Kyzylorda-news.kz Елімізде 21 мамыр мәдениет және өнер қызметкерлер күні аталып өткені айқын. «Арқалағаны алтын, жегені жантақ» деп кезінде Шерхан Мұртаза журналистер қауымының еңбекқорлығын ескерсе, бүгін біз осы сөзді мәдениет және өнер қызметкерлеріне қарата айтуды жөн көрдік. Дәл осы айтулы датаға орай, Шиелі ауданында «Мәдениетім – мәртебем» атты салтанатты шара мен мәдениет үйлері мен клуб кәсіпорындары басшылары арасында «Үздік аймақ – 2024» атты байқау өтті.

Әр халықтың рухани байлығы, тыныс-тіршілігі, салт-дәстүрлері мәдениет деген асыл ұғыммен ұштасып жатыр. Мерекеге Шиелі ауданында өткізілген қоғамдық-саяси, мәдени-рухани көпшілік шаралардың басы-қасында болып, ұлттық мәдени мұрамызды таныту жолында аянбай еңбек еткен осы саланың ардагерлері Қуатбай Нарқұлов, Төлепберген Рыскелдиев, Нағима Рысбек және Тұрмат Баймағамбетов, Нәйлә Палымбет және Болат Күлімбетов қатысты. Осылайша, дүйім жұртқа керемет көңіл-күй сыйлаған кеште пейілдері дариядай мәдениет саласы саңлақтары мен өнер қызметкерлері қызыл кілеммен жүріп өтті. Әрмен қарай қонақтар «Мәдениет саласы қызметкерлерінің бір күні» атты фотокөрмені тамашалады.

Шара барысында Шиелі ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Аруна Өркенқызы мәдениет және өнер саласының қызметкерлерін мерекемен құттықтап, ауданның мәдени және рухани әлеуетін арттыруға үлес қосып жүрген мәдениет қызметкерлерін марапаттады. Содан кейін салтанатты кеш байқаумен жалғасын тапты. Сайысқа «Жеті қазына», «Жаңа Қазақстан», «Мәдениет жауһарлары» мен «Үздік аймақ» тобы қатысып, бағын сынады. Олар бірінші кезеңде өздерін таныстырса, екінші кезеңде руханият жылының маңыздылығын насихаттау мақсатында мәдениет қызметкерінің бір күні арқылы тақырыпты аша білді.

Ал соңғы кезеңде әр аймақ өздері қалаған жанрда аспаптың барлық түрін пайдалана отырып өз өнерін көрсетті. Тартысты әрі қызықты өткен сайыстың нәтижесінде «Жаңа Қазақстан» тобы бас жүлдені жеңіп алды.

Тағы да оқыңыз: