Kyzylorda-news.kz. Таяуда Шиелі ауданы әкімдігінің мәжіліс залында "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" ҚР Заңының 11-бабына сәйкес Шиелі аудандық мәслихаттың кезекті 16-сессиясы өтті. Шиелі аудандық мәслихат төрағасы Айтбай Жандарбековтің төрағалығымен жүргізілген сессияға аудан әкімінің орынбасарлары, мәслихат аппараты, аудандық бөлім, мекеме басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Келелі жиында күн тәртібінде бекітілген негізгі мәселелер қаралды. Ауылдық округ әкімдері 2023 жылға арналған ауылдық округ бюджетін атқару жөнінде баяндама жасады. Бюджеттің жалпы кіріс-шығыс көлемі, салық түсімдер болжамы талқыланып, бекітілген жоба негізінде шешімдер қабылданды. Сонымен қатар талқыланған өзекті тақырыптар – жол мәселесі, көшелерді жарықтандыру, тазалық, абаттандыру жұмыстары бойынша ұсыныстар айтылды. Шиелі аудандық мәслихат депутаттары ортаға салынған мәселелер бойынша пікір білдіріп, бөлім басшылары тарапынан тиісті жауаптар берілді.
Бұдан бөлек кент әкімі Аманкелді Өмірәлі Шиелі кенті әкімінің есебі жөнінде хабарлама жасады. Жыл көлемінде кент аумағында атқарылған жұмыстармен таныстырып, әртүрлі саладағы өзгеріс пен өсім көрсеткіштерін баяндады.
Өздеріңізге мәлім, биыл Шиелі кентінің ішінде кешенді жұмыстар жоспары құрылып, бүгінде үздіксіз жүргізіліп келеді. Мәселен, өңірдегі санитариялық тазалық жұмыстарын қамтамасыз ету мақсатында кент аумағы 3 аймаққа бөлінді. Бүгінде көшет отырғызу жұмыстары аяқталып, аудан орталығының басты көшелерінде 10 мыңға жуық жас өскін бой көтерді. Ал аллеялар мен скверлерге және орталық алаңға көшеттер мен гүлдер егіліп, күтіп-баптау жұмыстары әлі де жүргізіліп келеді.
Жыл басында кент көшелерін, мөлтек аудандарын және теріскей бет көшелерді санитарлық тазалау мақсатында 90 млн теңге қаржы бөлінген. Бұл үшін орталықбөлігін санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізуші мердігер – "Электро-Лидер" ЖШС-мен келісімшарт жасалды. Бүгінде екі аймақты тазалауға мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ кент аумағында орналасқан тұрмыстық қатты қалдықтарды тастауға арналған орындардың, жәшіктердің ескіруіне байланысты 10 жерге тұрмыстық қатты қалдықтар тастауға арналған орындар, 100 дана контейнер мен 10 дана үлкен көлемді жабық контейнер сатып алынып, жаңалау жұмыстары жалғасып жатыр.
Елді мекендердегі көшелерді жарықтандыру бағдарламасы аясында кент көшелеріне жарық бағаналары орнатылуда. Атап айтсақ, қазіргі таңда Яссауи, Әбдікәрімов, Абылайхан, Сейфуллин, Дәулеткерей, Жақаев, Байтұрсынов көшелерінің бойындағы жарықшам бағандарын ауыстыру, оларға монтаж, демонтаж жұмыстарын жүргізу жалғасып жатыр. Бұдан бөлек кенттегі 35 көшеге түнгі жарық бағандары орнатылмақ. Өтпелі кезеңмен жоспарланған жұмыстардың жалпы құны 369 млн 500 мың теңгені құрайды. Бүгінде мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Аталған жұмыстар қаржыландыру көзіне сәйкес, 2024-2025 жылдар аралығында кезең-кезеңімен атқарылатын болады.
Елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру бағдарламасы аясында кенттегі бірнеше көшеге жаяу жүргіншілер жолы орнатылса, Тәуелсіздік көшесінің бойына аллея салу жоспарланған. Эскиздік сызбасы әзірленген жобаның сметалық құжаттамасы жасақталуда. Аталған жұмыстар қаржыландыру көзіне сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге аспақ.
Сонымен қатар кенттің келбетін келістірер вокзал маңына тұғырлы сағат орнату, аудан әкімдігінің ауласына субұрқақ орнату жұмыстары жүргізілмек. Құрылыстардың мемлекеттік сатып алу жұмыстары аяқталды. Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл және Невада-Семей қозғалысының құрылғанына 35 жыл толуына орай белгі орнату, Н.Бекежанов көшесі бойында орналасқан қорымды қоршалау жұмыстары, кенттегі 4 жерге балалар ойын алаңы мен спорт алаңын орнату жобасы, "М.Шоқай" атындағы орталық алаңға ағымдағы жөндеу жүргізу жұмыстары жоспарланған. Бұған қоса кенттегі 10 көшеге гобо проекторлы жаяу жүргіншілер жолағын орналастыру ісі жуық арада бастау алмақ. Ал тозығы жетіп ескірген көше белгілерін ауыстыру жұмыстары жақында аяқталады.
Бүгінде кент көшелерінің бойына жасыл желектерді тамшылатып суару жүйесін орналастыру қолға алынды. Сондай-ақ жоба бойынша ағаш егілген жасыл аумақтарды қорғау мақсатында оларды темір қоршаумен қоршалау жұмыстары жоспарланған. Ауданның көркіне айналған "Ы.Жақаев" саябағына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Жұмыс өтпелі кезеңге жоспарланған, қаржыландыру көзіне сәйкес кезең-кезеңімен атқарылатын болады.
Күн тәртібіндегі өзекті тақырыптардың бірі – жол мәселесі екені белгілі. "Ауыл – ел бесігі" жобасы аясында облыстық бюджет тарапынан күрделі жол жөндеу жұмыстарына 1 млрд 061 млн 289 мың теңге қаражат бөлінді. Қазірде кенттегі Тәуелсіздік көшесі күрделі жөндеу жұмыстарынан өтуде. Жоба аясына көшедегі жаяу жүргіншілер жолын жаңалау, автомобиль жолын күрделі жөндеу және түнгі жарық бағаналарын ауыстыру кіреді. Бұдан бөлек Дәулеткерей, М.Шоқай көшелерін күрделі жөндеу, А.Яссауи, Ш.Бәкіров көшелерін реконструкциялау жұмыстарының жоба сметалық құжаттамалары жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Жұмыстар жоспар бойынша қаржыландыру көзіне сәйкес кезең-кезеңімен жүргізілетін болады.
Аудандық мәслихаттың кезекті сессиясында осы және бірқатар мәселелер талқыланды. Кент көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кент әкімі мен мердігер мекемелердің басшыларына сұрақтар қойылды. Кент әкімдігінің есебіне жақсы деген баға беріліп, аудан игілігіне бірлесіп атқарылатын сапалы жұмыстарды молайтуға шақырды.