Kyzylorda-news.kz Егіншісі мәрт, жері жомарт – Шиелі ауданының аграрлы саладағы серпіні қарқынды. Жылдағыдан мол өнім жинаған дала еңбеккерлерінің еңбегі ерен. Осындай, диқан қауымның мерейін асыратын қоян жылындағы «Алтын дән – 2023» мерекесі Шиелі ауданының 95 жылдығына сәйкес келді. Сол кездегі жәрмеңкеге жиылған жұрттың қарасы да қалың болды. Ондағысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде ұсынылатын өнімдерді қолжетімді бағада алып үлгеру еді.
Атап айтар болсақ, жәрмеңкеде ақ күріштің келісі – 420 теңгеден, сиыр еті – 2000, картоп – 100-130, пияз – 65-70, алма – 250-350, қызанақ – 250, балық – 1500-1800 теңгеден саудаланған-ды. Жалпы алғанда жәрмеңкеге әр ауылдан келген шаруалардың 23-тен астам өнім түрлері ұсынылған еді. Жәрмеңкеге 116 тоннадан астам өнім әкелініп, тұрғындарға сатылған болатын.
– Өткен жылы Шиелі ауданының құрылғанына 95 жыл толуына орай аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылық бөлімі бұқараға жылдағы дәстүр боойынша үлкен жәрмеңке ұйымдастырды. Жәрмеңкеге 116 тоннаның өнімі бар 50-ден астам көлік келген. Ол өнімнің ішінде: бақша өнімдері, картоп, сәбіз, қызанақ, асқабақ, өзіміздің Сыр күрішін төменгі бағада халыққа ұсынды. Қоян жылы Шиелі ауданының диқандары үшін сәттілікке толы жыл болды деп айтуға болады. Себебі, 13 176 гектар күріш дақылы алқабының әр гектарындан 56 центнерден өніп алынып, Шиелі "Озат аудан" атанған-ды. Алдағы уақытта да қамбамыз астыққа толып, мерекелі-берекелі жыл болып, көңіліміз жайлы, өніміміз майлы болсын, – деді Шиелі аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков.
Өткен жылы шежірелі өлкеде 30 792 гектар жерге егін дақылдары орналастырылған. Негізгі дақыл күріштің үлесі – 13 176 гектарды құрады. Одан бөлек бидай, тары, мақсары, жоңышқа, көкөністерде егілген.
– Мұның бәрі диқан қауымының төккен тері мен еселі еңбегінің нәтижесі. Тауар алушылар да риза болды. Сапа – жақсы, баға – төмен. Алдағы уақытта да осындай ауқымды жәрмеңкелер ұйымдастырылып тұрса, ел нарығы жаман болмайды деп ойлаймын. Сонау жоқшылықтағы ескі уақыттарды көзіміз көрді. Дүкен сөрелерінің бәрі қаңырап бос қалғанын да көрдік. Қазір ел тоқ, ырысымыз мол, – деді Шиелі кентінің тұрғыны Ақылбек Тұрғанұлы.
ӨНЕГЕЛІ ӨМІРДЕН ҒИБРАТ
Берекелі жәрмеңке әрмен қарай Арман мәдениет үйінде «Өнегелі өмір» атты облыстық жазба ақындардың жыр мүшәйрасымен жалғасын тапқан болатын. Ерлі-зайыпты Ұлы Отан соғысының ардагері Сұлтанхан Төрениязов пен Социалистік Еңбек Ері Ұлбала Алтайбаеваның 100 жылдығына арналған мүшәйраға 14 үміткер қатысып, бақ сынасқан еді.
Аталған шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Тортай Манкеев және «Өнегелі өмір» кітабының авторы Сейтомар Төрениязов пен Ұлбала апамыздың үлкен ұлы Оралсейіт Төрениязов және Еңбек ардагері Сейтомар Ермекбаев төбе көрсетті. Одан соң «Өнегелі өмір» атты кітаптың тұсау кесер рәсімі өтті. Айта кетейік, бұл шара Шиелі ауданы әкімдігінің қолдауымен өткізілген болатын.
Екі мәрте Социолистік Еңбек Ері атанған Ыбырай Жақаев бастаған еңбек ерлерінің бірі – Ұлбала Алтайбаеваның өнегеге толы өмір жолын жырға қосқан ақындар сөзбен ана бейнесін сомдап шықты. Халық өзінің дара тұлғаларын ұмытпақ та, естен шығармақ та емес. Сол себепті осындай ұрпаққа үлгі боларлық із қалдырған батыр ананың есімін ұлықтайтын, жастарды патриоттық рухта тәрбиелейтін игі шараның көрермені де көп болды.
Облыстық мүшәйраның нәтижесінде бас жүлдені Қызылорда қаласынан Бексұлтан Санақұл иеленсе, І орынды Шиелі ауданы, Жиделіарық ауылынан Дильназ Ержігітова жеңіп алды. Ал жүлделі ІІ орынды шиелілік Елдар Әмірхан, ІІІ орынды қызылордалық Нұркелді Өтепберген мен Еңбекші ауылынан келген Абзал Өміралиев өзара бөлісті. Жарыс жеңімпаздарына және қатысушыларға диплом, алғыс хат және қаржылай сыйлықтар табысталды.
СЫРДЫҢ ҚАРАТОРҒАЙЫ: ҚҰЙҚЫЛЖЫ СЫРНАЙ, ӘНДЕТШІ!
«Алтын күз – 2023» мерекесі мен Шиелі ауданының құрылғанына 95 жыл толу мерейтойы аясында салтанат сарайында әнші-сазгер Шолпан Жанболатқызын еске алуға арналған «Сырдың Қараторғайы» атты сырнаймен орындаушы қыздар арасындағы республикалық байқау өткен-ді.
Сахнада құйқылжыған сырнаймен қатысушылардың өнерлері көрініс тапты. Көрермендерге де тамаша әсер қалдырды. Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені қызылордалық Альбина Қонысбаева, І орынды қызылордалық Тоғжан Өтенова, ІІ орынды алматылық Дильназ Ташмұхаммед, ІІІ орынды астаналық Салтанат Ерсұлтан мен қызылордалық Эльмира Қалхожаева, ІІІ орынды қызылордалық Бақыт Мархабатова иеленді.
Айта кетейік, республикалық байқаудың бас демеушісі Рәбибі Нұржанова болды. Бұған дейінде Құрманәлідей асқар тау әкеден, Рабиғадай бауырмал бауырдан тәлім-тәрбие алған, «РК Мұнай» ЖШС құрылтайшысы, белгілі кәсіпкер Рәбибі анамыз түрлі шараларда демеушілік танытып келеді.
ОРАЗБЕК СӘРСЕНБАЙДЫҢ АТЫНА КӨШЕ БЕРІЛДІ
Еңбек мерекесі Береке мөлтек ауданында Байсын ауылының тумасы, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, аса көрнекті жазушы Оразбек Сәрсенбайұлының 85 жылдығына арналған көшенің ашылу салтанатымен жалғасты.
Шараға мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты С.Әбдірахманов, Шиелі ауданының «құрметті азаматы», жазушының сыныптасы, өмірлік досы Р.Мауяев және қаламгер Оразбектің қарындасы Е.Сәрсенбаева және ұрпақтары қатысқан болатын.
Аталған шараға Шиелі аудандық мәслихат төрағасы Айтбай Жандарбеков қатысып, белгілі жазушының жетістіктері мен шығармашылығына тоқталып өтті.
– Бар ғұмырын жазушылыққа арнаған қаламгердің осы уақытқа дейін жиырмадан астам кітабы жарық көріп, әлемнің 30-ға жуық тіліне аударылған, Оның әдеби сын, көркем публицистика, тарих, мәдениет, философия бағытындағы жарияланымдары оқырманға кеңінен таныс. Сондай-ақ аудандық «Өскен өңір» газетінің шығармашылық ұжымында қызмет атқарып, түрлі әңгіме, эсселерін жарыққа шығарады. Одан бөлек, баспагер және аудармашы ретінде ислам әдебиетін қалың оқырман арасында насихаттау ісінде қажырлы еңбек еткен тұлға, – деді.
Шара барысында қарымды қаламгерлер мен замандастары Оразбек Сәрсенбайұлы жайлы есте қалған естеліктерімен бөлісті де.
«Алтын күз – 2023»: табанды еңбектің табысы
Игі дәстүр бойынша өткен жылы да "Алтын күз" мерекесі ауданда өз дәрежесінде аталып өтті. Бұл той тек тойлау ғана емес, еткен еңбектің есебін де беретін күн. Қоян жылы шиеліліктер үшін табысты жыл болды. Осы мақсатта Шиелі аудандық орталық стадионында Қызылорда облысының 85 жылдығы және Шиелі ауданының 95 жылдық мерейтойына орай «Алтын күз – 2023» мерекелік марапаттау шарасы болған еді.
Салтанатты шараға Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов, қоғам және мемлекет қайраткері Сауытбек Абдрахманұлы, жазушы-сыншы Бақыт Сарбалаұлы сынды зиялы қауым өкілдері қатысқан болатын. Содан кейін сала үздіктерін және барша аудан тұрғындарын мерейлі мерекемен құттықтап, автокөлік және пәтер кілттерін табыстады.
Жылдағы дәстүр бойынша 2023 жылы да сала үздіктері елеусіз қалмады. Облыс бойынша «Озат егін шаруашылығы» номинациясын «Төңкеріс К» шаруа қожалығы иеленсе, «Озат жатка машинист» номинациясына «Халық» фермерлік қожалығының жатка машинисті Асылан Сейітжапбаров лайық деп танылды. Аудан бойынша ең үздік шаруашылық номинациясын «Алтын дән Шиелі» шаруа қожалығы жеңіп алды. «Үздік шаруашылық» номинациясының І дәрежесін «Ақмая» шаруа қожалығы қанжығасына байлады, ал ІІ орын «Байсын» шаруа қожалығына, ІІІ дәрежелі номинация «Бала би – 2004» өндірістік кооперативіне бұйырды.
«Озат агроном» номинациясымен «Алтын дән» шаруа қожалығының төрағасы Р.Қоңыратбай, «Озат бригадир» номинациясымен «Төңкеріс К» шаруа қожалығынан Б.Пазылов, «Озат жаткист» номинациясымен «Жер жомарт Д» ЖШС-ның жаткисті Ж.Қаражанов, «Озат комбайнер» номинациясымен «Аширбеков» шаруа қожалығының комбайнері Б.Нарымбетов, «Озат звено жетекшісі» номинациясымен «Заңғар» шаруа қожалығынан М.Бегалиев, «Озат күрішші» номинациясымен «Мырзаева» шаруа қожалығының күрішшісі Н.Мақұлбеков, «Озат механизатор» номинациясымен «Бидайкөл шаруа қожалығынан А.Қосжанов марапатталды. Ал «Озат бидай өсіруші» номинациясы «Халық» фермер шаруашылығынан Д.Дулатовқа, «Озат көкөніс өсіруші» номинациясы «Жолдасов» шаруа қожалығынан Д.Әбуге, «Озат бақша өсіруші» номинациясы «Бидайкөл» шаруа қожалығының басшысы А.Жолдыбаевқа, «Озат жоңышқа өсіруші» номинациясы «Бестам елі» шаруа қожалығынан Ә.Досманға және «Озат мақсары өсіруші» номинациясы «Ақниет-2» шаруа қожалығынан Е.Қарғабаевқа бұйырды.
Сондай-ақ «Үздік ветеринар» номинациясын Т.Бейсенбаев алса, «Үздік шопан» аталымын «Адына» шаруа қожалығынан И.Ізтілеуов иеленді. Шиелі ауданының ауыл шаруашылығы саласын насихаттауда өз үлесін қосқан «Сыр бойы» газетінің тілшісі Е.Қожасов «Үздік ақпараттандырушы» номинациясына ие болды. «Үздік бағбан ауыл» Қоғалы ауылдық окургі әкімдігі алса, «Жаңашыл шаруашылық» номинациясын «Шолпан ана» шаруа қожалығы, ал «Үздік гидротехник» аталымын А.Әбубакиров иеленді. Мереке қарсаңында аудан әкімінің алғыс хатымен төрағалар, әдіскер, энтомолог мамандары марапатталды.
Қонақтарға арналған киіз үйлерде дастарқан жайылып, әр жерлерде түтіннің иісі шығып, ет асылып, палаудан дәм татылып, киіз үйлерде ән айтылып, ауа райының салқындығына мән бермей, жиналған қауымның қарасы қалың болды.
Айтып өтейік, өткен жылы Шиелі ауданы негізгі 10 макроэкономикалық көрсеткіш бойынша аймақта үздіктер қатарынан көрінді. Әсіресе, құрылыс жұмыстарының көлемі 192 пайызға, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 175 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 137 пайызға, бюджеттің өз кірістері көлемінің өсу қарқыны 118 пайызға артқан.
Сонымен қатар егіс көлемі соңғы төрт жылда 3 мың гектарға ұлғайса, күріш көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 2 мың 500 гектарға дейін көбейтілді. Міне, осындай бір қолдың саласындай ұйымдасқан істердің арқасында аудан диқандары егілген егінді күздің жауын-шашынды маусымына ұрындырмай, әр гектарынан 56 центнерден өнім алып, жалпы 73 мың 786 тонна Сыр саласын жинап алды.
Аламан бәйге өтті
Соңғы жылдары аудан көлемінде ұлттық спорт түрлері бұқаралық сипат алып келеді. Өткізіліп жүрген республикалық бәйге жарысы да ауданның мерейін асырып, ұлттық спорттың өркендеуіне жаңа серпін беріп келеді. Осы ретте, өткен жылы Шиелі ауданының 95 жылдық мерейтойына және «Алтын күз – 2023» мерекесіне орай атшабарда аламан бәйге өтті.
Алдымен аламан бәйгеде аудан әкімінің міндетін атқарушы сөз алып, шабандоздарға сәттілік тілеп, демеушілік жасаған кәсіпкерлерге алғысын білдірді.
– Халқымыз үшін жылқы жануары киелі саналады. «Түбіміз – Түркі, түлігіміз – жылқы» деп аталарымыз тұлпарды ерекше қадірлеген. Баһадүр батырларымыз ат үстінде жүріп, талай мәрте осынау байтақ даланы жаудан қорғап алған. Бүгінде дүние жүзі Алаш баласын арғымақты алғаш ерттеген ел деп таниды. Осы ретте, сол көшпенді бабаларымыздың заңды мұрагері ретінде ат спортын заманға сай дамыту мақсатында жыл сайын аламан бәйге өткізіп келеміз. Ендеше, осы сәтті пайдалана отырып, ат бәйгесін ұйымдастырып, ұлттық спортқа қолдау білдіріп отырған барша ел азаматтарына алғысымды білдіремін, – деді.
Айта кетейік, «Аламан» бәйгеде Бақторы атты Шиелінің тұлпары жеңімпаз атанып, шабандозға 3 миллион теңгенің сертификаты, қалған 4 жеңімпазға 1,5 млн, 700 мың, 500 мың, 300 мың теңгенің сертификаттары табысталды. «Құнан» бәйгеде алматылық шабандоз Абзал Тұрғанбек Лашын атты тұлпарымен мәре сызығына бірінші келіп, 1 млн 500 мың теңгені қанжығаласа, қалған шабандоздарға 700 мың, 500 мың, 300 мың, 200 мың теңгенің сертификаттары берілді. «Тай» бәйгесін Алматы облысының тұлпары Мархаба жеңіп алып, жеңімпазға 300 мың теңге сыйақы табысталса, қалған 4 шабандозға 200 мың, 150 мың, 100 мың, 50 мың теңгенің сертификаттары беріліп, аудан әкімінің алғыс хаттарын табыс етті.
