Kyzylorda-news.kz. Шиеліде қай салада болсын қарқынды өсім бар. Мемлекеттік маңызды жобалар, айтулы бағдарламалар, бастамалар кең қолдау тауып, экономикалық әлеуеттің артып келе жатқаны да жасырын емес. Бизнес, кәсіпкерлік, құрылыс, инфрақұрылымдар жаңарып, жаңғырып жатыр. Өңірге тартылған инвестиция көлеміде жыл өткен сайын артып келеді. Аудан орталығы болып саналатын Шиелі кенті қанатын кеңге жайып, жаңадан әсем ғимараттар, тұрғын үйлер, түрлі әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Кәсіп ашып, тіршілігін дөңгелетіп жатқандарға және осы бағытта әрекет еткісі келіп жүрген жастарға жеңілдіктер де көп. 

Ауыл шаруашылығы саласы бойынша 2017 жылы облыста чемпион болғаны көпшіліктің есінде. Ал, бұдан бірнеше жыл бұрын өңдеу секторы бойынша мұқым республикада Шиелінің мерейі асып, шоқтығы биіктеп, екінші орыннан көрінгені өз алдына бөлек әңгіме.

Қазақ аман-саулықты мал-жаннан бастаған халық. Малды жанның ал, жанды ардың садағасына балаған Алаш жұрты үшін төрт-түліктің тілін, ебін тауып, санын арттыру маңызды болған. Себебі, сол арқылы несібесін айырып, дәулеті мен сәулетін келістірген. Олай болса, Шиелінің осы сектордағы әлеуеті қандай, өсім, өнім деңгейі қай дәрежеде? Бұл бағытта жасалып жатқан тірліктер экономиканың қосымша тірегіне айнала алады ма? – деген сұрақтардың аясында шағын журналистік зерттеу жүргізу мақсатында аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне бас сұғып, ақпарат алған болатынбыз. 

Көрсеткіштер көңіл қуантарлық. Ауданда өндіріс көлемі мен экспортты арттыру, жаппай нәтижелі жұмыспен қамту бағытына басымдық беріліп, ауқымды жұмыстар басталып кетіпті. Қазіргі таңда Шиелі ауданы бойынша төрт-түліктен өсім байқалады. Биыл ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқор жүйесінде мүйізді ірі қара – 93467, уақ мал – 139 483, жылқы – 25 442, түйе – 1683 басты құраған. 

Айта кету керек, бүгінде аудан бойынша қолдан ұрықтандыру пунктері жұмыс істеп тұр. Егер ауылдағы ағайын қорасындағы малын асылдандыруды көздесе, осындай пунктермен байланысса болады екен.

Бағдарламалар бойынша белгіленген межені бағындырып, мал басын көбейту жұмыстары екі есе қарқынды жүргізіліп жатқанын байқаймыз.

Қазір жергілікті тұрғындарға негізгі пайда етті және сүтті бағыттағы мал басын көбейтуден түспек. Бұған барлығымыздың көзіміз әбден жетті. Нарықтағы еттің бағасы да бұрынғыдай «жерге ұрылып» тұрған жоқ.

Қазақ хандығының қалыптасу кезеңін¬де өмір сүріп, халқына Жерұйықты іздеген Алаштың абызы, әйгілі Асан қайғы Шиелінің жеріне келіп, кідіріп, желмаясын шалдырта отырып «Әр бұтаның түбінде бір асым ет жатыр» – деп тамсанған екен жарықтық. Қаратауды пана, Сырды ана деп таныған қазақ халқы да Арқаның аязына, түрлі саяси-әлеуметтік қысымдардан қысылғанда Сырға келіп жан шақырған екен. Ал, осынау Сырдың маржанына телінген Шиеліде кәсіп етіп, мал басын көбейтемін десеңіз табиғи тұрғыдан да, әлеуметтік көмек тұрғысынан да жан-жақты қолдау жасалып-ақ тұр. Тек тәуекел етіп, білек сыбана іске кіріссек жетіп жатыр.

Тағы да оқыңыз: