Kyzylorda-news.kz Еліміз тәуелсіздігін алған жылдан бастап Қазақстан күнтізбесінде жаңа мемлекеттік мерекелер пайда болды. Сондай атаулы мерекенің бірі – Отан қорғаушылар күні!
«Отан отбасынан басталады» демекші, қазақтың қанындағы ел мен жерге деген сүйіспеншілік, оған қорған болу – ананың ақ сүтімен дарыған қасиет. Халқымыз қаншама адам төзгісіз қиын-қыстау, зұлмат замандарды бастан өткеріп, бүгінде тәуелсіздікке қол жеткізіп, бейбіт өмір кешуде. Туған елін сүйіп, ақтық демі қалғанша жерін қорғаған айбынды жауынгерлер мен тылдағы жұмысшылардың ерен еңбегі елдің есінде мәңгі сақталады.
Осы орайда жылдағы дәстүр бойынша Шиелі ауданы әкімдігінің мәжіліс залында «Отан қорғаушылар күніне» арналған мерекелік салтанатты жиын өтті. Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов құттықтау сөз сөйлеп, егемендігімізді еселеп, айбынымызды асқақтатып тұрған айтулы мерекемен құттықтады.
– Баршаңызды 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесімен құттықтаймын. Халық даналығында «Отан үшін соғыссаң – күймейсің, арың үшін алыссаң – өлмейсің» деген сөз бар. Егеменді еліміздің отын сөндірмей, қорғаныс жүйесін бекем ұстауда өз үлесін қосып келе жатқан және елімізде орын алған су апаты болған аймақтарға дер кезінде жәрдем көрсетуге аттанған азаматтарға алғысымды білдіремін. Елімізге амандық, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға татулық, бірлік, байлық тілеймін – деп, қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында өз қызметтік міндеттеріне адалдықпен қарап, кәсіби шеберлік көрсетіп жүрген бірқатар сала мамандарын аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады.
Мереке қарсаңында марапат биігінен көрінген озаттар қатарындағы Б.Құдайбердіұлы, С.Сейітбекұлы, А.Нұрахмедұлы, Ә.Әбділдаұлы, Қ.Тасболатұлы, Н.Қиясұлы, Р.Нұраханұлы, С.Әбдіқадірұлы, Ә.Нұрқалиұлы, А.Өмірбекұлы, Т.Қарабекұлы, Ж.Нысанбекұлы, Е.Оразалиұлына аудан әкімінің алғыс хаты табысталды. Сонымен қатар еліміздің су басқан аймақтарына көмек қолын созуға барған автокөлік жүргізушілері Қ.Бектұрғанұлы, Б.Іргебайұлы, Н.Әбжалиұлы, А.Ақылбекұлы, М.Мұхаметқалиұлы, М.Базарбекұлы, Ә.Әбдіразақұлы және Шиелі ауданының айнасына айналған «Өскен өңір» газетінің ақпараттық агентінің фототілшісі Б.Әбжанұлы мерекелік жиында алғыс хат алып, құрметке бөленді.
Салтанатты жиынға қатысқан Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил, Шиелі аудандық мәслихат төрағасы Айтбай Жандарбеков, Шиелі аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Қаблеш Бекішев, Шиелі аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Руслан Шарипаев айтулы мерекенің маңызына тоқталып, марапат иелерін құттықтады.
Ер – елінің қорғаны. Халқына шаттық күлкі мен тыныш өмір сыйлауда әскеріміздің атқарып жатқан қызметі зор. Кез келген елдің өрістеп дамуы, ондағы азаматтардың елге, Отанға деген шынайы отансүйгіштік және ұлтжандылық сезіміне тікелей байланысты. Еліміздің әрбір азаматы ұлты мен дініне қарамай татулықтың туын желбіретіп, ұланғайыр кең байтақ даламызды сақтап қалуда, туған жерімізді құрмет тұтып, өңіріміздің өркендеуі жолында аянбай еңбек етуі керек.
