Kyzylorda-news.kz. Биыл халық жазушысы Ә.Тәжібаевтың туғанына 115 жыл! Осыған орай Шиелі аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Сырда туған сырбаз ақын» атты әдеби кеш өткен болатын.
Тағылымы мол шараның негізігі мақсаты да осы, яғни оқушыларды ұлы тұлғаның өміріне қатысты тың деректермен таныстыру болды. Іс-шараның барысын кітапхана қызметкері Г.Жанаева жүргізді. Сондай-ақ Ы.Жақаев атындағы №244 орта мектебінің оқушылары Әділхан Сапарбеков, Альбина Болатбек, Ақназ Әміртай және Шиелі аудандық оқушылар үйінің «Кәусар бұлақ» үйірмесінің мүшелері Гүлбейне Әділхан, Нұрай Еркінқызы, Анель Жұмабекова, Кәусар Қанасқызы, Аяна Қанатқызы, Асылжан Тұрғанбай, Жұлдызай Көшербай, Кәусар Айдосқызы өлең-жырларын жатқа оқыса, жазушының өміржолымен Айерке Айып таныстырып өтті. Сонымен бірге Мәншүк монологын Нұрай Асқар бейнелесе, ал Ақбикеш Смағұлова Ыбырай Жақаевқа арналған «Ағатай» өлеңін оқыды. Жасмин Бектемір, Раяна Абатқан мен Жадыра Сейтқасым «Туған жер» әнін тамылжыта орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Кітапхана төріне «Өлеңім өмірім» атты кең көлемде кітап көрме керуені ұйымдастырылып, оған Әбділдә Тәжібаевтың өмірі мен еңбектері жайлы жазылған кітаптар және мерзімді басылым беттеріне жарияланған мақалалары қойылды. Кітапханашы С.Ерғали оқырмандарды кітап көрмемен таныстырды.
Әдеби кешті Шиелі аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Г.Жақыпова қорытындылап, шараға қатысқан оқырмандарды алғыс хаттармен марапаттады. Шиелі аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Г.Қоңыратбаева, Ы.Жақаев атындағы №244 орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Н.Боранбаева мен аудандық оқушылар үйінің «Кәусар бұлақ» үйірмесінің жетекшісі П.Мамбеталиева балаларға ізгі тілектерін білдірді.
Қосымша дерек болсын, 30-жылдардың соңында М.Әуезов драматург Ә.Тәжібаевтың алғашқы шығармасын оқып, жас ақынның шығармашылық қабілетін байқаған. Ақын «Комсомол сөйлейді», «Кешеден – бүгінге» публицистикалық поэмаларында кейіпкерлердің ойы, сезімі, толқынысын жеткізеді. Оның «Ақ қайың», «Гүлден дала!», «Майра», «Таныстар», «Жартас» және басқа пьесалары бар. Қаламгердің сценарийі бойынша Н.Погодинмен бірге «Жамбыл» көркем фильмі түсірілді. Сондай-ақ А.Пушкин, А.Островский, Г.Гейненің туындыларын қазақ тіліне аударған. 1985 жылы белгілі ақынға «Қазақ ССР-нің Халық жазушысы» құрметті атағы берілді.