Өткен жылы Шиелі ауданы әкімдігінде VІІ шақырылған аудандық мәслихаттың кезекті 33-сессиясы өтті. Сессияны Шиелі аудандық мәслихат хатшысы Тұрмағанбет Жағыпбаров ашып жүргізген болатын. Онда 2023-2025 жылдарға арналған бюджетті тиімді жоспарлау жұмыстары талқыланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет қаражаттарын тиімді пайдалану жөнінде орталық және жергілікті атқарушы органдарға жауапты міндеттер жүктеп келеді. Расында да, бұл бүгінгі өзекті мәселенің бірі. Бюджет қаражаты ысырапшылдықты көтермейді. Оның әр теңгесі қатаң бақылауда болған жағдайда ғана тиімділігі арта түседі. Осы орайда шежірелі өлкенің бюджетін тиімді жоспарлау үшін қоян жылында атқарылар жұмыстардың легін тарқатқан-ды. Алдымен 2023 жылғы кірістер болжамына назар салсақ, 10 миллард 430 миллион 421 мың теңге көлемін құрайды екен. Ал бұл қаржыны қайда жұмсау көзделген, соны тарқатып көрелік...
Шиелі ауданының бюджетінен Бәйтерек, Жуантөбе елді мекендеріндегі көшелерді жөндеу жұмыстарына 58 миллион 573 мың теңге қаралған-ды. Сонымен қатар Иіркөлдегі №10, 11, 12, 13, 22, 23, 24 кв, С.Төребаев, Т.Адилов көшелеріне және Тұрандағы А.Құнбаев, Қорғанбаев, Молжігітов, Қодаманов көшелеріне жарық орнату үшін барлығы 33 миллион 232 мың теңге қаржы бөлінген екен.
Сессия отырысында мақұлданған тағы бір мәселе Майлытоғай елді мекеніне балалар ойын алаңын орнату ісі. «Балалар жылы» аясында бастау алған игілікті іс келер жылы да жалғасын таппақ. Ол үшін 38 миллион 101 мың теңге қаржы бөлінді. Сондай-ақ жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне әлеуметтік тұрғыдан халықтың осал тобы қатарынан білім алушы студенттерге әлеуметтік көмек көрсетуге 25 миллион 921 мың теңге, санаторлы-курорттық емделу қызметін алатын мүгедектігі бар адамдарға ілесіп жүрушілердің шығындарын өтеуге әлеуметтік көмекке 3 миллион 588 мың теңге, барлығы 29 миллион 509 мың теңге бөлінетін болады деп жоспарланған.
Шиелі ауданына қарасты ауылдардың ішінде алғашқы болып көгілдір отынның игілігін 2018 жылы Ы.Жақаев ауылының тұрғындары көрген болатын. Одан соң бұл жұмыстар Бидайкөл, Байсын, Керделі, Нартай ауылдарында жалғасын тапты. Өткен жылы бұл тізімге Ақмая, Алғабас және Ш.Қодаманов, Еңбекші мен Жиделіарық ауылдары да қосылды. Осылайша, аудан халқы газға қосылып, күл шығарып, от жағудың машақатынан арылды. Қоян жылының соңында көгілдір отынның қызығын көру еңбекшіліктерге бұйырған-ды. Өткен жылы Шиелі ауданының республикалық бюджеттің есебінен, құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміне газ тарту желілерінің құрылысын жүргізуге Еңбекші елді мекеніне 270 миллион 356 мың теңге, Жиделіарық елді мекеніне 172 миллион 157 мың теңге, барлығы 442 миллион 513 мың теңге бөлінген. Оған қоса облыстық бюджеттің есебінен, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне Сұлутөбе елді мекеніне кіре беріс Мақсұт Тоқмағамбетов көшесін күрделі жөндеудан өткізу үшін 264 миллион 651 мың теңге бөлінгенін де естідік.
Шиелі аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Д.Жакеев өткен жылы Шиелі кентіндегі көшелерді орташа жөндеуге 563 миллион 883 мың теңге қаралғанын да айтты. Ал ол қай көшелер? Кент тұрғындары тоқсан сайын әкіммен кездесуде айтатын Ш.Уәлиханов көшесінің басы, Қарабұзау көесінің аяғы, Қажымұхан көшесі және тұйығы, Желтоқсан тұйығы, И.Панфилов және тұйығы, М.Жұмабаев, Алтынбеков тұйығы, Ковтунов, Бөлтекейұлы, И.Құтпанұлы тұйығы, Абай тұйығы, Ботабаев тұйығы және №2 көше тұйығы, Кәрімбаев тұйығы, Шәкәрім Нұртөре моншасына дейін, Жайлыбаев тұйығы, Ә.Иманбеков, А.Жұбанов, Ж.Молдағалиев, Ағыбай батыр, Самара-Шымкент трассасынан Құрманғазыға дейінгі көшелер бар. Сондай-ақ Ә.Молдағұлова аяғы мен тұйықтары, №1, 2 көшелердің тұйықтары, №1, 2, 3, 4, 5, 6 көшелердің тұйықтары, Ы.Жақаев тұйықтары, Отырар, Жерұйық, М.Қаратаевтан қашыртқы каналға дейін, Ж.Ердешбаевтан, М.Мырзахметов, Омаров, ГРП-23 мөлтек ауданындағы көшелер, Боранов, аудандық аурухана көшесі атаусыз, Ермағанбетовтен А.Исмаиловқа дейін, Өмірбекова, Нұртазаева, Қабанбай батыр, А.Едигеев, Ж.Базарбаев, Базарбаев жанындағы атаусыз көше, аудандық аурухана жанындағы атаусыз көше, Бурабай, Б.Сыздықов, Қалдыбаев, Шопашев, Амангелді көшесінің басы, Самар-Шымкент тас жол бойындағы көше, Жақаевтан Жаназар батырға дейінгі аралықтар бар. «Жолдың жайын жүрген білер» демекші, кент іші көркейіп, жаңарып қалары сөзсіз.
Ауыл халқының тұрмыс сапасын арттыру бағытында қолға алынған бағдарламаның бірі – «Ауыл – ел бесігі» жобасы. Аталған бағдарлама аясында Тұран ауылындағы Н.Қорғанбаев, Н.Қылышбаев, Ақмаядағы Ы.Алтынсарин, Игілік, Бәйгеқұмдағы Досбол би, М.Әуезов, А.Құнанбаев, Ш.Уалиханов көшелері күрделі жөндеу көрген. Бұл тізімде Иіркөлдегі Сұлтан Қалымбетов, Сыздық Төребаев, Рахмет Нүрекев, Абай Құнанбаев тұйығы, Ахпанбет Қоспанбетов, Төлеу Адилов, Ибрагим Шохаев, №14, №15, Талаптандағы Алиханов, Баекеев, Оразбаев, Оспанов, Палымбаетов, Сатбаев көшелері, Тартоғайдағы М.Шохай, С.Ершохаев көшелері де бар.
Шиелі ауданы әкімі Нұржан Ахатовтың қатысуымен өткен сессия отырысында бөлімдерге бөлінген қаржыны ұтымды игеру, сан мен сапаға маңыз беру мәселесі де сөз болды. Күн тәртібінен түспей тұрған газдандыру, көшелерді жөндеу, жарық шамдарын орнату сынды жұмыстарға бастысы қаржы бөлініп, сессияда мақұлданды. Ендігі кезекте қаржы мақсатты, өз орнымен жұмсалса Шиелінің шырайы арта түсері анық.
