Kyzylorda-news.kz Шиеліде аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент» тас жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандығы әмбеге аян.
Қазіргі таңда, жалпы ұзындығы 8 шақырымды құрайтын, жобалық құны 1 миллард 712 миллион теңге болатын тас жолдың бір бөлігіне асфальт жабындысы төселіп, тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар үшін Ұлттық қордан 466 миллион теңге қаржы бөлінген екен.
Сондай-ақ, дәл осы жылы Шиелі кентінде жобалық құны 1 миллард 555 миллион теңгені құрайтын аудан орталығының күре жолдары саналатын 9 көшенің (Әл-Фараби, Досбол датқа, Дәулеткерей, Байтұрсынов, Жақаев, Абылайхан, Бұдабай, Сейфуллин, Шәкәрім) күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Ал Тәуелсіздік көшесінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілу үстінде. Ал Яссауи, Дәулеткерей және Бәкіров көшелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Айта кетейік кент ішінде 210 көше болса, қазіргі таңда 117 шақырымды құрайтын 165 көше толығымен жарықтандырылып, 3500 дана жарық бағаналары орнатылған. Өткен жылы 24 көшеге 24 млн 950 мың теңгеге түнгі жарық бағаналары орнатылса, биыл 1586 дана жарық бағанасын сырлауға 8 млн 756 мың теңге қаржы қаралған. Ортақ пайдаланудағы аллеялар мен скверлер толық жарық шамдарымен қамтамасыз етілген. Кент басшысы түнгі жарық шамдары үздіксіз қалыпты жану мақсатында күтіп ұстау жұмыстары жыл көлемінде жүргізіліп жатқандығын да тілге тиек етті.
– Жыл сайын оң өзгерістер орын алып, қашанда сапалы нәтиже үшін жұмыс істеп келеміз. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде еліміз еңсесін тіктеп, кемелдікке бет бұрды. Сол еңселі егемендіктің арқасында жасампаздыққа, жаңашылдыққа ұмтылдық. «Ауылдың дамуы – тұтас мемлекеттің дамуы» деген қағиданы басты нысана етіп, Мемлекет басшысының ел дамуы бағытында берген тапсырмаларының үдесінен шығуға тырысамыз. Бұл сөзімізге кенттегі ауқымды істер мен толымды тірліктер айқын дәлел бола алады. Мәселен, аудан әкімі Н.Ахатовтың бастамасымен аудан орталығын абаттандыру, жаяу жүргіншілер жолын салу, балалар ойын алаңы мен скверлер орнату сынды жұмыстар шешімін тауып келеді. Бұл ең бірінші халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың легі. Айта кетерлік тағы бір жайт, осы жылы спорт мектебінің құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Округ бойынша әр түрлі салада шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер жұмыс істеуде. Бүгінде кентте 200-ден астам орта және шағын кәсіпкерлік субекьтілері бар. Кәсіпкерлік нысандар өз аулаларына, көше бойына көркейту көгалдандыру мақсатында 2 мың 800 түп ақ терек, қызыл ағаш, туя, можевельник, Сыр талы, қара ағаш көшеттерін отырғызды. Осылайша туған жерді түлетіп, көркейту-көгалдандыруға өз үлестерін қосуда, – деді кент әкімі А.Шерәліұлы.