Kyzylorda-news.kz «Әлің барда еңбек ет, еңкейгенде емерсің» деген. Бірді екі етіп, қолда бар құрал-жабдығымен күн көріп отырған кәсіп иелерін көргенде, ішің жылиды. Жасыратыны жоқ, қазіргідей заманда етікшілік кәсібіне менсінбеушілік көзқарас танытатынымыз рас. Екі қолға бір күрек таба алмай отырып, етікші болудан арланатындар бар. Бүгінгі кейіпкеріміз көпшілік қырын қарайтын кәсіп түрі болса да, күнделікті нәпақасын біз бен тебеннің арқасында айырып отыр.
Қазір біздің қоғам шабамын деген адамға ат берген, жанамын дегеннің жүрегіне от берген дәуір. Яғни, екі қолға бір күрек тауып, іспен айналысуға мүмкіндік мол. Ал етікші болу – еріккеннің емес, тіпті, екінің бірінің қолынан келе бермейтін кәсіп түрі. Ата-бабаларымыз «Ерінбеген етікші болады» деген тәмсілді бекер айтпаса керек. Бүгін үйден керемет көңіл-күймен жұмысқа бет алдым. Бірінші бағытым орталық базар болатын. Әлеуметтік желіге қарасам бүгін етікшілер күні екен. Базар іші ығы-жығы адам. Бәрі жеке басының қамын күйіттеп жүргендер. Қызу тіршілік арасынан етікшіге көзім түсті. Күнделікті ісіне кіріскен еңбек адамымен жақын барып таныстық. Кейіпкеріміз өзін "Жолы болғыш адаммын" дейді. Таң мен таласа тұрып, балға мен бізді жолдас еткен етікшінің есім-сойы – Нұрлыбек Бейсекеев. Шиелі ауданының тұрғыны Нұрлыбек осы кәсіпті игеріп, отбасын азын аулақ нәпақасымен асырап, күнкөрістің қамын жасап, отбасының жоғын бүтіндеп жатқанына биыл 22-ші жыл екен. Кейіпкеріміз басында қиын болғанын, кейіннен қолы жаттығып, қызығушылығы оянғанын айтты. Ол тұтынушылардың көңілін жықпай етіктерін ойындағыдай етіп, сәнін де, сапасын да келтіріп, тігіп беремін дейді. Соңғы бірнеше жылда Нұрлыбектің тұрақты тұтынушылары көбейіп, тапсырысы арта бастаған. «Еңкейіп жұмыс жасасаң, шалқайып демаласың» дейді ол. Осылайша кәсібін бастаған азаматтың тірлігі алға басып, осы күні танымал кәсіп иесіне айналып келеді.
– Қытайдың бір рет киіп, екінші рет тігуге жарамсыз болып қалатын аяқ киімдерін маған көп алып келеді. Шырайын шығарып тігіп, жамап, жапсырып беремін. Тапсырысты уақытында бітіріп беруге тырысамын. Аспандағы бағаны да қоймаймын. Халықтың қалтасына тиімді, қолжетімді бағада қызмет көрсетеміз. Қазіргі кезеңде өзімнің ескі тігін машинаммен жұмыс істеудемін. Көн, шеге, желім сынды қажетті заттарды өзге қаладан, арнайы дүкендерден өзім сатып алып келемін. «Шебер шебер емес, құрал шебер» дегендей, жабдықтарымды жаңартқым келеді. Әттең, бағасы қымбаттау болып тұрғаны. Ондай мүмкіндікке ие болсам, мәсі де тіге берер едім. Шеберхананы кеңейтіп, бөлмелерін көбейтсем деген алда мақсатым да бар, – дейді шебер.
Қазіргі таңда Қытай тауарлары базарда қаптап тұрғанына көңіл налиды. Көздің жауын алатын сатылымда тұрған етіктердің ішінде өте жақсы дегендерінің өзі бір жылға жетпей табаны бөлініп немесе тігісінен кетіп жатады. Алмайын десеңіз қалтаға қонымды бағаны айтады. Әзірге киіміміздің бүтіндігі мен аяғымыздың жылулығын шығыстағы көршімізге сеніп тапсыра тұруға тура келеді. Әлемде 10 млрд жұп аяқ киім өндіріледі деп есептесек, соның 6 млрд-ы Қытайдан шығады екен. Қытайдан шыққан кейбір аяқ киімдердің құрамы денсаулыққа өте зиянды, бір жағынан аяққа қонымды келмейді. Бірақ сұранысқа ие болып тұрады. Көбінесе аяқ киімдер әдемі көріну үшін тігушілер терінің астына паралон салады екен. Сол себепті материал ауа өткізбейтін болғандықтан, буын ауруын тудырады. Қазақстанға аяқ киім шығаратын тауарлардың 75 проценті Қытайдан тасымалданады. Қазіргі таңда елімізде былғары өңдеу саласында 32 кәсіпорын жұмыс істесе, солардың 5-еуі аяқ киім өндіреді. Біздің елімізде жүн өндіру өндірісі де кенже қалғаны жасырын емес. Мысалыға, қой жүнін керек қылмай қоқысқа тастап немесе өртеп жіберетін болдық. Себеп не? Өйткені қабылдайтын арнайы орындар жоқ. Елден жүн өңдейтін кәсіпорын ашылса, шашылып жатқан жүндер кәдеге жарар еді. Отандық мамандар жүннің таза табиғи өнім екенін оны жылу үшін ғана емес, емдік мақсатқа да пайдалануға болатынын айтып дабыл қағуда. Жүннің талшықтары массаждық эффект береді. Оны жалаңаш аяққа кисе, қан айналымын жақсартатын қасиеті бар. Өзіміздің елде жүн қосып табиғи таза былғары мен теріден аяқ киімдер жасап шығарылса, сапалы әрі денсаулыққа пайдалы болар еді.
