Kyzylorda-news.kz Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. Баланың бойына бар жақсы қасиеттерді сіңіріп, саналы азамат болып қалыптасуы үшін тағылымды тәрбие беру тек ата-ананың ғана міндеті деп санасақ, қателесеміз. Өйткені, оған бүтін бір қоғам жауапты. Сондай ұлағатты істің басы-қасында жүрген аяулы жандар – тәрбиешілер. Тіпті тәрбиешілердің орасан еңбегі біз айтпасақ та түсінікті. Өйткені, баланың адамгершілігі мол, көркем мінезді, көзі ашық, көкірегі ояу, тәрбиелі болып қалыптасу үшін бар күш-жігерін, уақытын сарп ететін жандардың рөлі қашанда басым. Олардың қатарында - шиелілік тұрғын Фариза Үсенханқызы да бар.

Ахмет Байтұрсынұлының: «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын?» деген сөзі бар. Расында, балабақша тәрбиешілері қай кезеңде болсын ертеңгі елім деп еңірейтін ұрпақты тәрбиелеу үшін аянбай тер төгеді. Кейіпкеріміздің айтуынша, тәрбиеші болу кез келген жанның қолынан келе бермейді. Өйткені, ол үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бұл жолда тоқтаусыз ізденіс қажет. Яғни тәрбиешінің әр күні ізденіспен өтетіні көрініп-ақ тұр. Сәйкесінше білімді һәм тәрбиелі ұрпақ қалыптастырудың артында талантты тәрбиешілер тұрады екен. Толығырақ Ф.Жорабек тарқатып айтып берді.

– Балабақша – білім мен тәрбиенің алғашқы баспалдағы. Сондықтан тәрбиеші ұсақ-түйек әрекетке дейін мұқият болған жөн. Балабақшаның балаға тигізер пайдасы көп. Әсіресе, талантын ашуға, шығармашыл болуға, ортаға қалыптасуына көп көмегін тигізеді. Тіпті балаларды бір-бірінен бөліп жармау керек. Өйткені, олардың арасында қызғаныш пайда болуы мүмкін. Барынша өз талабына мұқият қарауы керек. Десек те, арасында еркелетіп те тұрған дұрыс. Баланы жан-жақты дамытып, еңбекке баулу керек. Әрине, баламен жұмыс істеу оңай дүние демеймін. Дегенмен осындай қоғамға пайдам тиетін, келешек ұрпақтың сәулетшісі, бағыт-бағдарын беруші, ұрпақ тәрбиесіне үлес қоса алатын мамандық таңдағаныма еш өкінбеймін, – дейді тәрбиеші. 

Айта кетейік, Фариза Үсенханқызы тек өз мамандығының майталманы ғана емес, жан жары Бақыт Үсенбаевпен 14 жыл бойы отбасының түтінін түзу ұшырып отырған аяулы жан, сондай-ақ бүгінде Алла берген балаларының ардақты анасы. Бойындағы жақсы қасиеттерді ұштастыра білген кейіпкеріміз бәріне үлгеріп жүр. Қазіргі таңда кенттегі «Әсел» бөбекжай-бақшасында тәрбиеші болып қызмет атқарады.

Иә, «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкеледі» деген екен ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби. Ұлы ойшылдың бұл ойы өте дұрыс айтылған. Шынымен, баланы ұрып-соғып, дауыс көтеріп, дұрыс жолға сала алмаймыз. Бұл ретте тәрбиешілерге ақыл-парасаттан бөлек, үлкен шыдам керек екендігіне де көзіміз жетті. Тәрбиешінің жүгі жеңіл емес. Сөзімізді қорытындыласақ, бала отбасында да, балабақшада да дұрыс тәрбиеленсе, оның болашағы да бұлыңғыр болмайды. 

Тағы да оқыңыз: