Kyzylorda-news.kz Көңілін кір шалмаған, жүрегіне дақ түспеген, кіршіксіз таза кішкентайлардың күлкісі – кемел келешегіміздің кілті. Қауіптен қаперсіз, қайғысыз, қамсыз, құлдыраңдап өсіп жатқан балдырғандарға қарап қаншалықты ізгі қоғам құрғанымызды бағамдауға болады. Бұл ретте болашақ қамын әуелден басшылыққа алған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балаларға мемлекет қамқорлығы сезілетіндей жан-жақты жағдай жасауды көздейтін пәрменді бастамалар көтеріп келеді.
Өздеріңізге аян, Мемлекет басшысы 2022 жылға "Балалар жылы" деп айдар тақты. Осы жылдың аясында балаларды қорғау, олардың білімін арттыру және сауықтыру мақсатында түрлі жобалар да қолға алынды. Ендеше, балалардың тынығу лагерлерінің жай-күйін білу мақсатында қаламға салмақ салдық.
Жадыраған көк майсалы жаздың салтанат құрар кезі таяп қалды. Тиісінше жазғы демалысқа шыққан мектеп оқушылары үш ай демалысты мағыналы әрі мәнді етіп өткізуге тырысады. Бірінің аңсары ауылға ауса, енді бірі – қалаға қарай асығады. Ал кейбірі жазғы лагерге барғанды құп көреді.
Жазғы лагерь – тек демалыс орны ғана емес, тәрбие мен насихат құралы. Балаларды жан-жақты дамытып, зейіндерін ашып, еңбекке баулитын орта. Шиелі ауданына қарасты "Сыр ұланы" лагеріне жергілікті бюджеттен өткен жылы 15 341,0 мың теңге қаралған. Жазғы лагерь барысында балаларға медициналық қызмет көрсетуге, олардың сауықтырылуына барынша көңіл бөлінген-ді. Жасөспірімдердің денсаулығын қадағалау мақсатында демалыс базаларының әрқайсына арнайы тексеріс те жүргізілген. Оны білу үшін Шиелі аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Ш.Нұржановаға байланысқа шықтық.
– "Сыр ұланы" тынығу лагері және ауданымыздағы мектепішілік лагерлеріндегі балаларды демалдыру іс-шарасы маусымның 1-нен басталды. Шиелі ауданындағы мектепішілік тамақсыз лагерлерде өткен жылы 12 190 бала қамтылу жоспарланып, 15 күндік лагерде балалар демалды. «Сыр ұланы» лагерінде 553 бала демалдыру жоспарланып, 6 кезеңде 511 бала демалысын қызықты өткізген болатын. 7 кезеңде 70 бала демалса, оның 26-сы демеушілердің көмегімен уақыттарын тиімді пайдаланды, – дейді бас маман.
Лагердің салтанатты ашылуы ылғи халықаралық балаларды қорғау күнімен тұспа-тұс келетін. Қоян жылында да тура солай болды. "Сыр ұланы" 2000 жылдан бері бейімделген балабақша ғимаратының бір бөлігінде орналасып жұмыс істеуде. 100 орынға арналып 4 топ жабдықталған. Бізге жеткен мәлімет бойынша, 2023 жылы мамырдың 30 күні аудандық СЭББ, білім бөлімі және «Сыр ұланы» тынығу лагерімен 3 жақты келісім меморандумға отырған.
– Лагердің медициналық талаптарға сәйкес, жұмыс істеуіне арнайы «Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасы» ШЖҚ КМК мекемесінің 24.05.2023 жылғы №183 санды бұйрығына орай (балалар дәрігері, тіс дәрігері, аймақтық дәрігер) мамандары бекітіліп, іс-шаралар жоспары бойынша жұмыстар атқарылды. Аккредиттелген «ҰСО» ШЖҚ РМК Қызылорда облысы филиалымен 30.05.2023 жылы №35 санды келісім шарт арқылы тағам өнімдерінің қауіпсіздігін аспаптық және зертханалық зерттеулерді қоса алғанда, өндірістік бақылауға, 25.05.2023 жылғы №31 санды «Дезинфекция, дезинсекция және дератизация» жұмыстары бойынша келісім шарттар жасалынып, әр ауысым сайын жұмыстар жүргізілді. Аудандық көпбейін орталық ауруханасымен «Балаларды сауықтыру ұйымдарында балалардың демалысын, тамақтануын, медициналық көмек пен сауықтыру шараларын ұйымдастыру туралы» бірлескен бұйрығы бойынша 7 рет семинар өткізілді. Семинарға 164 мектепішілік лагерьлер қызметкерлері, лагерь аспаздары мен медицина қызметкерлері қатысты. Тиісінше, әр кезеңде өткізілген семинарлар фэйсбук әлеуметтік желісіне жарияланды. Өндірістік бақылаудың келісім шартына сәйкес, бактериологиялық зерттеуге 18 тағам үлгісі, 2 ауыз су, 120 шайынды, санитарлық-химиялық зерттеуге құнарлылыққа 30 тағам үлгісі, 2 ауыз су, 2 залалсыздандыру ерітіндісі зертханалық зерттеуге алынды, – дейді Ш.Нұржанова.
Шиелі аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары берген мәліметке қарап, балалардың тынығуы үшін тыңғылықты тексерістің болғанын бағамдауға болады. Бір ұққанымыз, жазғы тынығу лагерлері мектеп оқушыларын қуантуға қашан да даяр. Балалар демалысының дұрыс ұйымдастырылуы жайлы сөзімізді қорыта келгенде, біз көп нәрсені ұсақ-түйек деп елемейтін сияқтымыз. Ал тереңірек ойлап қарасақ, жазғы лагерлер – тек демалыс орны ғана емес, үлкен тәрбие мен шыңдалу орталығы. Себебі балалар онда жай демалып қана қоймай, әрі денсаулығын түзейді, қоршаған ортаны танып, еңбекке, достыққа бейімделеді.
