Kyzylorda-news.kz «Апат айтып келмейді» деген бар. Әсіресе, жанартау, зілзала, дауыл, қар көшкіні, сел, топан су тәрізді табиғи апаттарды дәл болжау оңай емес әрі алдын алу да қиын. Сөз жоқ, түрлі зерттеулер, бақылаулар арқылы жер бетінде болатын табиғи апаттар қаупін алдын ала болжауға болады. Кейде қар көшкінін жарылыс арқылы қолдан жасап, алдағы уақытта болуы мүмкін апаттың зардабын жоюға, арнайы бөгеттер әзірлеп, су тасқынына қарсы даярлық жасайды. Бірақ Табиғат-Ана тосын мінез танытқанда төрткүл дүниені дүрбелеңге салып қоятыны бар.

26 наурыз күні Батыс Қазақстан облысында тоқтаусыз жаңбыр жауып, бір тәулік ішінде бір айлық мөлшер – 25,6 мм жауын-шашын түсті. Яғни Орал қаласында және облыстың 9 ауданында тоқтаусыз жауған жаңбыр қарды ерітіп жіберді. Салдарынан Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Қазталов, Қаратөбе, Сырым, Тасқала, Теректі және Шыңғырлау аудандарын тасқын су басу қаупі туды. Қар мен жаңбыр суы арықтар мен кәріздерге толып, 3 әлеуметтік нысанның және көпқабатты 5 үйдің жертөлесіне құйылып, 298 жекеменшік үйдің ауласын басты. Қарғын су автокөлік жолдарына да қауіп төндіріп жатыр. Күрежолдардың 19 жерінде осындай жағдай тіркелген. Республикалық және облыстық дәрежедегі 2 жолдың, аудандық дәрежедегі 17 жолдың үстінен су өтіп кеткен. Ақжайық, Жәнібек, Теректі, Сырым және Қаратөбе аудандарындағы су басқан жолдарға кезекшілік қойылып, арнайы белгілер орнатылуда екен. 

Кейінгі мәліметтерге қарағанда, облыс аумағында 131 616 текше метр су сорылып, құм салынған қапшықтың 5 730 данасы қауіпті жерлерге төселген. Бір мезгілде түрлі қызметтен 990 адам, 222 техника, 153 мотосорғы тасқынның бетін қайтаруға жұмылдырылғанын жазуда ақпараттық агенттіктер. Айта кетейік, құтқару жұмыстарының алғы шебінде әскери бөлім сарбаздары да жүр. Қазіргі таңда қарғын судың құрсауында қалған Батыс Қазақстан облысына әр облыстан көмек қолдары баруда. 

САҚТЫҚТА ҚОРЛЫҚ ЖОҚ

Жауын-шашынның мөлшері жылдағыдан көп екенін тек батыстықтар емес шиеліліктер де аңғаруда. Бұрын тамшылап жауған жаңбырды жер әп сәтте жұтып қоюшы еді. Алайда бұл жолғы жауын тұрғындарды біршама әбігерге салды. БҚО-дағы ахуалдан хабардар халықтың көкейін үрей билемесін деп, біз де Шиелі аудандық Төтенше жағдайлар бөліміне хабарласқан болатынбыз. Су басу қаупі бар аймақтар қыс басталған уақыттан бастап, қар ерігенше төтеншеліктердің қатаң бақылауында екен. Су тасқынының алдын алу бойынша әзірлік те қызу. Оны сала маманының өз аузынан естідік. 

– Сырдария өзенінің ұзындығы аудан аумағында 260 шақырымды құрайды. Қорғаныс бөгетінің жалпы ұзындығы – 71,6 шақырым. Су алуы мүмкін аймаққа өзен жағасында орналасқан 5 елді мекен (Жөлек, Ортақшыл, Қоғалы, Тартоғай, Қарғалы) кіреді. Онда 7 540 тұрғын тіршілік етеді. Сырдария өзені бойындағы қорғаныс бөгеттерінің 5 қауіпті учаскесі бекітілді. Атап айтқанда, «Шиелі» каналының бас сағасы – «Бақтысай» қорғаныс бөгеті, «Ақ қала», «Ақтам-Мешеулі», «Жөлек», «Жіңішке көл» қорғаныс бөгеті. Қазіргі таңда аталған аймақтарға жауапты 13 мекеме бекітілген. Су тасқынына қауіпті кезеңде 52 техника, 169 адам жұмылдырылатын болады. Бұған қоса, Сырдария өзенінде 1 қалқымалы өткел, 3 қалқымалы көпір бар.

Ал Шиелі ауданы көлемінде 15 шаруашылық канал, 32 гидротехникалық құрылыс, 6 қашыртқы, 9 қорғаныс бөгеті бар. Уақытылы қабылданған алдын алу шаралары су тасқыны кезеңінде елді мекендер мен нысандарды су басуына жол бермеуге мүмкіндік берді. Аудан бойынша кез келген төтенше жағдайларға байланысты эвакуациялау үшін 16 жинақтау, 23 қабылдау эвакуациялық пункт орналасқан, – дейді Шиелі ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Әділет Нұрмантаев. 

Білгеніміздей, материалдық-техникалық қорда 4 тонна дизель, 5 тонна бензин жанармайы, 20 тонна қой тас, 2000 қамыс бауы мен 5000 қап жиналған. Қоса кеткен жөн, өткен жылға жергілікті бюджет қорынан Төтенше жағдайлар резервінде 2 миллион теңге, шұғыл шығындарға арналған резервтік қорда 8 миллион теңге қаржы қаралыпты. Айта кетейік, Сырдарияда 2023 жылдың 15 желтоқсанынан бастап мұз ұстасу байқалса, 5 наурызда Шиелі ауданы бойынша барлық мұз еріп, қауіп сейілген. Десек те, төтеншеліктер сақтық шараларын күшейтіп, су деңгейін қатаң бақылауда ұстап отыр.

Тағы да оқыңыз: