Kyzylorda-news.kz. Бүгінде ауаның ластануы, қоршаған ортаға жанашырлық таныту күллі әлемді алаңдатып отырған мәселе. Осынау өзекті мәселе шиеліліктерді бейжай қалдырмады. Бұлай дейтініміз, «Гежуба Шиелі Цемент» зауытынан шығатын түтін жергілікті жерлерге зиянын тигізуде деп шағымданған тұрғындардың бұл мәселесін назардан тыс қалдырмаған әкімдік тиісті жұмыстың жүргізілуін қолға алды.
Осы ретте аудан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Апетовтың қатысуымен «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС 1 санаттағы нысандарды пайдалануға экологиялық рұқсат алу үшін эмиссиялық нормативтік жобасы, қалдықтарды бақылау бағдарламасының жобасы, өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасының жобасы, қоршаған ортаны қорғау жобасы, «өндірістік технологияны модернизациялау» құжаттамасы бойынша қоғамдық тыңдаудың отырысы өтті.
Қоғамдық отырыстың тыңдауына аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил, қоғамдық кеңестің төрағасы Қаблеш Бекшеев, кент ардагері Болат Күлімбетов, Насырбек Мырзабеков және өзге де зиялы қауым өкілдері, БАҚ мүшелері қатысты.
Жиын барысында сөз алған
«Дәл осындай цемент зауыт бізде ғана емес Шымкентте де бар. Жұмыс істеп тұрғанына 10 жылдан асты. Сол зауыт қаланың шетінде орналасқанымен айналасында бірнеше ауыл тұрады. Бірақ ол жерден шу шықпайды. Ендігі осындай үлкен зауыт Жамбыл да бар. Ол жақтың халқына ешқандай зияны жоқ. Ал біздің Шиеліге зиян. Негізі аталған екі қаладағы зауыттың технологиясы бір дегенімен біздегі ауа өткізгіш сүзгіден немесе жасалған технологиясынан ақау кеткен бе деп ойлаймын. Мысалы, сіздер екі қаладағы серіктес зауыттармен байланыс жасадыңыздар ма? Жаңағы мен айтқан зауыттың бірі қаланың ортасында, теміржолдың жағасында орналасқан. Оның жанында «Тассай» деген ауыл бар. Ол жерде Төңкерістен он есе үлкен ауыл тұр. Енді олардың халқы тыныш, сол зауытта еңбек етіп, нәпақаларын тауып жүр», – деді Насырбек Мырзабеков.
Айта кетейік, «Гежуба Шиелі» зауытында тампонаждық және портланд цемент шығарылады. Өткен жылы 1,1 млн. тонна цемент өндіріп, оның 326 мың тоннасы Өзбекстанға экспортталды. Зауыттағы еңбекпен қамтылған жұмысшылардың 90 проценті жергілікті мамандардан тартылған.
Жиын соңында қоғамдық кеңестің мүшелері түрлі ұсыныстар мен сұрақтарын қойып, зауыт басшысына алдағы уақытта нақты жұмыстар жүргізілу қажеттігін және бірінші кезекте тұрғындардың денінің саулығы маңызды екенін алға тартып, көркейту-көгалдандыру жұмыстарын да назардан тыс қалдырмауды сұрады. Зауыт басшылығыөндіріс аймағын айналдыра тал егу жұмыстарына қаржы қаралып, көркейту-көгалдандыруға байланысты екі жылдан бері жұмыс жүргізіліп келе жатқанын тілге тиек етті.