Kyzylorda-news.kz Қоян жылын артқа тастап, ұлу жылына қадам басқанымызға 4 ай толды. «Бүгінгі күн – ертеңгі тарих» демекші, кезекті жыл тарих қойнауына кетіп, өлкенің өндіріс алыбының жылнамасы тағы бір томмен толықты. Ендеше артымызға бір қайырылып қаралық, 2023 жыл шиеліліктер үшін несімен есте қалды? Нендей істер тындырылып, қандай жетістіктер қанжығамызды майлады?

ӨНІМ КӨЛЕМІ ҚУАНТТЫ

Ауыл шаруашылығы саласы бойынша Шиелі ауданында 42 миллард 54 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 103,4 пайызға орындалған. Сондай-ақ Шиелі ауданы бойынша 31 702 гектарға егін орналастырылған. Ал негізгі дақыл күріштің үлесі – 13 189 гектар. Күріштің әр гектарынан 56 центнерден өнім алынып, 73 786 тонна Сыр салысы өндірілді. Қоян жылында Шиелі ауданы ауыл шаруашылығы саласы бойынша биіктен көрініп, облыста «Үздік аудан» атанды. Бұл үлкен еңбектің арқасында жеткен жетістік.

ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫН АЛДЫ

2022 жылы құрылыс саласының жалпы көлемі 7 млрд 691 млн теңге болса, ал өткен жылы 53 млрд 187 млн теңге болған. Яғни бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 6,9 есе өскен. Қоян жылында аудан көлемінде 27 нысанға 2 млрд 808 млн 576 мың теңге қаржы бөлініп, игерілуде. Бұл қаржының 2 млрд 357 млн 914 мың теңгесі республикалық, 450 млн 662 мың теңгесі жергілікті және облыстық бюджеттен бөлінген. Осы мерзімге дейін бірқатар нысандар пайдалануға да берілді. Нақты айтқанда, Шиелі кентіндегі 18 пәтерлік 4 тұрғын үй құрылысы 2020 жылдың мамыр айында басталып, биыл тамыз айында құрылысы толықтай аяқталған. Сонымен бірге облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес Досбол би, Бала би, Бұланбай бауы ауылдарында жобалық құны 1 млрд 178,4 млн теңгені құрайтын 25 орындық 3 дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Байсын елді мекеніндегі 250 орындық мектеп ғимаратының құрылысы толықтай аяқталып, нысан ел игілігіне берілгені тағы бар.

ҚЫЗАНАҚ ПАСТАСЫ ӨЗІМІЗДЕ

Шиеліліктер өз нарығын тағы бір өніммен толықтырды. «Ауыл аманаты» жобасының игілігін көрген ауыл азаматы Қанат Мұсаев тәулігіне 2 тонна қызанақ пастасын шығаратын цех ашты. Ол жоба аясында 27 млн теңге несие алып, «Barly Bai & K» өндірістік кооперативін құрып, кәсібін кеңейткен. Бағдарлама арқылы алынған қаражатқа көршілес Ресей мемлекетінен құрал-жабдықтар сатып алып, іске қосып өнім түрлерін алуда. Қазір цехта 6 адам жұмыс істейді. Жаз айларында 15 адамға дейін жұмыспен қамтып, өндірісті әлі де кеңейтуді жоспарда бар. Бұл жобаның жалпы құны –48 млн теңгені құрайды.

ТЕХНИКА ДА ТОЛЫҚТЫ

Бүгінде ауыл шаруашылық құрылымдары жаңа үлгідегі «Мак-Дон», «Джон Дир», «Класс», «Енисей», «Есіл» маркалы соңғы үлгідегі ауыл шаруашылық технологияларымен толыққан. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қолында күзгі дала жұмыстарына 331 дана трактор, 117 дана комбайн, 63 дана жатка, 52 дана автомашина және 164 дана трактор тіркемесі қатысқан. Жалпы аудан бойынша кейінгі 4 жыл көлемінде отандық және шетелдік техникалармен 63 пайызға ауданның техника паркі жаңарды. Биылғы жылдың ІІІ тоқсанында ауданға ауыл шаруашылығы құрылымдары жаңадан 4 комбайн, 2 жүк тиегіш және 10 трактор алынды. Қазіргі уақытта ауданға 1 млрд 177 млн теңге инвестиция тартылып, өткен жылға қарағанда 2,7 есе артып отыр.

ЕКІ АУЫЛҒА ГАЗ КЕЛДІ

Жаңа жыл қарсаңында қос ауылда газ алауы тұтанып, тұрғындар қуанышында шек болмады. Бұл көптен күткен қуаныш Еңбекші мен Жиделіарық ауылдарында орын алды. Бас мердігер «Гүлнұр МК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі межелі уақыт бойынша өз жұмыстарын аяқтаған. Жоба құны – 270,3 млн теңге. Қазіргі уақытта кент және Ы.Жақаев, Бидайкөл, Байсын, Н.Бекежанов, Ақмая, Алғабас және Ш.Қодаманов сынды ауыл тұрғындары көмір тасып, пеш жағып, күл шығару секілді күйбең тұрмыстың күнделікті бейнетінен арылды. Сонымен қатар Тартоғай елді мекенінің тұсынан Мұстафа Шоқай автоматтандырылған газ бөлу стансасы құрылысын жүргізуге республикалық бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Иә, заман талабына сай халыққа қажеттісі көгілдір отын екені даусыз. Газдандыру жұмысы осы қарқынынан таймаса, алдағы 5 жылда Шиелі ауданы толық газбен қамтылады деген үміттеміз.

ЖОЛ ДА ЖӨНДЕЛДІ

Шиелі ауданында жалпы ұзындығы 323,4 км құрайтын автомобиль жолдары бар. Оның 80 км республикалық, 98 км облыстық, 145,4 км аудандық маңыздағы жолдар. Шиелі кенті және елді мекендерді қоса есептегенде ұзындығы 395,38 км құрайтын 401 көше бар. Бұл көшелердің 198,69 км асфальт төселсе, 145,69 км қиыршықтас төселген. Ал 51 км топырақ. Соңғы 5 жыл көлемінде ауданда жол жөндеу жұмыстары бәсеңдеп қалғанын халық жиі айтушы еді. Ал қоян жылында аудан әкімі Н.Ахатов «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 36 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуді қолға алды. Ол үшін 565 млн теңге қаржы қаралған. Одан бөлек республикалық бюджеттен «Самара – Шымкент – Сұлутөбе» кіре беріс 3 км автомобиль жолын күрделі жөндеуден өткізу үшін 564 млн теңге бөлінген. Бәрінен бұрын кент ішіндегі 49 көшені орташа жөндеуден өткізетінін естіген кент тұрғындарының қуанышында шек жоқ.

Салыстырмалы түрде қарасақ 2022 жылы Шиелі кентінде жол жөндеу жұмыстарына 208 млн 860 мың теңге бөлініп 14,6 км асфальт төселсе, 2023 жылы 59 көшеге жалпы құны 639 млн теңге болатын, ұзындығы 22,9 км-ге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Оған қоса 9 көп қабатты тұрғын үйдің сыртын сырлау үшін 24 млн 500 мың теңге бөлінсе, жеке кәсіпкер Б.Қожасовтың демеушілігімен Тәуелсіздік көшесінің бойына 10 млн теңгеге сквер орнатылды. Шиелі кентіндегі индустриалды аймаққа «Гежуба Шиелі Цемент» зауыты тарапынан 50 млн теңгеге 3,5 мың көшет егу жұмыстары жүргізілді.

КӨШЕЛЕР ДЕ ЖАП-ЖАРЫҚ

Кент ішінде 210 көше болса, қазіргі таңда 117 шақырымды құрайтын 165 көше толығымен жарықтандырылып, 3500 дана жарық бағаналары орнатылған. 2022 жылы 24 көшеге 24 млн 950 мың теңгеге түнгі жарық бағаналары орнатылса, қоян жылында 1586 дана жарық бағанасын сырлауға 8 млн 756 мың теңге қаржы қаралған. Ортақ пайдаланудағы аллеялар мен скверлер толық жарық шамдарымен қамтамасыз етілген. Кент басшысы Амангелді Өмірәлі түнгі жарық шамдары үздіксіз қалыпты жану мақсатында күтіп ұстау жұмыстары жыл көлемінде жүргізіліп жатқандығын да тілге тиек етті.

Тағы да оқыңыз: