Kyzylorda-news.kz Жуырда ардагерлер үйінде өткен Шиелі аудандық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында, күн тәртібіне сәйкес бірнеше мәселе талқыланды. Жиынды кеңес төрағасы Қаблеш Бекішев жүргізіп, кеңес мүшелеріне қаралатын мәселерді таныстырды. Негізгі мәселенің бірі – балалардың жазғы тиімді ұйымдастыру және суға түсу мерзіміндегі қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету болғандықтан, отырысқа арнайы шақырылған Шиелі аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Марат Ақпанбетов баяндама жасады.

Соңғы қоңырау соғылып, балалар көптен күткен жазғы демалысқа шықты. Шынында да, балалардың жазғы демалыс кезінде олардың бос уақытын тиімді пайдалану, қауіпсіздігін бақылауда ұстау қоғамдық кеңестің қарауынан тыс қалған емес. Елімізде балалардың сапалы білім алуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қажетті жағдайлар жасалынып келеді. Осы тұрғыда баяндама жасаған Марат Ақпанбетов:

– Биыл Шиелі ауданында балалардың жазғы демалыс уақыты кезеңінде бірнеше бағытта жұмыстар қолға алынып, іс-шаралар бекітілді. Атап айтар болсақ, «Сыр ұланы» сауықтыру лагері және мектептер жанынан шатырлы, этно, ұлттық құндылықтар бойынша археологиялық, спорт бағытындағы лагерлер ұйымдастыру жоспарланды. Жұмыспен қамту бойынша Шиелі аудандық жастар ресурстық орталығы арқылы «Жасыл ел» бағдарламасымен көгалдандыру топтарына, жөндеу-құрылыс бригадаларына және өндірістік кәсіпорындағы жұмысқа балалар шартты түрде жұмыспен қамтылатын болады. Сондай-ақ, балалар туристік, интеллектуалды сияқты бағыттар жұмыстар жүргізеді, – деді.

Сонымен қатар, баяндама жасаған аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Марат Ақпанбетов суға шомылу маусымында балалаларға су айдындарындағы қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, төтенше қауіпті жағдайлардың алдын алу, болдырмау, қауіпсіздік шараларын үйрету бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Баяндамадан соң кеңес отырысына келгендер жауапты маманға көкейде жүрген сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптарын алды.

Баяндаманы бұдан әрі Шиелі аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Қаблеш Бекішов жалғастырды. Ол бүгінгі таңда қоғамдық кеңестерге олардың тиімділігін, ашықтығы мен танымалдылығын арттыруға оң әсер ететін бірқатар маңызды міндеттерге тоқталып, қоғамдық кеңес мүшелерінің НҚА жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізуге қатысу бойынша баяндама жасады. 

– Жемқорлық – мемлекеттің, қоғамның дамуына тежеу болатын, болашағына кесірін тигізетін індет. Сыбайлас жемқорлықпен күресу – бүгінгі күннің күрделі мәселесі болып отыр. Елімізде осы мәселеге байланысты арнайы қабылданған заңдар да, атқарылып жатқан түрлі жұмыстар да бар. Еліміздің өркениетін дамытқысы келетін, өз ортасын құрметтейтін әрбір азамат мемлекеттің ішіндегі тәртіпті белгілі бір жүйеге келтіруге, ел ішіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүдделі. Сондықтан, алдағы уақытта қоғамдық кеңес сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жұмыстарын жүргізетін болады, – деді кеңес төрағасы.

Жиын соңында қаралған мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлер айтылып, сала мамандарына тиісті тапсырмалар берілді. Кеңес төрағасы балалардың қауіпсіздігін басты назарда ұстау керектігін жеткізіп, осы бағыт бойынша жұмыла жұмыс істеуге шақырды. 

 

Тағы да оқыңыз: