Kyzylorda-news.kz Шиелі ауданында ынтымағы жарасқан, қарияларына қарасқан, «жақсы ауылдың балалары бірін-бірі батыр...» дейтін, жастары саналы, әйелдері көпбалалы, Алла қолдап, ырыс пен құт қонған, ақсақалдары ақылман болған, адамдары уәдесіне берік, таймайтын жолдан, ұстаздары білімді, айбатты, кемпіршалдары қайратты, тұрғындары еңбек десе, асын жерге қоятын, бір ауыз сөзге тоқтап тоятын, ауыл басшылары қарапайым, сауатты, имамдары түсінетін сауапты ауылдар жеткілікті. Сондай орны бар байырғы елді мекендердің бірі – 1928 жылы алғаш «Тегісшіл», кейін «Ортақшыл» болып, тарының атасы Шығанақ Берсиев шықпаса да, қазір «майсөкті ауыл» атанған, жұрты дархан, үнемі күліп-ойнап жүретін, қонағын құдасындай күтетін, іргесіндегі Сырдария өзенінен күш пен қайрат алып отырған «Ортақшыл» ауылы десек, мүлт кетпейміз.

Бұл ауылдан ұстаздардың ұстазы, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, «Халық ағарту ісінің үздігі» атағын екі рет алған Мінәт Қалдыбаев, танымал ғалымдар Ә.Алдабергенов, Ж.Қожантаев, Ә.Ибрагимов, И.Сарбасов, білікті ұстаз А.Ақпанбетов шыққан. Еңселі, әдемі соғылған №150 қазақ орта мектебі мен Алланың үйі – мешіт ауыл сәнін келтіріп тұрса, ауыл әкімдігінің ғимараты алыстан менмұндалап, әсем көрініс беріп тұрғандай. Ауыл тыныш, тірліктері жүріп жатыр. Қай жерде болсын, ауыл басшыларының орны бөлек. Қабілетті басшылар елді алға жетелейді, ауылдың атын шығарады. Ақылдасып пішкен тон келте болмайды. Мысалы, ауылдық округ әкімі Жақсылық Ноғайбаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбіласан Жүсіпов, әйелдер кеңесінің төрайымы Базаркүл Ақпанбет, №150 орта мектептің директоры Нұрлан Батырбеков, ауылға қарайтын аудандық мәслихат депутаты, «Qaz-Project Stroy» ЖШС-нің директоры Қанат Сәулебеков – ауыл тұрғындарының ұйтқысы. 

Ауылда жастар тәрбиесіне, білімге, отансүйгіштікке, еңбекке, мамандық таңдауға арналған іс-шаралар үзбей өткізіліп тұрады. Осындай игі істер басынан біз үнемі аузы дуалы, сөз парқы құнарлы, сексеннің сеңгіріндегі ардагер-ұстаз, осы ауылдың төл тумасы, тарихшы-мұғалім, Ортақшылдың құрметті де қадірлі, ардақты ақсақалы Асанхан Ақпанбетов ағамызды жолықтырамыз. Ұзын бойлы, денесі мәуелі, саялы теректей тіп-тік, еңкіш тартпаған, біреуге жүк артпаған, жүріс-тұрысы ширақ, қимылы өзіне жарасқан, сөзге талмайтын тарихшы Асанхан ағайды біз түгілі, замандас кемпірлер де сексен жаста деп ойламайды. Шерімбет шамамен алпыстың талтүсіндей көрінетін қараторы шалдардан алда десіп қалады. Жіптіктей тап-таза киініп жүретін бұл кісіні мектеп ұстаздары, өзінің шәкірттері мен ауылдың үлкен-кішілері өнеге тұтып отырады. Жөнді қартая білу де – өнер. Асанхан ағай бар болмысымен соны дәлелдеп келеді. 

Асанхан Кемелұлы 1944 жылы 7 мамыр күні «Ортақшыл» ауылында дүниеге келген. 1950 жылы ауыл мектебінің табалдырығын аттайды. Жетіжылдықты бітірісімен, Шиелі орталығына келіп, М.Ломоносов атындағы мектепте 9-сыныпқа дейін оқиды. Оны аяқтасымен, Байгеқұмдағы кеңейтілген кәсіптік-техникалық училищеге оқуға барып, 1963 жылы тракторист-машинист мамандығы бойынша бітіріп шығады. Содан ауылға келіп, пульгадашы, одан соң тракторшы болып жұмыс істейді. Ол кезде трактордың артындағы соқаға отырып, соқаны түсіріп-көтеріп отыратын адамды «пульгадаш» деген. Тынымсыз еңбегінің арқасында ауыспалы Қызыл Туды трактор кабинасына желбірете іледі. Еңбекқорлығына тиісті сыйлық та алады. 

Бейнеткеш жігіт Асанхан 1964 жылы Кеңес армиясы қатарына шақырылып, 3 жыл Венгрия Республикасында борышын өтеп оралады. 1967 жылы ауылға келісімен, тракторға жайғасып, жұмысын жалғастырады. Оның бар арманы – педагогикалық институттың тарих факультетіне түсіп, тарихшы болу еді. Содан 1968 жылы №150 Ортақшыл қазақ орта мектебіне тәрбиеші болып қызметке орналасады. Бойындағы ұстаздық қасиеттерін сезсе керек, Асанхан тез арада мектеп ұжымының белсенді бір мүшесіне айналады. 

1970 жылы Рая Мінатқызымен отбасын құрып, 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсіреді. Барлығы – жоғары білім алған, отбасылы, жан-жақта өз қызметтерін атқарып жүрген бақытты жандар. Бұл жерде әке жолын қуған, қазіргі аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары қызметіндегі Марат Ақпанбетовті айтып өтсек жетер дейміз. Ұлағатты ұстаз ағаның ұлының аудан ұстаздарына басшылық жасауы – әкесінің зор қуанышы, мәртебесі, тәрбиесі деп білеміз. 

Мақсатынан таймаған Асанхан Кемелұлы 1972-1976 жылдары Шымкенттің педагогикалық институтының тарих факультетін бітіріп, қолына тарихшы мамандығы бойынша диплом алады. 1976 жылы мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары болып тағайындалады. Осы қызметті 1988 жылға дейін абыроймен атқарады. Ізденістің, талпыныстың, білімін көтерудің арқасында жоғары санатты мұғалім атағын алады. 1988-2007 жылдары мектепте тарих пәнінің мұғалімі ретінде аянбай еңбек етеді. Педагогикалық зерттеулерге көңіл бөледі. Асанхан Ақпанбетов «Қазақстан тарихы пәні бойынша оқушыларға отансүйгіштік тәрбие беру» тақырыбында еңбек жазып, педагогика проблемасына үлес қосты. Асанхан Кемелұлы 33 жыл білім саласында тер төгіп, 2007 жылы құрметпен зейнетке шығады. 

Асыл ағамыз бейнеттің зейнетін көре жүріп, қоғам жұмысына белсене араласады. Жуырда Асанхан Кемелұлының тарихшы екендігін дәлелдеген құнды игі ісінің куәсі болдық. Ол мектеп директоры Н.Батырбековтің қолдауымен ауылда мектеп ашып, оның тұңғыш директоры болған Мінәт Қалдыбаевқа арнап музей ашқан. Мектеп ішіндегі музей құнды құжаттармен, сирек кездесетін суреттермен, Мінәт ұстаздың отбасы, мектеп ұжымымен түскен сурет-бейнелері, сол тұстағы ауылдың басшылары мен жақсы-жайсаң азаматтарының мәліметі суреттерімен берілген. Музейдің мол мұрасын, кітаптар жинақтап бүгінгі ұрпаққа жеткізіп отырған Асанхан ағайға біздің де алғысымыз шексіз. 

Айта берсек, әңгіме көп дегендей, А.Кемелұлының қоғамдық жұмысының бір парасын ғана жеткіздік. Туасы әр ауылдың бетке тұтар айбарлы, арлы ақсақалдары болады. Жақында «Ардагерлер ұйымы» Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің III Пленумы болып, оған облыс әкімі Н.Нәлібаев қатысып, ардагерлерге арнап сөз сөйледі. Осы жиында Шиелі ауданының белсенді ардагері А.Кемелұлы республикалық ардагерлер ұйымының Құрмет грамотасымен марапатталды. Қуанышқа кенеліп қайттық. А.Ақпанбетов – «ҚССР оқу ісінің үздігі», «Еңбек ардагері» медалінің иегері. КССР Оқу министрінің, облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасымен», сондай-ақ «Ұлы Отан Соғысындағы Жеңістің 20 жылдық», «Қызылорда облысына 70 жыл», «Ы.Жақаевтың 120 жылдық», «Шиелі ауданының 80 жылдық» мерекелік медальдарын кеудесіне тағып, Қазақстан Республикасы Призидентінің «Алғыс хатын» алған. Бұл Асанхан ағамыздың ерен еңбегіне берілген зор баға десек, жаңылыспаймыз. Сексеннің сеңгіріне шығып, селт етпей келе жатқан А.Кемелұлы – қандай марапатқа болса да лайық жан. Оның ұстаздық жолы, қоғамға сіңірген ұланғайыр еңбегі келешек ұрпаққа өнеге, үлгі болып қала береді. 

Тары дақылының отанына айналған «Ортақшыл» ауылының тарихын түгендеп жүрген тарихшы-ұстаз Асанхан Ақпанбетов ағамыз әлі тың. Ол еліміздің болашағына сеніммен қарайды.

Тағы да оқыңыз: