Жуырда Шиелі ауданы әкімдігі жанындағы «Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және әріптестік жөніндегі аудандық кеңес» отырысы өтті.

Үкіметтік Емес Ұйым – қоғам дамуының негізгі қозғаушы күштерінің бірі. Бүгінгі таңда үкіметтік емес сектор азаматтық қоғамның ажырамас бөлігі және оның дамуының тікелей көрсеткіші болып табылады. 

Кеңес отырысын Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов ашып, жүргізді. Кеңес отырысына кеңес мүшелері, бөлім басшылары, БАҚ өкілдері қатысты. 

Күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Бірінші мәселе бойынша, Шиелі ауданының қоғамдық даму бөлімінің 2024 жылға жоспарланған әлеуметтік жобалары және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі өзекті мәселелері туралы Шиелі аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Есенбаев Кенжехан Шахизатұлы баяндама жасады. 

Екінші мәселе бойынша, Шиелі ауданының 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және алдағы атқарылатын міндеттер жайлы аудандық экономика және қаржы бөлімінің маманы Алиахмет Әбдисадиков баяндама жасады. 

Үшінші мәселе бойынша, аудан тұрғындарының арасында спорт саласын дамыту бағытындағы әлеуметтік жобаның тиімділігі жөнінде алда атқарылатын жұмыстар туралы хабарлама жасау үшін сөз аудандық дене тәрбиесі спорт және туризм бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ермағанбетов Беркінбай Садықұлы баяндама жасады. 

Баяндамашыларға кеңес мүшелері тарапынан өзекті сауалдар қойылып, ұсыныстар айтылды.

Бүгінде Шиелі ауданы бойынша 27 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Өкініштісі олардың ешбірі өңірде ұсынылып жатқан жобалардың жеңімпазы атанбай келеді. Осыны сынға алған Болатбек Ысмағұлов аудандық үкіметтік емес ұйымдармен түсіндірме жұмыстарын, қажет болса тәжірибесі қалыптасқан ҮЕҰ-мен семинар ұйымдастыруды тиісті бөлім басшыларына тапсырды. 

Сондай-ақ халыққа пайдалы, тұрғындардың тұрмысын жеңілдетіп, әлеуметтік серпін беретін жобаларды қашанда қолдауға дайын екенін жеткізді.

Тағы да оқыңыз: