Kyzylorda-news.kz Тоғыз жолдың торабында орналасқан, тарихымен көпшілікті тамсандырған Шиелінің "киелі мекен" атануы бекер емес. Нақ осы өлкенің бүкіл елге ғана емес, шетелде де кеңінен танымал бренді жетерлік. Шиелі десе күріш, "күріш" десе Шиелінің еске түсетіні тағы бар. Яғни, бұл өлкенің экономикалық, ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығының әлеуеті зор. Шиелі – есімі елге етене таныс қайраткер тұлғалардың Отаны. Туған жеріне өшпес ізін қалдырып, елеулі еңбек еткен, мұқым елге мәлім Ыбырай Жақаевтың, Жадыра Таспамбетова мен Ұлбала Алтайбаевалардың туған жері.
Өткен жылы бұл киелі мекен – тоқсан беске келді. Иә, бір ғасырға иек артқан тамырлы тарих. Межелі мерзім, мерейлі күнді Шиелі жұртшылығы қалай атап өтті? Шолу жасап көрелік...
Елден елді даралап тұратын оның салт-дәстүрі, ұстанымы мен мәдениеті, әдебиеті һәм руханияты десек қателеспейміз. Қасиетті қара домбыраның қос ішегіндей қатар тартылған дәстүрін дәріптеп, мәдениетін мәуелі етіп жүрген Алаш айдарлы халқымыздың мыңжылдықтардан тарамдала тамыр тартқан әрі уызы тұнған ұстанымдарына тиек болып төселген оның руханияты мен мәдениетіндегі төл өнері екені анық. Бұл сүрдекте әнші, биші, күйші, әртістер мен мұрағат, мұражай һәм кітапхана қызметкерлерінің еңбегі ерен деп айшықтауға да толыққанды негіз бар. Шиелінің 95 жылдығында өнерді асқақтатып жүрген аталған сала мамандары қызу дайындыққа кірісіп, тұрғындарға ерекше тарту сыйлауға тырмысып бақты. Мерейтойға арналған бағдарламалар да қызу дайындық пен өз деңгейінде өткен болатын.
95 жылдыққа арналған концерттік бағдарламаның легі "Туған елге тарту" ауылдық округтер арасындағы фестиваль тұрғындарға жол тартып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлаудан басталған-ды.
Сонымен қатар шежірелі өлкенің 95 жылдығына орай жазушы Оразбек Сәрсенбаевтың 85 жылдығына арналған «Сұлу Сырдың бойындағы иран бақ» атты облыстық ақындар жиыны өткен-ді. Дүйім жұрттың делебесін қоздыратын аламан айтыс күні бүгінге дейін көптің аузында. Ал ерекше жандар арасында мерейтойға арналған «Көрікті Шиелім» атты өнер фестивалі өтіп, артынша «Шиелі – туған мекенім, мәңгілік мақтан етемін» атты әдеби кеш ұйымдастырылған-ды.
Ғасырлық жолда қасиетті мекенде небір таланттар дүниеге келіп, Шиелінің шыңдалуына сүбелі үлес қосты. Есімдері ел тарихына енгендері қара шаңырақтың айбыны іспеттес. Аты аңызға айналған жеті әулие, Алаштың ардақтысы Мұстафа Шоқай, атақты әнші-палуан Иманжүсіп, Сыр сүлейлері Бұдабай, ағайынды Мәнсүр мен Нартай, қазақ ғылымы, әдебиеті мен мәдениетінің көрнекті өкілдері Әуелбек пен Қалжан Қоңыратбаев, Әбділда Тәжібаев, Шахмардан Есенов, Қалмақан Әбдіқадыров, Мырзабек Дүйсенов, Мүсілім Базарбаев және екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев бастаған 41 Еңбек Ері бұл өлкенің киелілігін білдірсе керек.
Кешегі күн – бүгінгі тарих. Бүгінгі тарих – ертеңге аманат. Қасиетке құндақталған бұл өлкенің торқалы тойы – ғасырлық ұлы белеске шығар алдындағы тарихын таразылап, аманатына адалдық танытқан өнегелі ісіндей болды.
Жыл өткен сайын өңіріміздегі мәдениет ошақтарының материалдық-техникалық базалары жаңғыртылса, бірнеше ауылдарда жаңа ғимарат халықтың игілігіне берілді. Десе де, кейбір елді мекендерде апатты жағдайда тұрған клуб үйлері әлі де бар. Сол тозығы жеткен ғимараттардың орнына жаңасын салу аудандағы мәдениет саласының басты мәселесі болып отыр. Өнерпаздарға лайықты жағдай жасалмай, ауыл халқының рухани қажеттілігін қанағаттандыруды талап ету қиын.
Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, ол елдің еңсесі де биік, рухы да жоғары болады. Сонымен қатар, мәдениет – адамзат тұлғасын деңгейіне көтеретін негізгі құрал. Сол мәдениеттің өзекті бөлігі – өнер. Шынында да өнер мәдениеттің алтын қазынасы, адамның ұлылығын білдіретін ғажап көріністердің бірі. Мәдениет пен өнер – қоғам дамуының негізгі қажетті саласы.
Қоса кеткен жөн, аудан бойынша 60 мәдениет және өнер мекемелері қызмет етеді. Оның ішінде 1 аудандық мәдени орталығы, 1 кенттік мәдениет үйі, 11 ауылдық мәдениет үйлері мен 14 ауылдық клубтар және 1 Нартай өнер мектебі мен 32 кітапхана. Өткен жылдың жұмыс жоспарына сәйкес жалпы 133 мәдени-көпшілік және спорттық іс-шараның 96-сы ұйымдастырылып, 17 189 адам қатысқан.