Kyzylorda-news.kz Шиелі ауданындағы ең өзекті мәселенің бірі – электр жарығының жай-күйі. Өйткені жел үп етсе, жарық жылп етіп сөне қалады. Тіпті биылғы қыс электр желісін жаңалау керектігін нақтылай түскендей. Мұның салмағын аудан басшылары да жақсы түсініп отыр. Бірақ бұл мәселе бір жылда шешіле қоюы екіталай. ХХ ғасырдың 60-70 жылдары жүргізілген электр желілері мен бағаналарды жаңалауға қомақты қаржы керек-ақ.

Жалпы Шиелі ауданында ВЛ-35 кВ - 195,3 км, ВЛ-10 кВ - 434,4 км, ВЛ-0,4 кВ - 516,1 км барлығы 1145,8 км электр желілері бар. Оның 78 пайызының тозығы жеткен. Мұны сала мамандары растайды. Бүгінде электр желілерінің үзілуі, бағаналардың сынуы жиі орын алады. Әсіресе, күздегі жаңбыр, қыстағы қалың қар мен боран кезінде ауылдық округтер түгілі аудан орталығында жиі жарық өшіп, сабылып кететін кездер көп. 

Шиелі ауданының электр желілері мен бағаналарын ауыстырудың жобасы дайындалды. Жобаның жалпы құны миллиардтан асады. Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов облыс әкімі алдындағы есеп беру кездесуінде: 

– Шиелі кентіндегі жоба құны 808 млн теңге болатын электр желілерін қайта құрылымдаудың І кезеңіне 2023 жылы 100 млн теңге, биыл 619 млн теңге қаржы қаралып, тозығы жеткен трансформаторлар мен электр желілері ауыстырылуда. Жоба толық аяқталғанда аудан орталығын электрмен қамту желілерінің 42 пайызы жаңаратын болады. Сонымен қатар, жобалық құны 4,5 мрлд теңге болатын Шиелі кентіндегі қосалқы станциясын қайта жаңғырту жұмыстарына осы жылға Ұлттық қор есебінен 1,5 млрд теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде, – деді. Яғни, осы жобалар толығымен жүзеге асса аудан орталығындағы 38 мың тұрғын сапалы электр энергиясын тұтынатын болады. 

Тоқсан сайын ауыл халқымен жүздесетін аудан әкімі ең әуелі жарық мәселесіне жиі кезігеді. Сондықтан болар биыл әбден тозығы жетіп сын көтермей тұрған Бестам, Алмалы, Ш.Қодаманов ауылдарына бірінші кезекте қаржы бөлу мәселесін күн тәртібіне қойып отыр. Яғни, ауылдағы ағайын «Ауыл – ел бесігі» жобасының игілігін көрмек. Мәселен, аталған жоба аясында Бидайкөл, Жиделіарық, Ә.Тәжібаев ауылдарының сыртқы электрмен қамту желілерінің құрылысына республикалық бюджеттен 153 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар 9 елді мекеннің электрмен қамту желілерін жөндеуден өткізуге атап айтқанда Алмалы, Бестам, Ақмая, Байсын, Тұрсынбай датқа, Бәйгеқұм, Жөлек, Ш.Қодаманов, Ы.Жақаевқа демеушілермен ЖСҚ әзірленіп, сараптамадан өткен. Жалпы жоба құны – 3 млрд 477 мың теңгені құрап отыр. 

Ақпан айының орта тұсына қадам басқанда тағы да буырқасын боран ұрды. Желді күні жарық та жалт-жұлт етіп сөніп-жана қалады. Мұндай сәтте аудандық электр торабына тынымсыз қоңырау түседі. Бізде биылғы жылдың жоспарын білмекке аталған мекеменің басшысы Ғабит Қалқұловқа қоңыраулаттық. 

– Жылдық жоспарға сәйкес, биыл аудан орталығы мен елді мекендерге ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мәселен, 2024 жылға жоспарға сәйкес күрделі және ағымды жөндеу жұмыстарына 20 754 807 теңге бөлінген. 10 кВ әуе желісіне 1,86 шақырым, 0,4 кВ әуе желісіне 1,32 шақырым, 10/0,4 кВ 6 дана қосалқы станцияға, 1 дана 35/10 кВ қосалқы станцияға күрделі жөндеу жүргізіледі. Ал 10 кВ әуе желісіне 0,32 шақырым, 0,4 кВ әуе желісіне 0,69 шақырым, 6 дана 10/0,4 кВ қосалқы станцияға, 1 дана 35/10 кВ қосалқы станцияға ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Қазіргі таңда 2023 жыл тамыз айынан бастап «Шиелі аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» КММ-нің тапсырысы бойынша, Шиелі кентінде 808 960 092 теңгеге 10/0,4 кВ электр желілері мен электр қондырғыларын қайта құру жаңғырту жұмыстарының I-кезеңі іске асырылуда. Бас мердігер – «Энергомера» ЖШС, – деді мекеме басшысы. 

Аталған жоба бойынша желі ұзындығы 25,2 шақырым 10 кВ әуе желісі, 18,3 шақырым 0,4 кВ әуе желісі, 9 дана 10/0,4 кВ қосалқы станция қарастырылған. Ғ.Қалқұловтың сөзіне сүйенсек 2023 жылға бөлінген 100 000 000 теңге қаржыға 0,4 кВ әуе желісіне 494 дана бағана қойылған. Сондай-ақ 3,5 шақырым СИП-4 0,4 кВ әуе желісі тартылып, 10/0,4 кВ 1 дана қосалқы станция қойылған. Қалған жұмыстар 2024 жылдың наурыз айына жоспарланған. 

Айта кететіні, Шиелі аудан әкімінің есебінен елді мекендердің жарықтандырылуын қамтамасыз ету бойынша «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында қаржы қаралатынын білдік. Демек жұмыс жүйеленеді дегенді білдіреді. Біздің бір білетініміз, аудандық эклетр торабы мекемесінің қызметкерлерінің межелі жұмысы бар. Ол – аудан халқына электр жарығын жеткізіп беру. Себебі, кейбір елді мекендерде электр жарығына ұялы байланысты қуаттап алудың өзі мұң болып тұр. 

Жалпы бұл мекеменің толық межесі емес, бұдан да басқа атқарар жұмыс жетерлік. Ең бастысы, біз күткен ірі бастама ертерек басталып, аудан тұрғындарының игілігіне берілсе дейміз. Шиелі ауданының әкімі осы мәселенің ертерек шешімін табуын, республикалық қаржының тезірек ауданға келуіне жұмыс жасауға талап қойып отыр. Тұрғындар да берекелі бастаманың оң болуына тілекші. Қалғаны уақыттың еншісінде.

Тағы да оқыңыз: