Kyzylorda-news.kz Сүйіншілейтін жаңалық, Шиелі ауданында кәсіпкерлік саласы күннен күнге ұлғайып, даму көрсеткіші еселеніп келеді. Соңғы уақытта тұрғындар жеке бизнес ашып, өз кәсібін өрлетуге жан-жақты күш салуда. Бұл бағыттағы шағын және орта кәсіпкерлік саласының даму барысы мен алдағы міндеттері туралы Шиелі аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп бөліміне байланысқа шығып, қажетті мағлұматтарды алдық.

Шиелі аудандық кәсіпкерлік бөлімі берген мәліметтерге сүйенсек, 2023 жылдың 1 қыркүйекте тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 7 340 бірлікті құрапты. Ашып айтқанда, оның ішінде 563 заңды тұлға болса, 4697 жеке кәсіпкер, 2042 шаруа қожалығы болып табылады. Жұмыс жасап тұрған шағын орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 7040 бірлікті құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 129,6 пайызды құрады. Белсенділік көрсеткіші 132,6 процентке жеткені тағы бар. Бұл шежірелі өлке үшін қуанарлық көрсеткіш десек те болады. 

Шағын және орта кәсіпкерлікте өсім бар ма?

Иә, жоғарыдағы көрсеткіш бойынша өткен жылы Шиелі ауданының бюджеті айтарлықтай толықты деуге негіз бар. Аудандағы табыскер жандардың еңбекқорлығының арқасында шағын кәсіпкерлік субъектілерінің өнім шығарылымы 50 миллард 350 миллион теңгені құраса, жұмыспен қамтылғандар жандардың саны да өскен. «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы – бұл бұрын беймәлім болып келген бизнес әлемінің қыр-сырын толыққанды меңгертуге септігін тигізетін бағдарлама. Жұмыс істеймін деп талпынған жандарға кәсіптің аз емес екені белгілі. Әсіресе, табиғаты тамылжыған Шиелі ауданында ауыл шаруашылығы саласында мүмкіндік аз емес. Ата кәсіп мал бағып, алтын дән тербетуге әбден болады. Халыққа қызмет көрсету саласында да сұраныс жетіп артылады. Осы ретте, мемлекет тарапынан зор көмек көрсетіліп отырғанын айта өткен жөн. Шиелі ауданында аталған бағдарлама аясында өткен жылы 247 жобаға 3 миллард 739 миллион теңге қаржы қаралған.

Тарқатып айтар болсақ, «Ұлттық жоба аясында» бизнесті дамыту және қолдау мемлекеттік бағдарламасы аясында субсидиялау бағыты бойынша – 55 жобаға 1 млрд 981 млн теңге көлемінде несие қаражат бөлінген. Ал  «Наурыз-Дем» НС» ЖШС арқылы 22 жоба – 661 млн теңге, Қызылорда Өңірлік инвестиция орталығы арқылы 42 жоба – 243 млн теңге, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 33 жоба – 649 млн теңге, «Ұлттық жоба» аясында грант қаражаты – 74 жоба 102 млн теңге, Жастарға 2,5 пайызбен шағын несие қаражатын беруге – 21 жоба 93,5 млн теңге, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауданнан 479 жоба қаралып, оның 409 жобасы бақылау кеңесіне дайын, құны 1 млрд 687 млн теңге, сонымен бірге 9 жобаға 69,7 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау алыпты.

Сауда-саттықтың жайы қалай?

Өткен жылы Шиелі ауданында бөлшек сауда көлемі 7 млрд 097 млн теңге өсіп, 2022 жылмен салыстырғанда 105,5 пайызды құрап отыр. Ауданда сауда-саттық және туризм саласы бойынша жобалық құны – 2 млрд теңгені құрайтын 10 жобаның құрылыс жұмыстары бастау алған. Аталған 10 жобаның құрылысын тарқатып айтар болсақ, «Әбдіманап базары» ЖШС-ның сауда дүкенінің құрылысына жалпы құны – 70 млн теңге бөлініп, алдағы уақытта 10 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Дәл осындай сауда «Ерас» ЖК-ның көлік жуу орталығына құны – 70 млн теңге, «Асия» ЖК-ның көлік жуу орталығына құны – 50 млн теңге, Жантаев Нұржан сауда орталығына құны – 200 млн теңге қаржы бөлінген. Ал, «Болашақ  комфорт» ЖШС-ның «Тұран» қонақ үйінің қосымша құрылысына – 50 млн теңге, «Мирас» ЖК-нің жол бойы сервистік қызмет көрсету кешеніне құны – 400 млн теңге, «Даму» ЖК-нің бизнес орталығына құны – 150 млн теңге, «Керимова» ЖК-нің «Мята» тамақтану орнына құны – 110 млн теңге, «Халықберді» ЖШС-ның «Халықберді» клиникасының құрылысына құны – 200 млн теңге, «Әбдіманап базары» ЖШС-ның 3 қабатты сауда үйінің құрылысына жалпы құны – 700 млн теңге қаржы бөлінген. Осы аталған жобалар іске қосылғанда жағдайда жаңадан 270 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Осындай мемлекеттік бағдарламалар талабы бар жанның табысын еселеп, өз кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан ел ішіндегі жұмыссыздықтың азаюына септігін тигізбек. Алдағы уақытта да ілкімді іске ұйытқы болатын шаруалар өз кезегімен жалғаса бермек.

Тағы да оқыңыз: