Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әр тоқсан сайын «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығы естеріңізде болар. Яғни, халық үнін еститін Үкімет тұжырымдамасының бір парасы десек те болады. Сол Жарлыққа сәйкес, 20 мамыр күні Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов пен ауылдық округ әкімдерінің 2024 жылдың І жарты жылдығындағы халықпен кездесуі бастау алды.

Күн тәртібіне сәйкес, Шиелі ауданы әкімі Нұржан Сәбитұлы бастаған жұмысшы топ таңсәріде Ақмая ауылына табан тіреп, тұрғындармен кездесу өткізді. Келелі кездесуде аудан әкімі «аудан бойынша өнеркәсіп өнімін өндіру 157,9, өңдеу өнеркәсібі 240,0, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 100,9, инвестициялар тарту 127,3, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 105,7, құрылыс жұмыстарының көлемі 151, 1 және бөлшек сауда көлемі 103,2 пайызға артты. 2024 жылдың басына аудан бюджеті 15,8 млрд теңгемен бекітілді. Өткен жылы 10,7 млрд теңгемен бекітіліп, жыл соңына дейін 15,6 млрд теңгемен аяқтаған болатынбыз» деп атқарылған жұмыстардың жай-жапсарын баяндады. Ауыл тұрғындары да басшылық құрамға ұсыныс-пікірлерін жолдады. 

Бүгінде Ақмая ауылы күн санап өркен жайып, қарқынды даму үстінде. Мәселен, «Ақмая» шаруа қожалығының демеушілігімен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» бойындағы үлкен аркаға жарық бағаналарын қоюға 600 мың теңге қаржы бөлініп, жарықтандырылған. Жыл басынан бері ел игілігі үшін 5 аялдама салынып, шаруа қожалықтарының демеушілігімен ауылдың кіреберісіне екіжақты бейнебақылау камерасы орнатылған. Көгалдандыру жұмысын басты назарда ұстаған ауыл әкімі Бағлан Сағындықов: 

– Ауыл әкімдігінің ұйымдастыруымен көгалдандыру, көркейту, абаттандыру жұмыстары үздіксіз атқарылып келеді. Демеушілер тарапынан ауылдың кіреберісіне 450 түп павлония талы егіліп, осы көшеттерді тамшылатып суаруға жергілікті бюджеттен 625 мың теңге бөлінді. Қазіргі таңда суару жұмыстары жасалуда. Ауыл сыртынан қатты қалдықтарды тастайтын арнайы 2 га жер әзірленіп, толық қораланды. Сонымен қатар, Ақмая ауылдық округінен сайланған аудандық мәслихат депутаты, «Шиелі-Сұңқар» филиалының директоры Дәурен Досмағамбетовтың демеушілігімен 1800 метр аяқсу арықтары жаңадан қазылып, тұрғындар есік алдындағы егістік жерлеріне пайдалануда, – дейді. 

Кездесу барысында жиынға қатысушы тұрғындар көкейдегі сауалдарын жолдап, мардымды жауаптар алды. Ал ауыл ақсақалы Камал Әуезов жер астынан шығатын ыза су мәселесін көтеріп, шешімін табуды сұрады. Бұл мәселе бойынша Шиелі Сушар өндірістік учаскесінің басшысы Диқан Әубәкіров бөлінген тиісті қаражат республикада орын алған төтенше жағдайға байланысты жыл соңына қалдырылғанын түсіндірді. Жиын соңында Ақмая ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжетай Палмағамбетов алдағы атқарар жұмыстарға сәттілік тілеп, батасын беріп, жиынды қорытындылады.

ТҰРАНДАҒЫ ТӘРБИЕ КҮШЕЙТІЛСЕ

Соңғы жылдары әкім есебінің бітімі бұрынғыдан өзгерек. Халыққа жаңа талапқа сай, слайд арқылы атқарылған жұмыстың нақты дерегін көрсетіп, халықпен етене жақын жұмыстар атқарып жүр. Нәтижесінде халықтың мұң-мұқтажы тыңдалып, тұрғындардың сұранысы ескеріліп, көтерілген мәселелер көп ұзамай өз шешімін табуда. Осындай кездесу Тұран ауылдық огругінде жалғасын тапты. Кездесу барысында аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы аудан көлемінде атқарылып келе жатқан жұмыстарды және алдағы жоспарларын жеткізді. Содан кейін ауыл әкімі Болат Баймағанбет І жартыжылдық бойынша халыққа есеп берді. 

– Елді мекен тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 5 дана автобус аялдамасын орнатуға аудандық бюджеттен 6 млн 253 мың теңге қаржы бөлініп, биыл қолданысқа берілетін болады. Сонымен қатар ауыл тұрғындарының өтінішіне сәйкес пада орнын ауыстыру үшін «Найман» арыққа мал өткелін орналастырып, жуық арада қолданысқа беретін боламыз, – деді ауыл әкімі. 

Жиын барысында аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы ауылдағы жетістіктермен қатар кемшіліктерге де тоқталып, әсіресе білім саласындағы олқылықтарды атап өтті. Кездесуге облыстық білім басқармасының орынбасары, облыстық ішкі істер департаментінің құқық қорғау өкілдері қатысып, ұстаздар мен ата-аналардың бала тәрбиесіне аса мән беру керектігін сөз етті. Мектеп оқушыларының бір-біріне әлімжеттік көрсетіп, келеңсіз жағдайдың орын алуына байланысты құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар ұйымдастыруды тапсырды. 

ЖАҢА ЖЕДЕЛ-ЖӘРДЕМ КӨЛІГІН БЕРДІ

Жұмысшы топ құрамның келесі бағыты Еңбекші ауылына аялдады. Алдымен жоспарға сәйкес ауыл әкімі Бағдат Серікбайұлы атқарылған жұмыстар бойынша баяндама оқып, халық көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді. Осыған дейінгі халықпен кездесуде табиғи газ, жол мәселесі айтылып, бүгінде оң нәтижесін беріп, халық «көгілдір отынның» игілігін көруде. Ұсынылған жұмыстардың нәтижелі түрде жүзеге асқанын көрген ауыл тұрғындары ризашылығын жеткізді. 

Еңбекші ауылының негізгі кәсібі мал шаруашылығы болып саналады. Ауыл кәсіпкерлері мемлекеттік жобалар аясында қолдауларға ие болып, мал санын арттырып оны асылдандыру бағытында толайым табыстарға жетіп отыр. 

Бұл елді мекеннің тұрғындары Төрениязов көшесінде жарық шамдарының жоқтығын айтып, кешкі уақыттарда оқушылардың сабақтан қайтуы қиындайтынын сөз етті. Сондай-ақ ауылдағы су қоймасында бірнеше жылдан бері қарауыл жоқ екенін ескеруін өтінді. Себебі адам тұтынатын ауызсу жағдайы үнемі бақылауда болып, қадағалануы тиіс екенін айтты.

Көктем шыға ауыл халқы өзін-өзі азықтүлікпен қамтамасыз ету мақсатында егін егуді қолға алатыны белгілі. Дегенмен, шаруалар аяқсу мәселесіне тап болып, қиындықтарға ұшырайтыны жасырын емес. Жиын барысында тұрғындар аяқсу келіп тұрғанын, бірақ канал басына шлюз орнатуын сұрады. 

Жиын соңында Еңбекші ауылдық емханасына аудан әкімінің тікелей қолдауымен және «Шиелі Гежуба Цемент» зауытының демеушілігімен Еңбекші ауылдық емханасына Hyundai маркалы жедел-жәрдем көлігі табысталды. Осынау керемет сәтке куә болған ауыл халқы алғысын айтып, жылы лебіздерін білдірді. 

ЖИДЕЛІДЕ ЖОЛ МӘСЕЛЕСІ КӨТЕРІЛДІ

Еңбекшіні артқа тастап ендігі бағытты Жиделіарық ауылдық округіне бұрдық. Ауыл әкімі Ерлан Шазатұлы І тоқсанда атқарылған жұмыстарды баяндап, халыққа алдағы жоспарымен бөлісті. Әкім есебін тыңдаған ауыл тұрғындары шешімін таппай тұрған мәселелерді тілге тиек етті. Мәселен, «екінші кварталда жаңадан ашылған көше бар. Онда әзірге 4 үй түсті. Осы көшеге жарық орнатып, асфальт төсеп берсе» деген өтінішін білдірді. Оған: «Жиделіарықта 9 көшенің 7-еуі асфальтталғанын, алдағы уақытта бұл мәселе де қолға алынатынын» айтты аудан әкімі. 

Күн тәртібінен түспей тұрған тағы бір мәселе егістік алқапқа апарар көпірдің апаттық жағдайда тұрғаны. Көктем шыға кетпенін иығына асынып, қыстың қамына кірісетін жиделіліктер егіс даласына үлкен үреймен барады. Себебі көпірдің екі бетон плитасы мен тіреуіші құлап түскен. Жүк көліктері мен ауыр салмақты көтере алмайтынын айтады. Егінмен ертеңгі күннің нәпақасын айырып отырған халық үшін ең алдымен осы мәселе шешім тапқаны маңызды. Мәселенің мән-жайын тыңдаған аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы аталған көпірден ауылдағы «Халық» және ірілі-ұсақты шаруа қожалықтың жүк көліктері өтетінін ескеріп, шаруа қожалықтарға бірлесіп осы мәселені күн құрғатпай шешуді ұсынды. 

Сонымен қатар әлеуметтік желіде онлайн алаяқтардың көбеюін сөз еткен аудан прокуроры Нұрбек Келісімұлы ауыл тұрғындарына сақтық шараларын түсіндірді. Алаяқтардың арбауына түсіп, қарызға батқан тұрғындарды мысалға келтіріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. 

ҚАРҒАЛЫДА АУЫЗСУ САҒАТПЕН БЕРІЛЕДІ

Дүйсенбі күннің қорытынды есебі Қарғалы ауылдық округінде жалғасты. Ауыл әкімі Қайрат Қапанұлы қарсы алған ауылда жаңа амбулатория халық игілігіне берілген. Сондай-ақ 1974 жылы құрылған ауылдық округтің биыл 50 жылдық мерейтойы. Дегенмен, ауылдың ақсақалдары айтулы мерекенің ескерусіз қалғанына ренжулі. Аталған ауылдағы басты мәселе – ауызсу. Себебі мұнда ауызсу сағатпен беріледі. Тұрғындардың тілегі Айтуғанов көшесінде ауызсу мәселесі шешімін тапса дегенге ұласты. 

Ал шаруа қожалық иелері өткен жылы мия тамырын іздегендер жердің бәрін қазып тастағанын айтып, биыл да бұл істің қайталанбауын сұрады. Бұл мәселеге тосқауыл қойылмаса егістік жерлердің тоз-тозы шығар түрі бар. Ауыл тұрғындары көтерген мәселені түртіп алған аудан әкімі кіреберіс көшенің бойына жарық шамдар орналастыру жұмысын да қолға алуды тапсырды. Жиын соңында аудан прокуроры Нұрбек Келісімұлы барлық 5 ауылдық округ тұрғындарына алаяқтардан сақ болуға үндеу жасады. 

 

М.ИБРАГИМОВ

Тағы да оқыңыз: