бітіреді. Сол жылы Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтының физика-математика факультетіне түсіп, 1961 жылы тәмамдап шығады. Байділда Есенов 1938 жылы 14 сәуірде қазіргі Байсын ауылында дүниеге келген. Өзінің еңбек жолын №149-шы «Қызылту» орта мектебінде физика және математика пәнінің мұғалімі болып бастайды. 1967 жылы 23 тамызда Жаңатұрмыс ауылындағы №207 мектепке директордың оқу-тәрбие жөніндегі орынбасарлығына тағайындалады. 1974 жылы Б.Есеновтің еселі еңбегі бағаланып, оны осы мектепке директор етіп бекітеді. 1977 жылы Б.Есенов денсаулығына байланысты өтініш жазып, мектепте пән мұғалімі қызметін атқарады. Өзінің қарапайымдылығымен, көркем мінезімен, сабырлы да салмақты ұстанымымен ұжымдағы беделін төмендетпей, сыйлы қалпын сақтай біледі. 1981 жылы аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Ж.Зермұхамедовтың 15 желтоқсан 1981 жылғы №526 бұйрығына сәйкес, ол қайтадан №207 мектеп директорының оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары қызметіне кіріседі. Мектептің білім сапасын дамытып, тәрбие деңгейін көтеріп, талапқа сай белсенді қызмет атқарып көзге іліккен Б.Есеновті аудандық оқу бөлімі 1985 жылы қайтадан №207 Жаңатұрмыс мектебіне директор етіп тағайындайды.Ол 1989 жылы сынып бөлмелерінің жетіспеушілігін ескеріп, қосымша 4 сынып бөлмесін соғып қосады. Оқушылар саны 180-ге жетеді. 9 сынып оқытылып, 15 ұстаз сабақ береді. Бұл директор Б.Есеновтың талпынысы, ізденісі болатын.Ол көрнекті қазақ ақыны, Алаштың алғыр ойлы азаматы Мағжан Жұмабаевтың «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады» деген сөзін ескеріп, үнемі басшылыққа алады. Соның нәтижесінде таза еңбек атқарып, жемісті жетістіктерге қол жеткізеді. 

Б.Есенов бүкіл мектептің жұмысын игеру, оқушылардың ата-аналарымен танысып-білісу, ұстаздардың жеке қабілеттерін, шығармашылықтарын, сабақ берудегі тәжірибесін зерттеп, белгілі бір қорытынды шығарып, әр педагогті, әр баланы жеке-жеке бағалап, мектептің педагогикалық кеңесінде үнемі жария етіп отыруды жолға қойған. Б.Есенов 1985-1992 жылдар аралығында денсаулығына қарамастан, тапжылмай директорлық қызметін мінсіз атқарады. Туған жеріне деген ыстық махаббатын аямайды. Ауданның, ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласып, дем береді. Мектеп ұжымының ауызбіршілігін сақтап, өзгелерге үлгі ету мақсатын көздейді. Б.Есеновтың денсаулығы сыр беріп, 1992-1996 жылдары мектепте мұғалім болып, 1996 жылы мектеп директорының оқу-тәрбие жұмысы бойынша орынбасарлығына қайтадан тағы бекітіледі. Іскер басшы, ұлағатты ұстаз 1997 жылы 12 қазан күні 59 жасында дүниеден озады.

Байділда Есенов осы 36 жыл ұстаздық ғұмырында мұғалімге тән азаматтық болмысынан айнымай, қажымай жұмыс істеген. Оның өлшеусіз толағай еңбегі ескеріліп, 1970 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 1991 жылы «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталады. Сондай-ақ Шиелі аудандық халыққа білім беру бөлімінің, облыстық білім басқармасының Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарын иеленген. 

«Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, Байділда ағай мен Рабиға апай екі ұл, төрт қыз тәрбиелеп қанат қақтырды. Ұлды – ұяға, қызды – қияға қондырды. Бәрі үйлі-баранды. Айтарымыз ардақты, еліне сыйлы, артына өшпес із қалдырған, шәкірттерінің бойына қажыр-қайрат, ой-санасына білім нұрын, тәрбиенің салт-дәстүрін құйған ұлағатты ұстаз, Есенов Байділдаға бүгінде қандай құрмет жасалсада артық етпейді. Сонан бері қанша уақыт өтсе де, оның жарқын бейнесі мектеп мұғалімдері мен ауыл тұрғындарының көкейінде жүр. 

Тағы да оқыңыз: