Kyzylorda-news.kz "Сыр елі – жыр елі" деген атақ-абырой сыр бойылықтарға тектен-текке беріліп, не болмаса сөздің ұйқасымен айтыла салған жоқ. Мұның артында қаншама сүлейлер мен шайырлардың еңбегі жатыр. Сонымен қатар сыр халқының ән мен жырды жанындай жақсы көріп, жатқа айтып, бабалардан мұра ретінде қалған дәстүрлі өнерге қиянат жасамай, болашаққа сол қалпында табыстап келе жатқандықтарына берілген баға деп білеміз. Сүлейлердің соңғы тұяғындай болған Нартай Бекежанов бабамыздың да сыр елінің жыр елі атануына қосқан үлесі орасан. Сырнайын сүйрете жүріп, елдің атын сол уақытта КСРО халқына танытты. Басқасын айтпағанда, қазақ поэзиясының алыбы ұлы Жамбыл Жабаев Нартай ақынға:

         "О, Нартай, шешен таңдай, қасқа маңдай,

         Сөзің тәтті, дәмді екен шекер балдай.

         Жүректі сілкіндіріп бір ояттың,

Сарғайып күншығыстан атқан таңдай" деуінің өзі Алаш анасының төсін емген мұқым елге берген бағасы іспеттес. Қазақтың марқасқалары мақтап, өнерін бағалаған Нартай Бекежановтың есімі өзі туып өскен өңірде де үнемі ескеріліп, ән-жырлары ұлықталып келеді. Мұнан бөлек, Құрманбек Бекпейісов бастап ашып берген "Нартай өнер мектебі" Шиелі ауданында тұрақты жұмыс істеп, өнерлі өрендерді баулып жатыр. Кіндік қаны тамған ауылына ақынның аты берілді. Бұл дегеніміз – елім деген ерді елі ескеріп, жақсылығын жадында сақтай білгендігінің белгісі дер едік. Бүгін біз сөз етіп отырған ақын Нартай ауылының тыныс-тіршілігін баяндамақпыз.

АУЫЛ ТЫНЫСЫ

Керделі ауылдық округі – Шиелі ауданына жақын орналасқан, шаруасы шалқыған, өрісіне құт дарып, ел ішіне бақ қонған мекен. Бұл елді мекеннің азаматтары шетінен еңбексүйгіш. Көптің пейіліне қарай шығар, соңғы жылдары мұнда талай уақыттан бері тұрғындар шешімін күткен күрмеуі қиын мәселелердің түйіні тарқатылып келеді. Әсіресе, жұрт ауылдағы жолдың жүз пайыз жөнделгеніне қуанады. 92 пайыз газбен қамтылғаны тағы бар. Түнде көше шамдарының жарқырап тұрғанын, ауыз су жүйесінің жаңғыртылғанын да көпшілік біткен іс санайды. 

540 түтіні бар Керделіде 2933 тұрғын тұрмыс кешуде. Халқы еңбек десе, ішкен асын жерге қояды. Оны сөзбен емес, іспен дәлелдеп жүр. Бір сөзбен айтқанда, тұрғындар ата кәсіптен алшақтамаған. Яғни егін және мал шаруашылығымен айналысады. Төрт түлігін түлетіп, мал басын мыңғыртып ұстап отырған шаруалар қатырының көбейгендігі көңілге қуаныш ұялатады. Ауылдық округте 4725 бас ірі қара, 11 829 бас қой, ешкі, 1159 бас жылқы тіркелген. Биыл жергілікті тұрғындар 966 гектарға күріш, 250 гектар жерге бидай, жаңа жоңышқа – 509, ескі жоңышқа – 798, көкөніс – 55, картоп – 38, бақша өнімдері – 50 гектарға еккен. Округтегі 2906 халықтың 1168-і экономикалық белсенді санатына жатып, олардың 1134-і тұрақты жұмыспен қамтылса, 34-і ресми тіркелген жұмыссыздар. Жыл бойына 25 отбасы жаңа форматтағы атаулы көмек алса, аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы жыл бойына ақылы қоғамдық жұмысқа 25 адам, жастар тәжірибесі бағдарламасы бойынша 12 азамат, тұрақты жұмысқа 47 адам тартылып отыр. 

КӨРКЕЙТУГЕ ҚОЛ ҰШЫН БЕРГЕНДЕР КӨП

Керделіде өмірге қажеттінің барлығы бар. Тегіс жол, таза ауыз су, сапалы электр, мектеп, балабақша, өнер мектебі, мәдениет үйі. Енді таяуда жаңа стадион салынбақ. Еңбекке етене жақын ауылдың маңайы - абат, ырысы - қабат. Елді мекендегі көшелер тап-тұйнақтай таза. Соңғы уақытта ауылды көгалдандыру жұмыстарына ерекше ден қойылып келеді. Ауылдық округті абаттандыру жұмысына ауыл депутаты Болат Сүлейменов қомақты үлес қосқан.

– Ауылдық округте көркейту-көгалдандыруға байланысты саялы ағаштар мен көшеттер отырғызылды. Н.Бекежанов көшесіне ерекше қора салынды. Оған ауыл кәсіпкерлері демеушілік танытып, 5 млн теңге бөлді. Енді міне күз мезгіле де келіп қалды. Алдағы күзгі тазалық айлығында сенбіліктер ұйымдастырып, ауылдық округтегі барлық мекемелер өз аулаларын көркейту жұмыстарын жүргізетін болады, – дейді ауыл әкімі Ғалым Ыханов.

КӘСІПТЕН ТЕРГЕН НӘСІБІН

Керделіде шағын және орта бизнеске қолдау ерекше. 9 сауда нүктесі, 2 монша тұрғындарға қызмет көрсетеді. Жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерліктің ІІ бағыты бойынша 7 оқып, сертификат алған. Өз жобаларын қорғап, 8 млн 576 мың 400 теңге алып, кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Тірлігі төрге озған ауылда 27 ауыл шаруашылығы құрылымдары жұмыс атқарады. Оның ішінде 13-і мал шаруашылығымен, 1 балық шаруашылығы және 13 егін шаруашылығымен, 15 азамат мал бордақылаумен айналысады.

- "Атамекен" ҰКП "Жұмыспен қамтудың жол картасы" аясында 4 азамат 19 млн 200 мың теңге несие алып, мал басын көбейтуде. "Сырдария-1" НС "Іскер" 1 адам 150 млн теңге, "Қызылорда" ӨИО микро бизнестен 1 адам 5 млн теңге, "Наурыз-Дем" НС ЖШС "Іскерден" 2 азамат 638 млн 920 мың теңге несие алып, кәсіптерін жүргізіп отыр, - дейді ауыл әкімі.

ДЕМЕУШІЛЕРІНЕ ДӘН РИЗА

Ауыл тұрғындарына 2020-2023 жылдар аралығында демеушілік жасап, көмек қолын созып жүрген жандар жетерлік. Мысалы, жеке кәсіпкер Нұржан Дулатов мереке сайын тұрмысы төмен отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз етеді. "Айдәулет" шаруа қожалығының төрағасы Ғазиз Тобажанов болса, жыл сайын тұрмысы төмен әлеуметке 20 қой беріп отырады.   

- Жалпы жағдайымыз жаман емес. Ауылымыз жақсы дамып келеді. "Ақжолтай істің алды – бейнет, арқасы – ырыс" деген. Атқарылған шаруа да аз емес, жобалаған жоспар да жеткілікті. Ауылдағы демеушілердің арқасында көптің игі істер атқарылып келеді. "Халық" фермер қожалығының төрағасы, әр жыл сайын ауыл ардагерлеріне бір көлік шөп, әр отбасыға 50 келі күріш, мүгедек балалары бар отбасыларына да күріш таратады. Жеке кәсіпкер Күзенбай Шереханұлы, "Мұхтар" фермер қожалығың төрағасы Мұхтар Уралов, "Серік" шаруа қожалағындағы Нұрлан Айтасов, Достияр Әтеевтің "Жақсылық" шаруа қожалықтары мереке сайын қаржылай қолдау білдіріп отырады, - дейді Ғалым Ыханов.

Түлеуге бет бұрған Керделі ауылында үйренерлік тәжірибе жетерлік. Осындай оң өзгерістерге жол ашыла берсе, түбінде бұл ауылдың аудандағы бетке ұстар елді мекенге айналары күмән туғызбайды. 

Тағы да оқыңыз: