Kyzylorda-news.kz Апта басында Шиелі ауданының әкімі Н.Сәбитұлы мен ауыл әкімдерінің есеп беру жиыны Керделі, Жуантөбе, Бестам, Телікөл, Ақтоған елді мекендерінде жалғасын тапты. Есепті кездесуге Шиелі аудандық мәслихат төрағасы, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім, дербес мекеме басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты. Сондай-ақ, кездесуде Шиелі ауданының прокуроры Н.Қаратаев жасөспірімдердің қауіпсіздігі, алаяқтық қылмыстардан сақтану тақырыптарына арнайы баяндама жасады.

Керделіге әкімдік ғимараты қашан бұйырады?

Жиынның алғашқы отырысы Керделі ауылдық округінде басталды. Ауылдық мәдениет үйінде өткізілген есеп беру кездесуге жиналған халықтың қарасы қалың. Мемлекет басшысы Қасым-Жомар Тоқаевтың «Жергілікті билік – халыққа барынша жақын болу керек» деген пәрменін орындаған әкімдік қызметкерлері, бүгінде есеп берудің жаңа форматын қалыптастырып, әдеттегі кездесулерден бөлек ашық түрде өткізуде. 

Керделіде өткен жиында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша бір реттік көмек мәселесі көтерілді. Осыған байланысты аудан әкімдігінің тиісті бөлім басшысы 2017 жылдан бастап бұл бір реттік көмек тоқтап тұрғанын және берілетін көмек жергілікті бюджеттің шама шарқына қарай шешілетін айтты. Ал Шиелі ауданы әкімі Н.Сәбитұлы биыл 2017-2018 жылдарға арналған төлем мәселесін мүмкіндігінше шешуге күш салатынын жеткізді. Тұрғындар тарапынан көтерілген ұсыныстар қатарында Әуезов көшесі де бар. Олар тар және көлік техникалары көп жүретін көше бойына жаяу жүргінші жолы салынса мектеп оқушылары үшін қауіпсіз болатынын айтып, назарға алуын сұрады.

Жиын барысында Керделі ауыл әкімдігі клуб үйінде қызмет етіп отырғаны сөз болды. «Ауыл әкімдігіне дербес жаңа ғимарат соғылса және мектепке көгілдір отын кіргізілсе» дейді ауыл тұрғындары. Бұдан бөлек аудан әкімі Н.Сәбитұлы Керделі ауыл әкіміне атқарып жатқан жұмыстарды күшейту керегін ескертіп, аталған мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына тапсырмалар берді.

3 жылда 3 инспектор ауысқан

Әрі қарай халықпен жүздесу Алғабас пен Бестам ауылдық округтерінде жалғасын тапты. Жиында алғабастықтар Батыс Қытай жолының бойына күріш егіп жатқан шарулардың жұмысын сынға алып, шағымдарын айтты. «Ауыл тұрғындары қолданатын жайылымдық жер еді. Қазір күріш егуде. Шеткі үйлермен арасы 30-ақ метр. Ыза суы шығып, малымыз есік алдынан әріге аса алмай қалды» десе егін егіп отырғандар «қайта бұл егіндік ауыл малдарының жайылымдығына қолайлы, қыс бойы ауыл малы осы егіндікте жатты» дейді. Сонымен қатар ауылда жеке кәсіпкер салған емханада жылу жүйесінің дұрыс емес екендігін тілге тиек етіп, ішіне әжетхана орнатылған талапқа сай жаңа емхана салып беру мәселесін көтерді. 

Ал Бестам ауылының тұрғыны, көпбалалы ана А.Мәзенова «Ауыл әкімін халық болып сайлағалы, ауылымызға табиғи газ келіп, енді емхана салынғалы жатыр. Осы секілді маңызды жұмыстарды атқарып келе жатқан аудан әкімі Н.Ахатов пен ауыл әкіміне алғысымды білдіремін» деді.

Жалпы Бестам ауылының бүгінгі тыныс-тіршілігінде өркениетке деген ұмтылысы мен алға деген қадам бар екендігі көрініп тұр. Оны ауыл әкімінің халыққа берген есебі мен тұрғындардың пікірінен де байқадық. Дегенмен, осы ауылда учаскелік полиция тұрақтамай тұр. Соңғы 3 жылда 3 инспектор полициясы келіп-кеткенін, қазір ауылда учаскелік полиция немесе сарбаз жоқ екенін айтқан тұрғындарға аудан әкімі осы ауылдан шыққан полиция қызметкерін жұмысқа тарту керегін айтты.

Телікөлге спорт кешені керек

Келесі бағыт Телікөл ауылдық округі.Бұл ауылда да осы жылдың І жартыжылдығындағы атқарылған жұмыстар легі мен алға қойған мақсат міндеттері айтылды. Аудан әкімі өңірдегі  оң өзгерістер мен жүзеге асып жатқан жұмыстарға тоқталып, ауылдың жағдайы мен халықтың әл-ауқатын көтеру мәселесі үнемі басты назарда екенін атап өтті. Одан соң ауыл тұрғындарымен сұрақ-жауап алмасуға кезек берді. Ауыл тұрғындары көтерген мәселелер өзекті һәм халық үшін аса қажет екенін аңғардық. Балаларға спорт түрлерімен шынығатын арнайы спорт кешенін соғу және ауылдағы 8 көшенің тек 4 көшесі асфальтталғанын айтып, қалған көшелерге де асфальт төселсе деген талап-тілектерін білдірді. Ауыл тұрғындарының сөзіне сенсекжергілікті полиция бірнеше ауылда қызмет атқарып, керек сәтінде таба алмай қалатын сәттер болатынын жасырмады. «Өзіміздің ауылдан шыққан бала, ауданнан арнайы сұрап алғанбыз. Басқа ауылдарды қойып, ауылда отырса дұрыс болар еді. Қазіргі уақытта Алғабас, Бестам, Телікөл ауылдарында жұмыс жасап жүр» деп мәселе көтерді. Бұл көтерілген ұсыныстар бойынша тиісті мамандар кадр тапшы екенін айтып, амалсыздан қосымша ауылдарды бекітіп отырғанын жеткізді.

Сонымен қатар ауыл тұрғындары арасында алаяқтың арбауына түсіп қалғандар бар. Халықпен кездесу жиынын күткен Баян есімді ауыл тұрғыны мен зейнеткер қыруар қаржысынан айырылып отырғандарын айтты. «Динара Ибраева деген алаяқтықпен айналысқан әйел адам 1 млн 950 мың теңгемді алғаны туралы арыз жазған болатынмын. Ержан Бекентаев деген сот орындаушысына өтіп, шешім шықты. Бірақ әлі күнге дейін ешқандай шара болмай тұр» деп, осы істі тиісті мамандар қолға алуларын, бей-жай қарамауын сұрады.

Жайылымдық жер жетпейді

Сәрсенбі күнге жоспарланған жиындар Ақтоған ауылында қорытындыланды. Кездесуде аудан әкімі Шиелі ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы қысқаша баяндап, жоспарланған және атқарылған жұмыстар жайын түсіндірді. Өткен кездесулерде көтерілген мәселелердің оң шешімін тауып, іске асып жатқан жұмыстарға ауыл тұрғындары ризашылықтарын айтты.

Ал жиында тұрғындар тарапынан көтерілген негізгі мәселе жайылымдық жердің тапшы екені сөз болды. Бірақ осы кездесу барысында  аталған мәселе тұрғындар мен шаруашылық иелері арасында ауызша келісім негізінде шешілмек. Кездесу соңында ауыл ақсақалы батасын беріп, елдің дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға толағай табыс тіледі.

ТАЛАПТАНДЫҚТАРДЫҢ ТАЛАБЫ ҚАНДАЙ?

Шиелі ауданы әкімінің ауыл халқымен кезекті есептік кездесуі бейсенбі күні Талаптан ауылдық округінен басталды. Мұнда көтерілген алғашқы мәселе – аумақты жайлаған кенелерге қатысты болды. Зиянкестер санының биыл күрт өсуі тұрғындарға біраз қиындық тудыруда. 

Сонымен қатар ауылдың шеткі көшелеріне тас төсеу, тозығы жеткен трансформаторларды ауыстыру, аудан орталығына қатынайтын қоғамдық көлік қозғалысын қайта жандандыру мәселелері сөз етілді. Аудан әкімі аталған тақырыптар бойынша тиісті жұмыстар атқарылатынын мәлімдеді. Жергілікті жүк көліктерінен ұсталатын жолақы мөлшерін азайту мәселесіне жауапты бөлім басшысы Ғабит Аманжолов ауылға қатынайтын бағыттың "әлеуметтік бағыт" деп танылып, тасымалдаушының жол шығынын өтеуге субсидия қарастырылғанын, дегенмен, ниет білдіруші кәсіпкерлер табылмай жатқанын айтты.

Жыл басында пайдалануға берілген амбулаторияға дәріхана салу ісі тұрғындардың келесі тілегі болды. Бұдан бөлек кәмелетке толмағандардың көлік тізгінінде отыратыны белгілі болып, ата-аналар тарапынан оларға ескерту жариялау ұсынылды. Тұрғындардың талап-тілегі толық тыңдалды. Ауыл халқы аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беріп, ақсақалдар ақ батасын жолдады. 

БӘЙГЕҚҰМДАҒЫ БАСТЫ МӘСЕЛЕЛЕР

Бұдан кейін аудан әкімі Бәйгеқұм ауылдық округі тұрғындарымен жүздесті. Бәйгеқұмда Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолы бойына түнгі жарықшамдарын орнату және ауыл ішіндегі жарықшамдар мен электр бағаналарын қалпына келтіру мәселелері көтерілді. Сондай-ақ ауыл балаларына жайлы жағдай жасау үшін оларға ойын алаңдарын салу, ауылдағы дәрігерлік амбулаторияға жаңадан жедел жәрдем көлігін алу тақырыптары қозғалды. Аудан әкімінің сөзінше, биыл бұл мәселе төңірегінде аймақ басшысының бастамасымен жедел жәрдем көліктерін аудандарға лизинг бойынша алып беру көзделіп отыр.   

Тұрғындар салыққа тіркелу, белгіленген жердің нысаналы мақсатын кәсіпкерлік бағытқа өзгерту керегін жеткізді. Аудан әкімі бастаған жұмысшы топ ауыл халқының қажеттіліктеріне құлақ түріп, ұсыныстардың қараусыз қалмайтынын атап өтті.

Жиында атқарылған жұмыстармен қатар бала тәрбиесі мәселесінің өзектілігі, әрбір тұрғынның олардың амандығына жауапты екені айтылды. Сондай-ақ, кездесуде аудан прокуроры Нұрбек Қаратаев жасөспірімдердің қауіпсіздігі, алаяқтық қылмыстардан сақтану тақырыптарында арнайы баяндама жасады.

Балабақша бой көтереді

Келесі халықпен кездесу Жөлек ауылында жалғасты. Аудан әкімі Н.Сәбитұлы ауданда болып жатқан оң өзгерістер мен жаңадан бой көтеріп жатқан нысандарға тоқталды. Ауыл тұрғындары тарапынан осыған дейін айтылған балабақша ғимаратын салу мәселесін көтерді. Аталған сұраққа қатысты аудан әкімі «аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкер Қанат Сәулебековпен арнайы келісім бар екендігін, кәсіпкер балабақша ғимаратын салып берітінін және әкімдік ғимаратын сатып алатындығын атап өтті. Бұл арқылы уақыт та мемлекет қаржысы да үнемделетін болады. Сондықтан алдағы уақытта демеушілер есебінен салынатын жұмыстарды күшейтудеміз» дейді.

Сонымен қатар жөлектіктер халық тұтынатын ауызсу таза болмай тұрғанын және ауылға спорт кешені қажет екенін айтуда. «Ауылымызда спортқа қызығушылық танытқан жастар бар. Сол азаматтарды қолдау мақсатында жаңадан спорт мектебін салса, үлкен жарыстарға шығуға мүмкіндік алар еді» дейді ауыл ардагері.

Келелі кездесуге арнайы қатысқан аудан прокуроры Н.Қаратаев жиналған жұртшылыққа жасөспірімдердің қауіпсіздігі туралы, түңгі мезгілдерде жүрмеуін қатаң түрде бақылауда ұстауын айтып ескертті. Бүгінде өзекті болып отырған алаятық қылмыстардан сақтану тақырыптарында баяндама жасады.

Ортақшылға табиғи газ кіреді

Одан әрі аудан әкімі Н.Ахатов Ортақшылға табан тіреді. Ауыл мектебінің мәжіліс залына жиналғандардың жүздерінде қуаныш бар. Неге дейсіз ғой? Себебі, ортақшылдықтар үшін биыл ең қуантардық жағдай ауылға табиғи газ жүйесі жүргізілмек. Бұл туралы аудан әкімі баяндамасында атап өтті. Сонымен аталған ауыл газға қосылғаннан кейін Шиелі ауданының газбен қамтылу деңгейі 80 пайызды құрайды.

Кездесуге жиналған тұрғындар да талап-тілектерін айтып, ұсыныстарын жеткізді. Ортақшыл мен Жансейіт елді-мекендерін жалғайтын автожолдың соңғы жылдары әбден тозығы жеткендігін айтып, қайта жөндеу жұмыстары жүргізілсе дейді. Бұл мәселе бойынша тиісті мамандар алажаздай жолдың екі жиегінде ыза су көтеріліп тұратындықтан, жол бір жылға жетер жетпес қайта бастапқы күйіне түсетіндігін, алдымен тас төсеу арқылы жолды биіктетіп, асфальт жабындысы төселетінін айтты. Аталған жоба көп қаржыны қажет ететіндіктен бұл жолдар тиісті министрлікке ұсынылып, зерделеу жұмыстары жүргізілетінін түсіндірді.

Жиын соңында ауыл тұрғындары аталған жұмыстардың оң нәтижемен аяқталуын және бастамаларға қолдау көрсететінін атап өтті. Бұл ауылдың негізгі кәсібі мал шаруашылығы болғандықтан, кездесуге келген ардагерлер қауымы мал дәрігерлеріне алғысын жолдады.

Тағы да оқыңыз: