Дана  халқымызда тау көтерген толағайлар көп болған. Кешегі өткен батыр балуандардың барлығы алапат күш иелері болғаны сөзімізге дәлел. Мәселен, бір Қажымұқанның өзі жер-жерді аралап өнер көрсетіп жүрген кезінде пұт зіл батпанды бойынан асырып көтергендігі, қақаған қыста зорығып мертікке атын жалғыз өзі арбасына артып, сонау жердегі ауылына сүйреп келгені жайлы біз тарихтан жақсы білеміз. Міне, осындай толағайлардың ұрпақтары елімізде жалғасын тауып, халықаралық, әлемдік байрақты бәсекелерде жоғары көрсеткіш көрсетіп жүр. 

КІЛ МЫҚТЫЛАР АНЫҚТАЛДЫ

Ауыр атлетика – табандылық пен қажырлықты талап етеді. Ал қазір қазақ зілтеміршілері жарап тұр. Олар олимпиадада спорттың осы түрінен олжа салып, қоржын құр қайтқан емес. Бұл дегеніміз – елімізде ауыр атлетика мектебінің жүйелі жұмыстардың жасалып жатқанын білдіреді. Тіпті жас ауыр атлеттердің аренаға бейімделуге үйрететін турнирлер де өңірде жиі болып тұратыны рас. Сол айтулы шаралардың қатарына шежірелі өлкенің төрінде бастау алған ауыр атлетикадан 20 жасқа дейінгі жасөспірім ұл және қыздар арасында өткен тартысты бәсекені жатқызуымызға болады.

Турнирдің ашылу салтанатында сөз алған Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов, қатысушы жас зілтеміршілерге жетістікке жетуге деген талпынысты Ыбырай Жақаев атамыздан үйрену керектігін айтып, жас өрендерге сәттілік тіледі.

– Баршаңызды Екі мәрте Социалистік еңбек Ері Ыбырай Жақаев атындағы Республикалық турнирдің ашылу салтанатымен құттықтаймын. Шиелі ауданында бұқаралық спортты дамыту мақсатында, түрлі мәдени және спорттық іс-шаралар жоспары жасалып, талаптарға сай аталып өтілуде. Міне, осындай жоспарға негізделген іс-шаралардың бірі жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан Екі мәрте Социалистік еңбек Ері Ыбырай Жақаев атындағы республикалық турнир. Тағы бір айта кетерлігі, ауданда спортқа, оның ішінде ауыр атлетикаға ерекше көңіл бөлінуінің нәтижесінде шиелілік ауыр атлетшілер Асылжан Бектай, Айзада Мүптілда, Айсамал Сансызбаева секілді батыр ұл-қыздарымыз әлем, Азия біріншіліктерінде топ жарып, әлемдік аренада қазақ елінің абыройын асқақтатып келеді, – деді ол. 

Сонымен қатар ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Құрмет», «Парасат» орден иегері, Қызылорда облысының құрметті азаматы Вилорий Пак та ауыр атлеттерге ақ жол тілеп, жылы лебізін білдірді. Аталған республикалық турнирге қырғыз елінің сенімін арқалай келген спортшылар мен еліміздің 8 облысынан 100-ге жуық жас зіл теміршілері қатысты. Бел мен білектің, ерлік пен ептіліктің, намыс пен жігердің сынға түскен толағайлар арасындағы жарыс өте қызықты һәм тартысты болды. 

ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНДА КӨРІНГЕН СПОРТШЫЛАР

Қамбар Тоқсанбаев, Қызылорда қаласы:

– Айтулы жарыста жеңіске жету оңай болмады. Қарсыластарымның барлығы да жақсы даярлықпен келген. Десек те, мен барымды салып, көздеген мақсатыма қол жеткіздім. Қызылорда қаласының атынан сынға түсіп серпе көтеруден 140, жұлқа көтеруден 115 келіні көтеріп, қос шарт бойынша 255 келі зілтемірді бағындырдым. Осылайша, бұл турнирде 67 кг салмақ бойынша І орынға ие болдым. Бұл менің ғана жеңісім емес, мені дайындаған жаттықтырушыларымның арқасы деп білемін. 

Нурчолпон Нурланбек уулу, Қырғызстан Республикасы: 

– Бесінші рет өткізілген республикалық турнирге қатты дайындалдым. Дайындық барысында жаттығуларды қайталай бердім. Сайыста 73 кг салмақ бойынша сынға түсіп, жүлделі орынға ие болдым. Спортшы ретінде түсінгенім, адам баласы өзі айналысатын іске, жұмысына өте салмақты, жауапкершілікпен қарауы керек. 

Сандуғаш Хауметова, Шиелі ауданы:

– Қыз баласы үшін ауыр атлетика оңай спорт түрі емес. Алғашқыда ата-анам қатты қарсы болды. Десе де, зілтемірді көтеру мен үшін қиын тиген жоқ. Оның әдіс-тәсілдерінтолық меңгеріп үйреніп жүрмін. Осы орайда бапкерлерімнің көмегі көп тиді. Қазіргі таңда Жалаңтөс Баһадүр атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернатында білім аламын. Ал бүгінде ата-анам менің әрбір жарысыма көз тігіп, елеңдеп отырады. Сайыс алдында маған қолдау білдіріп, ерекше жігер сыйлайды. 

Жамиля Жеңшибеккызы, Қырғызстан Республикасы: 

– Мен Қазақстанға жарысқа бірнеше рет келдім. Көкшетауға, Шымкентке және Алматыға, Қызылордаға көп барғанмын. Маған Қазақстан қатты ұнайды. Ал Шиеліге биыл алғаш рет келуім. Жалпы Қырғызстаннан 25 спортшы болып келдік. Аудан халқы өте қонақжай әрі мінездері де жылы жүзді, мейірімді. Біз қырғыздар қазақ тілін ерекше  құрметтейміз. Өте бай, шұрайлы, жұмсақ, нәзік тіл. Осылай құрметтеп сайысқа шақырған ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Осындай игі шаралар жалғасын таба берсін. 

Тағы да оқыңыз: